Сұрақ: Әрбір адам иманының дәрежесіне қарай сыналатын болса, мұсылман емес адам не үшін сыналады?
Жауап: Сынақтың негізгі шарты – ақыл иесі болу. Ақыл-ойы кемтар адамдар мен балалар сұралмайды. Олар тікелей Жұмаққа кіреді.
Әрбір адам – ең әуелі Алланың құлы және ғаламдағы ең кемел жаратылыс. Алла адам баласын барлық рухани және тәндік ерекшелік беріп, оны ең көркем әрі ең жоғарғы болмыс деңгейіне жету қабілеті мен мүмкіндігін нәсіп еткен.
Алла жаратқан пенде атауын мұсылман немесе мұсылман емес деп бөліп жаратқан жоқ. Дүниеге келген әрбір адам мұсылман табиғатында туылады. Кейін қандай дінді ұстанатыны оның ата-анасына, қоршаған ортасына байланысты. Әркім өз еркімен таңдауын жасайды.
Пайғамбар (с.ғ.с.) – бар болғаны адамдарды тура жолға бастайтын шамшырақ. Бұл жайында Құранда: «Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік қылсын, мейлі қарсы келсін», – деп хабар берген (Инсан: 3)
Адам баласы дүниелік сынақта иманы және амалымен рухани жетіліп періште дәрежесіне дейін көтеріле алады. Сол сияқты керісінше, жаман амалдары мен күнәлары арқылы жануардан да төмен дәрежеге түсуі мүмкін.
Алла пендесін сынаған уақытта оның шамасы келмейтін сынақты жүктемейді. Адам мұсылман немесе мұсылман емес болса да оның жалпы ісіне және илаһи заңдарға сәйкес сыналады.
Алайда шариғат іліміне сәйкес мүміндер қателіктері мен күнәларының салдарын, ал мұсылман емес адамдар жасаған жақсылықтарының сауабын осы дүниеде көреді. Ал күнәлары ауыр болғандарының есебі ақыретке қалдырылады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ