Нұһ (а.с.) одан «Кемеге неге міндің?» деп сұрағанда, бейтаныс: «Мінгендердің жүректерін өзіме байлап, саған тек денелерін қалдыру үшін» деп жауап қатты. Бұны естігенде, оның Ібіліс екенін дереу сезген Нұһ (а.с.) «Әй, малғұн, кет, бұл жерден» деп оны қуады. Сол кезде Ібіліс оған «Мен адамдарды бес түрлі нәрсемен азғырамын. Үшеуін айтайын, бірақ қалған екеуін айтпаймын» дейді. Сол сәт Аллаһ тағала Нұһқа (а.с.) уахи түсіріп, «Алдыңғы үшеуі аса маңызды емес, қалған екеуін саған білдірсін» дейді. Осыдан кейін Нұһ (а.с.) Ібіліске «Сен маған сол екеуін айт, жеткілікті» дейді. Сонда шайтан оған: «Ол екі нәрсе мені ешқашан жерге қаратқан емес. Сол екеуін қолданғанда, мен ешқашан мақсатыма жетпей қойған емеспін. Адамдардың түбіне жетуде олардың көп көмегін көрем. Ол – құмарлық пен қызғаныш. Өз басым қызғанғандықтан қарғысқа ұшырадым. Ал құмарлыққа келсек, жұмақта хазірет Адамға бір ағаштан басқаның барлығы адал қылынған еді. Мен оның құмарлығын қоздыру арқылы сол ағаштың жемісін бәрібір жегіздім» деді.