ҚМДБ Алматы өкілдігінің жылдық жоспарына сай Бақшасарай салтанат үйінде «Әсем киім әлемі» ІІІ республикалық мұсылман әйелдердің сән байқауына іріктеу кезеңі өтті.
Сән байқауы қасиетті Құран аяттарымен басталды. Мұсылман қазақ әйелдерінің заманауи сән сайысында ҚМДБ Әйел-қыздар секторы Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Гүлмира Ілесбайқызы алғысөз сөйлеп, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының ыстық сәлемін жеткізді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, стилист моделер, «Ерке-Нұр» сән үйінің директоры Фарида Мерхамитқызы, «Zufa» брендтік киімдерінің қалаушысы, дизайнер Зулфия Ақатаева, стилист Жұлдыз Шарипова әділқазылық етті.
Алматы қаласы бойынша мұсылман әйел киімдерін тігуде үздік дизайнерлер қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Сәндік байқауға қатысуға көптеген дизайнерлер өз өтініштерін білдіріп, ұйымдастырушылар талабына сай деп танылған 6 дизайнерлер топтамасы сайысқа қатысуға жолдама алды. Жүздік үштікке барлық шарт пен талапқа сай дизайнерлер анықталды. Мұсылман сәндік киімдер көрсетілімі барысында кимешек шеруі көрермен көңілінен шықты. Таласты өткен сән байқауы талғамы мықты талапты қазылар талқысынан өтіп, үздік үштік анықталды. Атап айтсақ,
І-орын 200 000 теңге “AiSafi” атауымен танылған дизайнерлер Қонысова Әйгерім мен Үміт Хидированың сәндік киімдер топтамасы;
ІІ-орын 150 000 теңге “Elik.aii” стилист Сабырданқызы Гүлбақыт дизайнерлік киім үлгілері топтамасы;
ІІІ-орын 100 000 теңге “@farida_abdumalik” Фарида Әбдімәлікқызының сәнді киімдер топтамасы жүлделі орынға ылайық деп танылды.
“Байқау өткізудегі мақсат, мұсылман әйелдерінің қазақи нақышта әсем киім әлемін қалыптастырып, қыз-келіншектерге шариғат шәлісі мен заманауи киім үлгілерін насихаттау болмақ”, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Байқауға қатысушы барлық дизайнерлерге, және әділ-қазы алқалары мен жүргізушіге Алматы әйел-қыздар секторының меңгеруші Гүлмира Ілесбайқызы бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.