Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек. Қай тілді немесе қай дінді ұстанатын адам болсын, ол бірінші кезекте немересі үшін – ата мен әже. Қандай жағдайда болмасын, баланы ата-әжесінің қызығынан айыруға болмайды. Өйткені, өмірлік тәжірибесі мол, ұрпақ қадірін білетін ата-әженің немереге ықыласы ерекше болады. Күйбең тіршілікпен алданып жүріп, әке-шешесі бере алмаған мейірімді балаға ата-әжесі береді. «Ата-анаң аман болса, жарты байлығың» деген бар, сол секілді ата-анаңның әке-шешесі көз алдыңда жүрсе, ол – ен байлықтың өзі. Немере болып еркелей алу да көп адамға бұйыра бермейтін бақыттың бірі. Дәл қазір біздің қоғамымызда сол ата-әжелер институтының тәрбиесі жетіспейді.
Ал қариялық жасқа жеткен ата-әжелеріміз мұсылмандық парызын өтеп, намазын қаза қылмай жүрсе, әрине, нұр үстіне нұр болар еді, ұрпағына сіңірер имандылық тағылымына да баға жетпес еді. Дегенмен, адамның имандылығы тек намаз оқу-оқымауымен ғана өлшенбейтінін де ескеру керек. Намазға жығылып үлгермегенімен ол адамның жан дүниесінде рухани құндылықтар тұнып тұрған болуы, адами қасиеттері ересен болуы мүмкін. Кімнің иман дүниесі қай уақытта кемелденетіні бір Аллаға аян. Сондықтан рухани мәселелерді тар таныммен кесіп-пішпеген жөн.