Сіз айтып отырған хадистің мәтіні; «Әнас (р.а.) былайша әңгімелейді: «Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Маған (хош) иіс және әйел жақсы көргізілді. Намаз көзімнің нұры қылынды»,– деді (ән-Нәсәи, Ахмад ибн Ханбал). Негізінен хадистің мәтінінде «дүниеден үш нәрсе» деген сөз жоқ. Кейбір ғалымдар хадситің мәніне қарап осы сөздерді қосып риуаят еткен. Алайда, Ирақи, Зәркәши және Ибн Хажар секілді мухаддис ғалымдар хадистің негізінде ондай сөздер болмағандықтан әрі мағынаны бұзғандықтан хадистің осы сөздермен келген түрін қабылдамаған. Негізінен, бұл хадисте етістік «жақсы көрдім» деп емес ырықсыз түрде «жақсы көргізілді» деп келген. Осы жерден хош иіс пен әйелді жақсы көру Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз болмысынан туындаған қасиет емес екені анық байқалады. Оған осы екі нәрсенің жақсы көргізілуі адамдарға рақымдылық жасау мақсатында берілген. Өйткені, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) дүниелік нәрселерді жақсы көруден ең алшақ жан болғандығы мәлім. Ал, намаз дүниелік нәрселердің қатарына жатпайтындықтан бөле жара, ерекше аталған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазға деген еркеше ықыласы әмбеге аян. Енді осы хадисте әйелдің аталуының себебіне қатысты мұсылман ғалымдарының айтқан пікірлерін келтіре кетейік.
Шариғаттың көп бөлігі әйелдер тарапынан жеткізілгендіктен; Діннің негізгі қайнаркөзі балып табылатын сүннеттің кейінгі ұрпаққа жеткізілуінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) пәк жұбайларының орны бір төбе.
Мұсылман үмбетінің көп болуына себепкер болғандықтан. Өйткені, Пайғамбарымыз қиямет күні үмбетінің көптігімен мақтанады;
Әйел дүниедегі ең жақсы жаратылыс болғандықтан. Өйткені, Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде «Дүние – өзі бір қолданыс құралы, ал оның ең жақсысы – ізгі әйел» деген.
Кейбір адамдар Пайғамабарымыздың көп рет үйленгенін алға тарта отырып, осы мәселені бұрмалап көрсетуге тырысады. Пайғамбарымыздың көп үйленуі жек бас қалауына қатысты емес, пайғамбарлық міндетіне қатысты жәйт болатын. Бұған және исламдағы әйел мәртебесіне қатысты ислами әдебиеттерде көптеген дәйектер келтірілгендіктен бұл мәселеге ұзын-сонар тоқталып жатпай-ақ, мәселені қысқа қайыруға тырысайын.
Әйел дегенде тек қана қарсы жынысты ойламау керек. Әйел – ана, әйел – қыз, ол – қарындас, ол – әпке. Яғни, адамзат тіршілігінің негізгі ұйытқылырының бірі ретінде қарап, осы тұрғыдан бағамдау керек. Құран кәрім аяттары мен Пайғамбарымыздың өзге хадистеріндегі әйелдерге қатысты пайымдарды біртұтастық шеңберінде алып қарасақ бұған толықтай көз жеткіземіз.
Пайғамбарымыздың жоғарыдағы сөздері Құрандағы «Адамдарға әйелдер, балалар, алтын-күміс байлықтар, бағалы аттар, мал және егіндер секілді қызық қалауларға назар салу әдемі етіп көрсетілді» деген аяттың («Али Имран» сүресі, 14-аят) мағынасымен толықтай үйлеседі. Осы аятта тек әйелдер емес өзге де нәрселердің қатар аталуы әйелдерге тек қана жыныстық тұрғыдан қарамау керек екендігін ұқтырады.
Жоғарыда да айтып өткеніміздей әсіресе бәдәуи, мәдениеттен ұзақ бір қоғамды жаман иістерден алшақтату үшін «маған хош иіс жақсы көргізілді» дегені секілді Пайғамбарымыз (с.а.с.) сол қараңғы қоғамда қандарына сіңіп қалған әйелдерді адам санатына қоспау, оларды алып-сатар мал-мүліктің орнына қойып, қор санау түсінігін жою үшін «маған әйел жақсы көргізілді» деген. Оны тәрбиесін алған сахабалар да «Пайғамбардың өзі әйелдерді құрметтеп, жақсы көретін болса, бізде солай жасауымыз қажет» деп бойларын түзеп, әйелдерге мүлдем басқаша қарай бастаған. Бұл қоғамда әйелге бұрын-соңды көрмеген мәртебеге қол жеткізуге мүмкүндік берді. Тіпті жаннаттың өзі аналардың аяқтарының астына төселді.
Пайғамбарымыздың «Қоштасу қажылығында» айтып кеткен соңғы өсиеттерінің ішінде «Әйелдермен қатынас мәселесінде Алладын қорқыңдар. Олар сендердің жандарыңдағы Алланың аманаты екенін ұмытпаңдар… Осының бәрін сендерге толық жеткіздім бе?» (Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 57) деп ерекше атауы, соңғы демін берер кездің өзінде «әйелдерге жақсы қараңдар, намаздарыңды оқыңдар» деп байыз таппауы жоғарыда жақсы көргізілген нәрселерге қалай қарау керектігін тайға таңба басқандай түсіндіріп тұр. Сондықтан бүкіл ғұмырын өзі үшін емес, үмбетінің қияметке дейінгі жағдайын уайымдап, тіпті қияметтің өзінде үмбетінің барлығы жаннатқа кіргенше жанын қоярға жер таппай, ерекше уайымдайтын Адамзаттың асылы, Пайғамбарлар падишасының (Алланың мыдаған салауаты мен сәлемі ол кісіге болсын!) жоғарыдағы сөздерін басқаша түсінудің ешқандайда мәні жоқ.