Сұрақ: Мұсылман адам үшін өмірдің мәні неде?
Жауап: Өмірдің мәні – Алланың ризашылығына бөленіп, адалдық, адамдық, ізгілікте өмір сүру. Әбул Хасан Рудакидің мына өлең жолдары ойға оралады: «Өмір –теңіз, жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз». Ізгілікте ғұмыр кешкен адамның екі дүниесі де жарық болмақ.
Осы орайда Құран Кәрімнің «Зарият» сүресінің 56 аятында: «Мен жындар мен адамзатты тек қана (мені танысын һәм) Маған құлшылық етулері үшін ғана жараттым», – деген. Расында адам Алланың алдындағы құлшылығын ешқашан ұмытпағаны жөн. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде : «Қиямет күні ешбір пенде мына төрт нәрседен сұралмайынша, бір қадам алға жылжымайды: Өзінің өмірін қалай өткізгендігі, тәнін (дене мүшелерін) қалай пайдаланғандығы, алған білімін қалай пайдаланғандығы, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қай жолда сарп еткендігінен» деген. Яғни, біздердің істеген амалдарымыздан сұралатынымыз анық.
Осы орайда біржақты кетуге де болмайды. Құранның «Қасас» суресінің 77 аятында: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа…..» деген. Кейде адам баласының фанатизмге бой алдырып, бұл дүниедегі несібесін ұмытып, өмірден күдер үзетіні байқалады. Мұсылман адам бұл дүниедегі де несібесін ұмытпағаны абзал.
Икрам АЙТАЕВ