Тамыз айында Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында ХІ дәстүрлі өнер және поэзия фестивалі өтіп, Мәдениет министрлігі жанынан құрылған комиссияның шешімімен Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына «Адамзат өркениетіне қосқан үлесі үшін» арнайы марапаты берілген еді.
Жуырда ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының Каир қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф Бас мүфтиге аталмыш марапатты табыстады. Арнайы ескерткіш сыйлық пен оның куәлігі, сондай-ақ ақынның қарасөздері мен өзге де шығармаларының араб тіліне аударылған нұсқасы елге жеткізіліп, күні кеше Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне салтанатты түрде тапсырды.
Музей директоры Ұлан Болатұлы: «Абай – қазақтың маңдайына біткен әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғасы. Ақын мұраларының халықаралық мәдениет және поэзия фестивалінде «Адамзат өркениетіне қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығына лайық болып марапатталуы біз үшін зор мәртебе. Сыйлық ескерткіші мен марапатының ҚМДБ арқылы аманатталып, Абай музейіне табысталуының тарихи мәні зор. Абай мұрасы әлі де ғасырдан ғасырға жалғаса берері даусыз», – деп ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, ХІ Каир дәстүрлі өнер және поэзия фестиваліне Мысырдан бөлек, Жапония, Қытай, Үндістан, Палестина, Оңтүстік Судан мен Мавританиядан келген 30-дан астам шығармашылық топ қатысты.