Уағалейкум ассалам! Дұрыс айтасыз, Бақытжан мырза! Мешіт – Жаратушы Хаққа құлшылық жасалатын қасиетті орын. Сол үшін шариғатта мешіт әдептері бекітілген. Осы әдептердің бірі мешіт ішінде байсалдылық сақтау. Құлшылық жасау үшін мешітке келген мұсылман байсалды болуы қажет. Өйткені, ол барлық әлемдердің Жаратушысы Алла Тағаланың құзырында тұрып ғибадат өтеуге келе жатыр. Бұл сабырлықты, байсалдылықты, рухани дайындықты, сана мен ниет тазалығын өте қажет ететін құлшылық. Сондықтан асығуға болмайды. «Асығу шайтаннан» деген хадис бар. Асығып-абдығып жүгіріп келе жатқан адам көп жағдайды аңғармай қалады. Оның ішінде мешітке қатысты әдептерді сақтамай қалуы мүмкін. Сонымен қатар, намаз оқып тұрған адамдарға кедергі жасауы әбден мүмкін.
Намазға қарай жүгірмеу жөнінде ардақты Пайғамбармыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан бірнеше хадистер бар. Соның біреуін дәлел ретінде келтіре кетейін. Алланың Елшісі: «Қамат түсірілген кезде намазға жүгіріп келмеңіздер. Байсалды түрде жүріп келіңіздер! Үлгергендеріңізше (жамағатпен бірге) оқыңыздар. Ал, өткізіп алған (ракағаттарды) толықтырып жеке өтеңіздер!» – деп, айтқанын естідім дейді Әбу Һурайра.