Сұрақ: Мұсылман ғалымдары билік, мемлекет құрылымы жайында еңбектер жазған ба?
Жауап: Мемлекет, билік, мемлекеттік қызметші, қоғам мүшелері, азамат сияқты ұғымдар мен құрылымдар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар бүгін пайда болған дүниелер емес, ертеден бар. Бұларға қатысты мұсылман ғалымдары қанша ғасырлар бұрын талдау жасаған, оларға іргелі әрі құнды зерттеулерін арнаған. Яғни, біздің бүгін көтеріп отырған сұрақтарымызға қанша ғасырлар бұрын ғалымдар жауап берген. Бұл мәселелер жаңалық емес.
Тек өкінішке қарай, кейінгі кезде әлемдегі қайғылы оқиғалар, исламды өтірік қаралау, исламофобияның таратылуы, дінді терроризм және экстремизммен теңестіріп қарау, белгілі топтардың дінді өз мүддесіне сәйкес бұрмалауы сияқты жағдайлар бізді осындай сұрақтарға (діннің азаматтық қоғамдағы орны қандай, діннің қоғамға пайдасы немесе зияны бар ма, дін және мемлекет қарым-қатынасы қандай деген сияқты т.б. мәселелерге) қайта әкеліп отыр.
Сонымен мемлекет, билік жүйесі, азаматтық қоғам, мемлекеттік қызметші сияқты мәселелерге зерттеулерін арнаған мұсылман ғалымдары өте көп, олардың іргелі шығармалары да жетерлік. Мысалы, сондай ғалымдардың бірі – әл-Фараби. Ғалымның көптеген шығармаларының ішінде әйгілі «Әл-Мәдинату әл-фазилә» (Қайырымды қала тұрғындары) және «Әс-Сиясату әл-Мәдәния» (Азаматтық саясат) атты трактаттары бар. Бұл шығармаларында ғалым жоғарыда айтып өткен ұғымдардың әрбіріне кеңінен талдау жасайды. Қоғамдағы азаматтардың әдетте қанша топқа бөлінетіні, отанды қорғайтын қарулы әскердің болу қажеттілігі, мемлекеттің негізгі функциялары секілді мәселелерді түсіндіреді.
Тіпті, мұнда мемлекеттік қызметшінің «Ар-намыс кодексі» немесе «Қызметтік этикасы» да қамтылған. Әл-Фарабидің тілімен айтқанда «Бірінші басшыдан» бастап, қоғамдағы қарапайым азаматтың қарым-қатынас жасаудағы әдептілік нормаларын жазып көрсеткен.
Ал енді, «Худжату әл-ислам» (исламның айғағы) атанған ортағасыр мұсылман теологы Әбу Хамид әл-Ғазали мемлекет пен қоғам азаматтарына «Насихату әл-Мулук» (Патшаларға кеңес) шығармасын арнайды. Кітаптың аты айтып тұрғандай, мұнда билік иелеріне, басшыларға қызмет барысында мемлекеттік қызметшіге ұстануы тиіс этика, әдептілік нормалары айтылады. Басшыны тәкәппарлық, зұлымдық сияқты жаман мінездерден сақтану, кісі ақысын жемеу, өзгенің құқығын қорғау керектігі айтылады. Осылайша мұсылман ғалымдары демократиялық азаматтық қоғамды қалыптастыру негіздерін теориялық түрде талдап, практикада қолданудың әдістерін ұсынады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ