– Елімізде Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Осы тұжырымдаманың басты ерекшеліктері неде? Неге басымдық беріліп отыр?
– Тұжырымдама діни бірлестіктермен өзара қарым-қатынас туралы, діннің қоғам өміріндегі рөлі туралы мемлекеттің ұстанымы мен көзқарасын неғұрлым нақты және жүйелі түрде қалыптастырды десек дұрыс болады. Аталған құжат бірінші кезекте қазірге кезде республикада болып жатқан жағдайды назарға алып, бағалады. Екіншіден, Тұжырымдама мемлекеттің бұған деген көзқарасын айқындады. Үшіншіден, кемшіліктерін жоюға бағыт бере отырып, осы жағдайдың жақсы-жаман жақтарын көрсетті. Бұл – өз кезегінде діннің қоғам өміріндегі рөлі мен алатын орнына қатысты мемлекеттің ұстынымын ашық, әділ көрсетуі болды. Тұжырымдаманың рөлі осыған негізделген. Тұжырымдаманы осы саладағы мемлекеттік саясаттың таяудағы 4 жылға арналған «жол картасы» деуге болады.
Мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі мемлекеттің зайырлық негіздерін нығайту болып табылады. Зайырлылық дегеніміз не? Зайырлылық – бұл кейбіреулер қателесіп ойлағандай атеизм емес. Шын мәнінде зайырлылық – бұл құдай жоқ деген емес, дінді жоққа шығару емес, тек қана атеистік нанымды міндеттеу емес. Кеңес Одағы кезіндегі атеизмнен айырмашылығы сол (оның өзінде де шіркеулер мен мешіттер болған), қазіргі замандағы Қазақстанның зайырлы құрылымы бірде-бір дінді және бірде-бір конфессияны ресми түрде бөліп көрсеткен емес және діни тиесілігіне қарай біреуінен біреуін артық көрмейді. Мемлекет дінді саясиландыруға жол бермейді, бірақ діни бірлестіктер мен конфессиялардың дамуына кедергі болмайды, діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға кедергі жасамайды, билік органдары конфессиялар мен діни бірлестіктердің ішкі, канондық мәселелеріне араласпайды. Бұл ретте мемлекеттік органдар барлық діни бірлестіктердің заңды сақтауын қадағалайды. Ендеше, мемлекет өз кезегінде ар-ождан бостандығы мен құдайға сену немесе сенбеу құқығына, ғылыми дүниетанымына, өз күш-жігеріне немесе тылсым күштерге сену құқығына құрмет білдіретін әділ төреші. Бұл – әрбір азаматтың конституциялық құқығы, оның негізінде ар-ождан бастандығы жатыр. Ар-ождан бостандығы дегенді біз басқа адамдардың бостандығына және жалпы қоғамға зиян келтірмей, адамның өз сенімін, оның ішінде діни нанымын қалыптастыру құқығы немесе бостандығы деп түсінеміз.
Мемлекет діндарларға және діни бірлестіктерге олардың сенімі бағытына кедергі жасамай, жағдай жасайды. Сонымен қатар зайырлы мемлекет дінді насихаттамайтынын және оны міндеттемейтінін ескеруіміз тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбір азаматтар мемлекет дінді белсенді ілгерілету үшін бюджет қаражатын діни бірлестіктердің қызметін кеңейтуге, дінді таратуға жұмсайтын болады деп ойлады. Жоқ, мемлекет олай жасамайды. Мемлекет заңдылықты сақтайтын діндарларға кедергі келтірмейді, қажетті жағдай жасайды және заңнаманың сақталуын талап етеді. Мемлекет өзі дінді насихаттамайды.
Мемлекет бейтарап, ол бірдей дәрежеде мейлі ол христиан не мұсылман не иудей болғанына қарамастан, әртүрлі конфессия діндарларының құқығын қорғаса, дәл солай елімізде толып жатқан дінге сенбеушілердің, атеистердің, агностиктердің де құқығын қорғайтын болады. Зайырлы мемлекеттің мәні осында.
Мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі, канондық мәселелеріне, Библия (Інжіл), Тәурат немесе басқа да киелі кітаптардың сол немесе өзге де ережелерін түсіндіруге араласпағаны өте маңызды. Мемлекеттік органдар діндарларға қалай дұрыс сыйыну керектігін, діни рәсімдерді қалай жасау керектігін нұсқамайды. Бұның бәрі діни бірлестіктердің, діни қызметкерлердің жұмысы. Сонымен қатар заңмен және нормативтік-құқықтық актілермен реттелетін мәселелерге діннің және діни бірлестіктердің араласуына жол берілмейді. Мәселен, мектеп киім нысанын сақтау туралы Білім министрінің бұйрығы толыққанды нормативтік-құқықтық акті болып табылады. Билік органдары қандай да бір оқушы, оның ата-анасы қай әлеуметтік топқа жататынына, ұлтына, діни ұстанымына қарамастан, оны бұлжытпай сақтауын талап ететін болады. Бұйрық бәріне бірдей. Бұл жерде шешімді дін емес, зайырлы заң қабылдайды. Оның нақты аражігі болуы тиіс, сонда ешқандай дау да, қақтығыс та болмайды.
Сондықтан біз бұл жерде Қазақстан сияқты зайырлы құқықтық демократиялық мемлекеттің конституциялық қағидатын қорғауды айтамыз.
– Мемлекет неліктен мемлекеттік сала мен дін саласының неғұрлым нақты аражігін ажырытуды қарастырып отыр?
– Шын мәнінде соңғы жылдары діни нормалар, догмалар және постулаттар қандай да бір күштер арқылы олар басқаруға болмайтын салаларға тамыр жая бастады. Діни постулаттар мен нормалар қызметінің саласы негізсіз өрістеп, тіпті саяси бағыт алуға дейін барды. Бұл саясатқа ұмтылу болатын. Осындай саяси күрес барлық әлемде болып жатыр. Тіпті ислам мемлекеттері көшбасшыларының өздері сауатты саяси күштердің және діни экстремизм мен терроризм күштерінің арасында идеологиялық соғыс болып жатқанын мойындауда. Жекелеген елдерде зайырлы билік пен дін басыларының арасындағы билік үшін күресті де байқауға болады. Кейбір жағдайларда халықаралық ауқымда дінді жеңіл-желпі күш құралы ретінде пайдаланып, өзінің саяси, мәдени-гуманитарлық әсер ету аймағын кеңейту әрекеттері жасалуда. Жекелеген топтар немесе күштер тек қана Қазақстанда емес, кез келген мемлекетте заңға емес, мысалға шариғат нормаларына жүгінуді қалап отыр. Кейбір мемлекеттер үшін мемлекеттік құрылымның осындай қағидаттары әбден қалыпты жағдай және біз оған еш қарсылық білдірмейміз. Сіздер білессіздер, біз басқа елдердің ішкі істеріне араласпаймыз. Дегенмен, Қазақстан өзі үшін бұндай жолды қабылдамайды.
Неліктен Қазақстан үшін зайырлық қағидаттары маңызды? Өйткені, біріншіден, Қазақстан –тарихи көпконфессиялы, көпұлтты мемлекет. Біз елімізде тұрып жатқан барлық этностар мен конфессиялар өкілдерінің мүддесін қамтамсыз етуіміз қажет. Екіншіден, Қазақстанның тарихи дәстүрлерін ескеруіміз керек, зайырлылық құндылық – бұл да біздің тарихи дәстүріміздің бір бөлігі. Үшіншіден, еліміздің айналасындағы геосаяси орта ескеруіміз қажет. Егер Қазақстан теориялық тұрғыдан мысалға ислам мемлекеті болып, шариғат басқарса, онда біз зайырлық жүйеден ислам мемлекеттік құрылымына аяқ басқан кейбір Таяу шығыс мемлекеттерінің тарихын қайталар едік. Оның неге апаратынын көріп отырмыз – исламды саясиландыру діни негіздегі саяси партиялар мен топтардың пайда болуына әкеп соқтырады. Исламның ішінде бірліктің жоқтығын және бір-бірімен күрескен ағымдардың болуын ескеріп, бұл партиялар өзара бәскелестікке түсіп, күресетін болады. Соңында бұның бәрі азамат соғысына, тұрақсыздыққа және адам құрбанына әкеп соқтырады. Бұндай жағдайды тек қатаң теократиялық режиммен ғана қадағалауға болады. Бұл бізге керек пе? Бұл сценарий ешкімді қызықтырмайды деп ойлаймын. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында, қоғамдық және мемлекеттік жүйедегі әрбір қоғамдық қарым-қатынас субъектісінің рөлі мен алатын орны түсінікті болу үшін, ешқандай жалған үміт болмас үшін мәселенің басын ашып алған дұрыс.
Біз діни нормалар мен догмалардың қолдану аясының негізсіз өріс алуына жол бермеуіміз керек. Оған қоса, олар әрбір діни бірлестікте әртүрлі. Көп жылдар бойы, әсіресе 90-шы және 2000-шы жылдардың басында біз діни қызметке араласпауымыз керек және оны реттеуге араласпауымыз қажет деп шештік. Барлық діни ағымдарға ерік пен бостандық беріп қойдық. Яғни, деструктивті, бізге тән емес діни ағымдар кіре бастады. Бұл жерде шетелдіктердің қолдауы да болуы мүмкін. Олар мақсаттарына жету үшін ақшаларын аямай, «ағайындық көмек» деген желеумен жергілікті азаматтар арасынан өз жақтастарын сатып алады.
– Алдағы уақытта діни салада біршама шектеулер мен тыйым салулар болатынын айтылып жүр. Жалпы, тыйым салу саясаты қаншалықты тиімді?
– Қазақстанда тыйым салу шараларын мүлде басымдық беріліп отырған жоқ. Тұтастай алғанда, тыйымның барлық түрлері демократиялық мемлекеттерге қарағанда діни фундаментализмге тән. Бұл менің пікрім емес, бұл – ғылыми факті. Егерде басқа елдермен салыстыратын болсақ, біз дін саласында тыйым салу шараларын өте аз қолданамыз, сондай-ақ оған басымдық беріп отырған жоқпыз.
Біз адамға ойлануға, өзінің көзқарасын ұстануына тыйым салмаймыз. Бірақ белгілі бір идеологияны деструктивті деп айта аламыз. Мемлекеттің оған құқығы бар. Бірақ, адамға ойлауға немесе сенуіне тыйым салуға талпынбаймыз да және ондайға бармаймыз. Мысалы, қазіргі уақытта қоғамда псевдосалафизм сияқты деструктивті діни ағымға тыйым салу туралы мәселе көп көтерілдіп жүр. Мемлекет бұл біз үшін деструктивті ағым деп нақты және ашық айтты, дегенмен басқа елдер үшін қалыпты болуы мүмкін. Неліктен біз оған тыйым салмаймыз? Өйткені бұл ұйым емес. Қайтсе де, бұл – көзқарас, ой, наным-сенімдер жүйесі. Бұл мемлекеттің тыйым салуды көздемейтіндігіне нақты дәлел. Бірақ, мемлекет осы деструктивті идеологияның таралуына тыйым салу құқығын өзіне қалдырады. Яғни, адам не ойласа да өз еркі, ал егер өзінің жат, теріс ойларын насихаттайтын болса, басқаларды тарта бастаса, онда мемлекет шектеу шараларын қолданатын болады.
Мәселен, елдегі христиан ұйымының біріне тыйым салуды жақтаушылар бар екенін білесіздер. Атын айтпасам да, Сіздер қай ұйым жайында екенін білесіздер. Алайда, үкімет тыйым салу жолын қолданып отырған жоқ. Біз әрбір діни топпен жұмыс жасаймыз, оларды заңнаманы сақтауға шақырамыз. Көпшілік осы жолмен жүріп, заң бұзушылыққа жол бермеуге тырысады. Ал егер діни ағымдар, бірлестіктер қандай да бір жүйелі түрде заң бұзушылыққа жол беретін болса, мемлекеттің шектеу мен тыйым салу шараларын пайдалануға барлық заңды негіздері бар. Бірақ, қайталап айтам, біз түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүргізуге басымдық береміз.
Бұл жерде Діни саладағы тұжырымдама ақпараттық-түсіндіру шараларын, консультациялық, бейімдеу-оңалту қызметтерін көрсетуді көздейді. Бізде дерадикализациялау бойынша оңалту орталықтары қызмет етеді, түсіндіру және консультация беру үшін «қаурыт желі 114» жұмыс істейді, елімізде 300-ден астам ақпатарттық-түсіндіру тобы бар, көптеген сарапшылар, теологтар мен имамдар белсенді түрде жұмылдырылған.
Әрине, бұл жұмыстың сапасын әлі де арттыру қажет. Жұмысты жақсартып, проблемалық аудиторияға барынша нысаналы бағыттап жүргізу керек. Қазіргі уақытта біз осымен айналысудамыз. Зардапты жоюға емес, прафилактикаға, алдын алу шараларына баса назар аударылуда.
Мемлекет деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды есепке алуда, өткен жылы 15-16 мың болса, биыл 19 мың болған. Яғни, өсу қарқыны бар. Бұл бағытта не жасалып жатыр? Оларды қалыпты өмірге қайтаруға бола ма?
Біріншіден, сіздер айтып отырған цифрларды қайта тексеру қажет, ол нақты болмауы мүмкін. Бұл уәкілетті орган – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі және аумақтық дін істері басқармалары ресми түрде растаған деректер емес. Мысалы облыстардың дін істері басқармаларының деректері бойынша деструктивті ағымдарды ұстанушылар біршама аз.
Қазіргі уақытта Министрлік және теологтар тобымен бірлесіп өзге ілімдердің деструктивті ағымға қатыстылығын анықтау бойынша әдістеме әзірлеуде. Әзірше ондай әдістеме және ресми статистика жоқ, сондықтан қандай да бір санды мысалға келтіру дұрыс болмайды. Тұтастай алғанда, адамның деструктивті ағымға немесе дәстүрлі ағымға жататындығы, бірақ барынша фундаменталдық пайымы арасындағы шекті анықтау оңай емес, қателесіп кетуге болады. Ашық айтсақ, қоғамның тұрақтылығы және қауіпсіздігіне іс жүзінде қандайда бір адамның қандай ағымды ұстанатыны емес, радикалдану дәрежесі қауіп төндіреді. Ер адам немесе әйел дәстүрлі конфессияда болғанның өзінде, егер олар радикалды ұстанымда болса, олар да қоғамдық және саяси қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Бірақ радикалдардың саны азайып бара жатқанын сенімді түрде айта аламын. Мәселен, бұдан екі жыл бұрынғы уақытқа қарағанда, қазір радикалдар азайды.
Бұдан басқа, өткен жылдың соңынан бастап, біздің азаматтардың Сирия-Ирак аймағына баруы орын алған жоқ. Осыған дейін олар отбасы мүшелерімен кеткен еді. Бұл – бірлескен кешенді шаралардың және түсіндіру жұмыстарының нәтижесі.
– Соңғы жылдары Мемлекет басшысы дін тақырыбына үлкен көңіл аударып келеді. Мәселен, сәуір айында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасымен кездесу өткізді. Бір ай бұрын Сізбен ресми кездесу өткізді. Осындай әрбір кездесуде Президент басымдықтарды өзі айтып, алдыңғы қатарға шығады. Бұл мемлекеттік аппаратта да, діни басқармада да діни саясатты сауатты түрде және нақты тұжырымдап беретін спикерлер жоқтығынан болып отырған сияқты. Осы пікірмен Сіз келісесіз бе және осы бағытта қандай жұмыс жүргізілуде?
– Спикерлердің жоқтығынан Мемлекет басшысы осындай мәлімдемелер айтуға мәжбүр болып отыр деп айтқан пікіріңізбен келіспеймін. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындай отырып, ел өмірінде айрықша рөл атқарады. Ол елдің дамуындағы басты бағытты айқындап, республикадағы жағдайды қадағалайды. Сарапшылар экономика, мәдениет, энергетика саласы немесе кез келген басқа саланың мәселесі бойынша ойларын айтып жатқанына қарамастан, Мемлекет басшысы сыртқы және ішкі саясаттың кез келген мәселесі бойынша пікір айтуға және стратегиялық бағытын айқындауға уәкілетті. Сондықтан бұл қалыпты жағдай. Сіз айтып өткен кездесу үшін еліміздің Президентіне алғысымызды білдіреміз, ол деструктивті ағымдарға тиесілі сыртқы көріністерге үкіметтің тұғырын нақты түсіндірді.
Жалпы айтқанда, елімізде дін тақырыбында сөз сөйлеуге даяр теологтар, срапшылар жоқ емес, бар. Біз дін қызметкерлерін аудитория алдында дұрыс сөз сөйлеуге, оларға тек теологиялық білім тұрғысынан ғана емес, саяси ой-өрісін кеңейту, әртүрлі салаға бағдарлануы, зайырлы білім алуы жағынан көмек көрсетумен айналысамыз. Бұл бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде, атап айтқанда, арнайы жұмыс тобы құрылды. ҚМДБ-мен бірлесіп бірқатар іс-шаралар өткізілді. Әрбір облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан барынша дайындалған 17 имам іріктелді, олар тиісті даярлаудан өткеннен кейін басқа имамдарды оқытатын болады. Осылайша, имамдар мен басқа конфессияның өкілдері аудиториямен жұмыс жүргізу үшін дайын болады деп үміттенеміз. Дегенмен, біз кез-келген деңгейдегі дін қызметкерінің БАҚ-та сөз сөйлеуін қолдамаймыз, өйткені ол үшін белгілі бір дайындық қажет.
Дін – бұл өте сезімтал дүние, онда әртүрлі сөздермен бір ой айтылады, астары – мүлде әртүрлі әсер мен салдар қалдыруы мүмкін, сондықтан бүгінгі күні шетел сарапшылары діни экстремизм мен терроризм тақырыбын БАҚ-қа шығара берген дұрыс емес деген пікірді айтады. Осы мәселе төңірегінде жасанды «әуесқойлықты» қою керек, үнемі осыны талқыға салмай, мейлінше сабырлы болып, салиқалы жұмыс жасау қажет.
– Ислам мектептеріне қатысты. Еліміздің өз исламтану мектебінің болуы қаншылықты орынды болар еді?
– Әріптестерімізбен бірге біз мынадай қорытындыға келдік, Қазақстан өзінің ислам мектебі болуына лайықты. Менің ойымша, ҚМДБ-мен бірге біздің ортақ мақсатымыз – ұлттық, мәдни-тарихи дәстүрлерді есепке ала отырып, Қазақстанның исламтану және Құранның, Сүннеттің жеке ережелерін қолдану тәртібін түсіндіретін дербес мектеп құру керек. Бұл жерде сөз –канондық мәселелерді қайта қарау туралы емес, қаншалықты сол догмаларды сақтау және біздің салада оларды басшылыққа алу орынды болатыны туралы болып отыр.
Әлбетте, біз исламтанудан ең үздігін алуымыз тиіс. Алайда, әрбір елдің өзіндік ұлттық, мәдени ерекшелігі бар екенін түсінуіміз керек. Біздің ерекшелігімізге, мәдениетімізге, тарихымызға сәйкес өз мектебімізді құрудан қорқудың қажеті жоқ.
– Мемлекеттік аппарат өкілдері, әкімдер көпшілік алдында діни рәсімдерге, мәселен ауызашарға қатысады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Кейбір лауазымды тұлғалардың ресми түрде бекітілген діни мерекелер – Құрбан айт, Рождество, Ораза айт сияқты іс-шараларға жұмыс бабында қатысуы орынды болады. Мемлекет басшысы православиеліктерді Рождество мерекесімен, мұсұлмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Бұл қалыпты жағдай, өйткені біздің Президентіміз барша халықтың атынан сөйлейді. Біздің үлкен құндылығымыз түрлі конфессиялар бір-бірінің дінинанымдарын құрметтейді. Мәселен, 70-ші жылдары Мысырда барлық конфессиялар толықтай бейбітшілік пен келісімде өмір сүрген, христиандар мұсылмандармен бірге Ораза айтты мерекелеген, мұсылмандар христиандармен, әртүрлі конфессияның өкілдерімен бірге Рождество, Пасханы атап өтетін болған. Бізде де барлығы бір-бірін мерекемен құттықтайды. Адамдардың белгілі бір ортасы үшін қызметтік функциялары мен міндеттерін орындау шеңберінде бұл қалыпты жағдай. Дін істері министрлігі де уәкілетті мемлекеттік орган ретінде діни бірлестіктермен бірлесіп діндарларды діни мерекелермен құттықтайды.
Конституцияға сәйкес Қазақстан өзін зайырлы мемлекет деп жариялайды. Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметшілер барлық конфессияларға бірдей дәрежеде қарауы тиіс, конфессиялардың бірін біреуінен артық көруіне болмайды, яғни жұмысқа бұның әсерін тигізбеуі қажет. Мемлекеттік қызметшінің ар-намыс кодексінде мемлекеттік қызметші өзінің қандай да бір дінді ұстанатынын жариялап, ашық көрсетпеуі тиіс делінген. Мысалы, егер әкім жұмыс уақытында көпшіліктің алдында діни рәсімдерді орындаса, ол өзінің іс-әрекетімен сол дінді насихаттады деп қабылдануы мүмкін. Әдеп жағынан қарасақ, мемлекеттік қызметшіге олай істеуге болмайды. Мемлекеттік қызметші белгілі бір дінді ұстануы мүмкін, бірақ көпшіліктің алдында өзінің діни тиесілігін әдейі көрсетпеуі тиіс. Мемлекеттік қызметші саналмайтындарға осындай әдеп шектеуліктері қойылмайды. Әркім өз таңдауын жасауға құқылы.
– Қазақстанда мешіттер көп, сондықтан кадрлармен елеулі проблема бар. Бұл күрделі мәселе қалай шешілуде?
– Барлық жерде білікті кадрлардың жетіспеу проблемасы бар. Бұл БАҚ-та, бизнесте, мемлекеттік қызметте де бар. Бұл барлығына ортақ проблема, бірақ ҚМДБ-да бұл жағынан оң өзгерістер байқалады. Біз ұстаздар, молдалар мен имамдар даярлау деңгейі жақсарғанын байқадық. Бұл тек ҚМДБ-ға ғана қатысты емес, барлық конфесияларға қатысты. Дін қызметкерлерінің білім деңгейін арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Егер ҚМДБ-ға қатысты айтатын болсақ, бүгінгі күні мүфтият қызметкерлері Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университеті базасында, ҚМДБ жанындағы арнайы курстар базасында біліктігін арттыруда. Шетелдік оқу орындарына, оның ішінде Түркияға, Ресейге, Татарстанға, Мысырға дәріс алуға жіберіледі.
Өткен жылы діни экстремизмнің алдын алу саласында имамдарды қайта даярлауға арналған институт ашылды. Нұр-Мүбарак университетінің жанындағы институттың қызметіне біздің министрлік әдіснамалық қолдау көрсетеді. Қазірдің өзінде онда 50 имам мен теолог маман оқып шықты.
Біздің міндетіміз – барлық мешіттерді арнайы білімі бар имамдармен жасақтау. Дегенмен, бұл барлық намазханалар мен мешіттерге жоғары білімі бар имамдар ғана керек деген сөз емес, орта діни білімі бар имамдардың өзі де жеткілікті екенін түсінеміз. Қазіргі кезде шамамен имамдардың 20%-ында жоғары діни білімі бар, 60%-ында орта діни білімі бар екенін ескере отырып, жоғары діни білімі бар имамдарға қажеттілікті жабу үшін біздің университетке 3-4 жыл жеткілікті. Осыған орай, дін басылары өкілдерін шетелге жіберіп оқытудың қажеттілігі жоқ. Мұндай қажеттілік тек оларды қайта даярлауда, біліктілік шыңдауда болып отыр.
ҚМДБ-мен біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанда діни білім, әсіресе бакалавриат дәрежесі бойынша білім алу үшін толық жағдай жасау. Жастар бакалавр дәрежесі бойынша діни білім алу үшін басқа елдерге кетпеуі қажет. Бұл ретте, магистр немесе доктор дәрежесі бойынша оқуға олар ҚМДБ-ның жолдамасы бойынша барулары тиіс.
Бірқатар елдерде шетелде діни білім алуға тыйым салынған. Біздің де өз ұсынысымыз бар. Осы жағдайды ретке келтіруді қолға алып отырмыз. Өйткені адамдар өз бетімен шетелге оқуға кеткен кезде, оның пайдасынан гөрі келеңсіз жағдайлары көп болады.
Өңірлерде консультациялық орталықтар бар екенін атап өткен жөн, мысалы, Ақтөбе облысында «Аңсар», Ақмола облысында «Насихат», Атырау облысында «Шапағат» орталықтары жұмыс жасайды. Онда теологтар жұмыс істейді. Бұдан басқа, ҚМДБ 2020 жылға дейін діни білім беру тұжырымдамасын және мұсылманның, имамның жеке басының кейпі және ҚМДБ қызметшісінің этикасы деген бірқатар маңызды құжаттарды қабылдады.
Жыл сайын ҚМДБ имамдарды Әл-Азхар университетіне біліктілігін арттыру үшін жібереді. Барлық имамдарды аттестаттаудан өткізді. 3 мың имамнан 233 адам, яғни 10%-дан кемі аттестаттаудан өтпеді. 156-сы қызметінен босатылды. Жөнсіз сөз сөйлеп, келеңсіз іс-әрекеттерге жол берген имамдар бойынша жұмыс жүргізу жалғасуда. ҚМДБ басшылығы оларды қызметінен босатуға дейін апаратын шаралар қолдануда.
Сонымен қатар, шалғай елді мекендерде имамдардың жетіспеушілігі бар екенін айта кету қажет. Елдегі 150 мешітте имам жоқ. Осы мәселені шешуге атсалысу үшін «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры құрылды. Қор халықтың әлеуметтік осал топтарының, тұрмысы төмен азаматтардың, жастардың проблемаларын шешумен айналысады. Мұсылмандық ғана емес, басқа да діни қызметкерлердің материалдық проблемаларын шешуге жәрдемдеседі. Бұл тек имамдарды қаржыландырады деген сөз емес. ҚМДБ-ның шамасы келмеген жағдайларда қор имамдарды шәкіртақылармен қолдап отыратын болады. Қажет болған жағдайда, Қор мешіттер салуға да қолдау көрсетеді.
– Дін саласындағы тұжырымдама мемлекет көрінісінің тұжырымдамалық аясын білдіреді. Менің түсінуімше, күзде заңнамалық бастамалар болатын сияқты. Сіз не күтесіз? Қоғам қалай қабылдайды?
– Тұжырымдама, біріншіден – бұл пікірлер мен көзқарастар жүйесі. Ол негіз қалаушы құжат. Бірақ, кез келген тұжырымдамаға оны іске асыру үшін Іс-шаралар жоспары әзірленетінін ұмытпауымыз қажет. Іс-шаралар жоспары – бұл белгіленген мерзімдері мен жауапты орындаушылары бар нақты құжат. Осыған байланысты Тұжырымдама практикалық құжат, іс-қимыл жасауға нұсқаулық болады. Екіншіден, Тұжырымдама заң жобалау үшін саяси-теориялық негіздерді құру үшін қажет. Тұжырымдаманың негізінде заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар топтамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни, 13 заң мен 4 кодекске, егер оны талқылау оң нәтиже беретін болса, шамамен 60-қа жуық түзету мен толықтырулар енгізілетін болады.
Жуық арада қоғамды таныстыру үшін арнайы порталда осы түзетулер мен толықтырулар жобасы жарияланады. Бірақ, барлық өзгерістер Министрліктің бастамасымен болып отырған жоқ, көбінесе бұл қоғамның, ҮЕҰ-нің қалауы, кейбір өзгерістерді діни бірлестіктер ұсынды. Біз заңнаманы әзірлеу кезінде қоғамның пікіріне жүгінеміз және түзетулерді қоғамның барлық өкілдерімен ашық түрде талқылау қағидасын ұстанамыз. Осы заң жобасын дайындау кезінде, жоба сарапшылардың, діни бірлестік өкілдерінің, ҮЕҰ өкілдерінің көптеген талқылауынан өтті. Барлық пікірлер мен ұсыныстар ескерліп, ауқымды және көп еңбекті талап ететін жұмыс жүргізілді, әлі жұмыс жалғасатын болады. Қараша-желтоқсан айларында оны Мәжіліске жолдауды жоспарлап отырмыз.
Осы түзетулерді қоғам қалай қабылдайды? Бізде дінге қатысты қоғамның ұстанымы әртүрлі. Мұның екі жағы бар: бір жағынан діни фанатиктер, екінші жағынан – атеистер. Бұл ретте олардың арасында басқа да ұстанымдағылар бар. Қоғам дінге қатысты көптеген сегменттерге бөлінген. Әрине, осындай заң жобасын бәрі бірдей қабылдамайды. Дін саласындағы кез келген айтылған ұсыныс діни адамдарға ұнаса, атеистерге ұнамайды немесе керсінше.
Сондықтан бәріне бірдей ұнайды деп күтуге болмайды. Бізде ондай иллюзия жоқ. Біз қоғамның барлық топтардың мүдделерін ескере отырып, мемлекеттің мүддесін негізге аламыз. Ең бастысы – мемлекет мүддесін қатаң сақтау. Әрине, бәріне ұнау мүмкін емес. Біз жұмыста сынға үйренгенбіз. Біз кез-келген мемлекеттік органдар сияқты барлығын сарапшылармен, ҮЕҰ-мен талқылаймыз. Осындай бастамалар қоғам талқысынан өтсін деген Президенттің нұсқауы бар. ҚР Парламенті Мәжілісі де әртүрлі ҮЕҰ-мен бірге талқылайды. Пікір көп болуы мүмкін, бірақ соңына келгенде қандайда бір қабыданған шешім үшін жауапкершілік кімде? Әрине жауапкершілік – әрқашан меммлекеттік органда.
Барлық пікір тыңдалып, талқыланып, бірақ соңғы шешімді оған жауапты орган қабылдаса дұрыс болады. мемлекеттік басқару тиімділігі саласындағы сарапшы Ицхак Адизес айтқандай: «Жақсы шешім шығару үшін демократ болу қажет, ал оны тиімді іске асыру үшін диктатор болу керек».
– Сұxбатыңызға рақмет!
Qamshy.kz