Сұрақ: Мұсылман қалай құлшылық жасауы тиіс?
Жауап: Дін исламмен жаңадан танысып, бес уақыт намазға қадам басқан адам қысқа мерзімде көп нәрсені білуге ұмтылады. Сөйтіп, әлі орындалуын дұрыс үйренбеген құлшылықтарда өзін зорықтырып алу немесе денсаулығына зиян тигізу қаупі бар.
Мысалы, қүз немесе қыс мезгілдерінде айт немесе жұма намаздыранда мешітке сыймауы себепті аулада шұлықпен тұрып намаз оқу секілді т.б. Сол сияқты кейбір азаматтар өзін неғұрлым зорықтырса, соғұрлым сауап табамын деп қинайды. Ал Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Женілдетіңдер, ауырлатпаңдар» деп айтқан.
Басқаша айтқанда, құлшылықты пайғамбардың (с.а.с.) сүннетіне сәйкес орындау қажет. Ол барлық құлшылықтың дұрыс орындалу үлгісін көрсетіп кеткен:
«Бір күні Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйіне дінді үйренгісі келген үш адам келеді. Олар Айша анамыздан пайғамбардың (с.ғ.с.) қалай құлшылық қылатыны жайында сұрайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасайтын құлшылығын естіген уақытта олар үшін бұл қарапайым, әрі аз болып көрінеді. Сондықтан олар:
– Ол – пайғамбар (с.ғ.с.). Біз ондай бола алмаймыз. Алла оның өткен және келешек күнәларын кешірген, – деп кері қайтады.
Кейін біреуі тұрып:
– Мен түні бойы уақытымды намазбен өткіземін, – деді.
Екіншісі:
– Мен ғұмыр бойы ораза ұстаймын, ауызымды ашпаймын, – деп айтты.
Үшіншісі:
– Ал мен ғұмыр бойы әйелге жақындамаймын, үйленбей өтемін, – дейді.
Мұнан соң осы хабарды естіген Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұларға келіп:
– Пәленше және түгенше деп айтқан сендерсіңдер ме? Аллаға ант етемін! Расында мен Алладан сендерден артық қорқамын және сендерден артық тақуалық етемін, бірақ, мен ораза ұстаймын және ауызымды ашамын. Намаз оқимын және демаламын, үйленемін. Ал енді кім менің жолымнан бас тартса, менен емес, – деді», – деген (Бұхари, Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ