Сұрақ: Намаз оқитын адамның саудамен айналысуы дұрыс па?
Жауап: Дін Исламда сауда – сүннет. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) пайғамбарлық келмей тұрған уақытта саудамен айналысқан. Ол кісі саудада әділ әрі сенімді еді. Тіпті, кейбір тарихшылардың айтуынша, хазіреті Қадиша анамыздың Мұхаммедке (с.ғ.с.) тұрмысқа шығу себебінің бірі – оның өмірде және саудада сенімді болуы. Пайғамбар (с.ғ.с.) сауда-саттықты жақсы білетін және оны қош көрген.
Мысалы, бір күні Алланың Елшісі (с.ғ.с.) куфалық сахаба Уруа әл-Бақириге 1 динар беріп, қой алып келуін айтады. Уруа әуелі 1 динар беріп екі қой алады. Кейін екі қойдың біреуін 1 динарға сатып, пайғамбарға 1 динар және бір қой әкеліп береді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оның сауда жасаудағы ептілігіне риза болып: «Алла сенің саудаңды берекелі етсін!» – деп батасын береді.
Кейін расында Куфаның «Күнаса» деген жеріне саудамен айналысуға кеткен Уруа мол пайдаға кенеліп, Куфа аймағының дәулетті азаматтарының біріне айналды.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінде осы сияқты саудамен байланысты оқиғалар жетерлік. Барлығынан байқайтынымыз – ол кісі дұрыс және әділ жолмен жасалған сауданы құптады.
Алла Тағала Құранда дұрыс сауда жасайтын мұсылманды былай сипаттаған: «Өздерін сауда-саттық – Алланың зікірінен, намазды орындаудан, зекет беруден тоспайтын адамдар бар. Олар, жүректер мен көздердің қозғалатын күнінен қорқады» (Нұр: 37).
Демек, мұсылман үшін Алланың алдындағы құлшылық міндеттерін орындауымен қатар адал саудамен айналысуы әбден мүмкін. Сауда-саттықта назар аударатын негізгі мәселелердің бірі – тұтынушымен адал мәміледе болу.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ