Дәл осы күндері Мысыр елінде Қазақстан Республикасының Каир қаласындағы елшілігі «Тәуелсіз Қазақстанда Ислам мәдениетін дамытудағы академик, шейх Әбсаттар Дербісәлінің қосқан үлесі» атты халықаралық конференция өткізіп жатыр. Сондай-ақ Әл-Азһар жанындағы Ислам зертетулер Академиясымен бірлесіп, «Екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің адамзат өркениетіне қосқан үлесі» атты кітаптың тұсаукесерін өткізді.
Каирға ат терлетіп жеткен қазақ делегациясы атынан сөз алған Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор, доцент Қайрат Құрманбаев Мысыр мен Қазақстан елшілігіне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауымен бірге сәлемін жеткізді. Әрі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасын 13 жылдай басқарған, ұстаздардың ұстазы болған Әбсаттар қажы Дербісәлінің шығыстану ғылымы мен ислам саласына қосқан үлесі жайлы баяндама жасады. Отандық шығыстану, арабтану ғылымының негізін қалаушы, қазақ тілінде араб әдебиетін тұңғыш зерттеген, арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, профессоры, ұлт руханиятын жаңғыртуда үлесі орасан филолог ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбсаттар Бағысбайұлының Мысыр мен Қазақ елі достығын арттыруда еңбегі өлшеусіз. Соның бір дәлелі, екі ел арасында алтын көпірге айналған Нұр-Мүбарак университетінің ашылуына тікелей ұйытқы болып, қазақстандық ислам ғылымының дамуына жол салды. Сондай-ақ қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ғалымдар мен ойшылдарды ғылыми айналымға енгізіп, Қазақстан тарихында исламтану саласы бойынша алғаш қорғалған докторлық диссертацияға жетекшілік еткен ұлағатты ұстаз екенін атап өтті.
Қазақ даласындағы ортағасырлық 100-ге жуық ғалымдар мен ойшылдарды анықтап, еңбектерін ғылыми айналымға енгізіп, ханафи ғалымдарын қамтыған алғаш тарихи ғұмырнамалық (табақат) еңбектің авторы Әбсаттар қажы Дербісәлі ғылым мен руханият көпіріне де айналғаны ақиқат.
Сондай-ақ қазақстандық делегация әлемнің екінші ұстазы атанған бабамыздың «Екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің адамзат өркениетіне қосқан үлесі» атты кітап тұсаукесеріне куә болды. ҚР-ның ЕАР-дағы Төтенше және өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф бастаған елшілік ұйымдастырған шаралар ғылым мен білімді құрметтеу ғана емес, екі ел арасындағы, ислам әлеміндегі тарихты жаңғыртып, өткеннің үздік дәстүрлерін қастерлеп, болашаққа жол салудың айқын көрінісі деуге болады.