Мьянмадағы мұсылмандарды қырып, елден қуғындау туралы идеяны көтерген және кейін соны іске асырған буддист монахы Виратху ел тәуелсіздігінің 75 жылдығын тойлау кезінде айрықша ұлттық премияға ие болды.
Оған “Біртұтас Мьянманың игілігі үшін жасаған жұмыстары үшін” деген марапат берілді. Сыйлықты елдің әскери диктаторы генерал Мин Аунг Хлаингтің өзі табыстады.
Қайталай кетсек, монах Виратху жергілікті рохинья мұсылмандарына қарсы бағытталған исламофобиялық мәлімдемелерімен қатты танылған еді. 2013 жылы TIME журналының мұқабасына “буддист террорының айнасы” деген тақырыппен оның портреті басылды.
Осы орайда, айта кетейік, Қазақ елі дінаралық, конфессияаралық татулық жағынан әлем елдеріне үлгі болып келеді. Бізде Мьянма, Израиль, Қытай секілді елдердегідей ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар мүлдем жоқ. Бұл – елдегі зайырлылық қатынастарының жақсы жолға қойылғанын, дін саласындағы саясаттың дұрыстығын, сонымен қатар мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының толеранттылығын айғақтайды.