Аллаға шүкір, Атазаңымыз ар-ождан және наным-сенім бостандығына кепілдік береді. Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруда.
Зайырлылық принципі – асыл дініміздің басты ұстанымдарының бірі. Исламның басты қағидасы бойынша дін қабылдау – адам еркіндегі іс. Қасиетті Құран аяттарында Елшілердің (Ол кісілерге Алланың игілігі болсын!) міндеті ескерту, жеткізу екендігі талай мәрте айтылған. Ал «Дінде зорлық (мәжбүрлеу) жоқ, туралық азғындықтан ажыратылып, айқындалды» деген аят («Бақара» сүресінің 256-аяты) – дін қабылдау мәселесінде күшке салу мен зорлыққа орын жоқ екенін нақты шегелейді.
Сау ақылға салсаңыз да: ақыл қанағаттанбай, көңіл қабылдамай, тек қорқудың себебімен иман келтіру, сенімге ие болу – берісі күлкілі, арысы ақымақтық, бишаралық. Қылышпен қорқытып намаз оқытуға болар, бірақ ішкі сенімге билік жүргізу мүмкін емес. Ондай күшпен, қорқумен қабылданған дін «қылыш» кеткен күні-ақ тәрк етіледі!
Сосын Құдайдың жарлығын мәжбүрлі түрде орындату – «Амалдар ниеттерге қарай» деген хадиске қайшы. Яғни жүрек қабылдамаған дүние – сыртқы қабығы ғана бар қуыс ағаш секілді немесе құр қалқиған рухсыз, жансыз өлі дене секілді толымсыз, жалған көрініс!
Мәжбүрлеп дін қабылдату – екіжүзділердің қатарын молайту ғана. Сондықтан даусыз тұжырым: дін – адамдарды мәжбүрлеу яки күштеу арқылы орнайтын жүйе емес. Діннің ең әуелгі негізі – иман, сенім. Жүрек сенген, ақыл қабыл алған дін ғана – шынайы һәм өміршең. Осы тұрғыдан келгенде ешбір дінде ешқандай мәжбүрлеу жоқ…
Тарихқа көз салсақ, Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өсиетіне сай мұсылмандар өздері азат еткен аймақтардағы өзге дін өкілдерінің ғибадатханаларын қиратпаған, қасиетті жәдігерлерін жоймаған. Басқа дін ұстанушылардан тек жизия салығын алып, наным-сенім еркіндігін беріп, оларды тиісінше жаудан қорғаған. Соғыс кезінің өзінде дін қызметкерлеріне, әйелдерге, қарт кісілер мен жас балаларға, сондай-ақ қарсылық көрсетпеген бейбіт тұрғындарға зәбір көрсетуге, ғибадатханалардың қиратылуына, күнкөріс көзі болып отырған егіс алқаптары мен жеміс ағаштарын құртуға қатаң тыйым салынған.
Мысалы, әділеттіліктің үлгісі болған екінші халиф Омар ибн Хаттаб (Ол кісіге Алла разы болсын!) әл үстінде жатқанда: «Пайғамбар тарапынан қорғалған халыққа (яғни мұсылман емес, өзге дін өкілдеріне – зыммилерге) дұрыс көзқараспен қараңдар. Олармен арадағы келісімге қиянат жасамаңдар. Оларға шектен тыс салық салмаңдар», – деп өсиет еткен.
Тағы бірде көшеде қайыр тілеп жүрген кәрі кісіні (өзге діннің өкілін) көрген кезде, мән-жайды білген соң: «Жас кезінде жизия салығын төлетіп, қартайғанда мұндай күйге түсіргеніміз жөн болмас», – деп, мемлекет қазынасынан (бюджеттен) сондай қарт кісілерге арнайы қаржылай көмек (қазіргі зейнетақы) тағайындау жайлы жарлық шығарған. Зыммилердің құқын қорғау, дін мәселесінде күштеуге, мәжбүрлеуге жол бермеу әділетті халифтардан кейін де жалғасын тапқан…
Кез келген ұлттың ажырамас бір бөлігі – діні. Ал дін – сенім ғана емес, сол сенімге негізделген әрекет-амал, яғни белгілі бір өмір салты. Тарихқа қарасаңыз: тобырлық, топтық санадан жоғары көтерілген мықты ұлттар міндетті түрде бір діннің төңерегіне топтасқанын көресіз (әрине, қазіргі заман – сәл басқаша).
Әр адам, әр отбасы секілді, әр қоғам (ұлт) өзін сақтауға, дамытуға тырысады. Өз болмысын (тіл, салт-дәстүр, дін) және ішкі бірлігін сақтай алмаған елдің ақыр түбі ыдырап, басқаларға жем болатыны белгілі. Ал бірлікті, қоғам тұтастығы мен ынтымағын сақтау үшін оған қауіп төндіретін құбылыстар мен адамдар жазаланатыны (оқшаулау, шеттету, тіпті өлтіру) анық. Мемлекет жүйесі, заңдар, қоғамдық келісім осы тұрғыда әрекет етеді; қажет кезде зорлық, жазалау жүзеге асырылады.
Яғни, көптің мүддесі үшін, қоғам тыныштығы үшін және құнды дүниені (оның ішінде, әрине, дінді) сақтау үшін мәжбүрлеу орын алады. Мысалы: еліне, мемлекетіне (дініне) опасыздық жасағандар қашан да аяусыз жазаланған. Бұл адамзаттың өмір сүру салты, тарих дәлелдеген шындық!..
Шариғат шарты бойынша өлім жазасы үш жағдайда рұқсат етілген: 1) Жұбайы бола тұра басқа біреумен зина жасағанда; 2) Біреуді себепсіз өлтірген адам; 3) Муртад – Ислам дінінің үкімі жүріп тұрған кезде, мұсылман болғаннан кейін, діннен шыққан адам. Мән беріп қарасаңыз, үш күнә да – адамның жеке басына ғана емес, көпшілікке, қоғам берекетіне қауіп төндіретін қылмыс екені анық көрініп тұр.
Жалпы, муртад болып саналу үшін адам әуелі мұсылман болуы тиіс, яғни саналы түрде Ислам дінін қабылдауы тиіс. Оның алғашқы шарты «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – Оның Елшісі» деген сенімді (калима-шаһаданы) жүрекпен бекітіп (сеніп), тілімен жария етуі қажет. Егер осылай саналы түрде мұсылман болған адам кейін Ислам дінінен бас тартса, сол кезде ғана ол муртад, яғни діннен шыққан болады.
Сосын адамның өзі діннен шыққандығын ашық жария етпесе, дінге қарсылық істермен ашық айналыспаса, оны ешкім де «муртад» деп айыптай алмайды. Оны айтасыз, ондай адам діннен шыққандығын ашық жария етсе де, шариғат бойынша оны ешкімнің де өлтіруге құқы жоқ!
Себебі, ол үкім орындалуы үшін жаңағы адамның өмір сүріп жатқан мемлекеті шариғат заңымен басқарылатын мемлекет болуы және сол елдің шариғат соты үкім шығаруы тиіс. Тағы бір ескеретін өте маңызды нәрсе: шариғат соты үкім шығарғаннан кейін де, ол үкім бірден орындалмайды; ол адамға ойлануға уақыт (үш күн) беріледі.
Егер ол адам дінге қайтса, онда үкім күшін жойып, кісі жазадан босатылады. Тіпті жаңағы адам жалған айтып, «тәубе етіп, райымнан қайттым» десе де, жазадан құтылады. Сондықтан «муртад адам өлтіріледі» деп жалпы айтылғанымен, оның нақты іс жүзінде орындалуы өте қиын (Осы секілді зинаға қатысты жаза да – өте күрделі дүние)…
Енді муртадқа неге ауыр жаза тағайындалғанына қатысты кей мәселелерге тоқталып өтейік. Құранда мынандай аят бар: «Кітап берілген қауымның бір тобы (өзара): «Мүміндерге түсірілген Құранға күннің алғашқы бөлігінде иман келтіріп, ал күннің соңында күпірлік етіңдер (бас тартыңдар). Мүмкін олар (күдіктеніп, діндерінен) қайтар» деді» («Әли Ғимран» сүресі, 72-аят). Бұл аятта Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) кезіндегі дін дұшпандарының қулық-сұмдығы баяндалған. Ғалымдарымыз: «Муртад жазасы – осындай екіжүзділіктің алдын алу үшін белгіленді», – дейді…
Көзіқарақты қауым біледі: асыл дінімізде әзілдеп болса да, айтуға болмайтын сөздер бар. Мысалы: бір ер әйеліне әзілдеп немесе мазақтап, «мен сені талақ еттім» десе, немесе әйелі оған әзілдеп «мені талақ етсейші» дегенде оған күйеуі де ойнап «иә, талақ еттім» дейтін болса (Әбу Ханифа мен имам Шафиғи мәзһабы бойынша), талақ іске асып, екеуі сол сәтте ажырасқан болып саналады.
Өйткені Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Үш нәрсенің қалжыңы да, расы да жүзеге асады (яғни шындыққа есептеледі), олар: талақ, құл азат ету және неке», – деген хадисі бар.
Сондай-ақ, үш талақтан кейін өз жұбайына үйлену үшін «оның басқа адаммен некеде болып, одан ажырасуы қажет» деген шарттың бар екені белгілі. Шариғат бұл мәселелерде неге соншалықты қатал? Себебі, некелесу, ажырасу немесе құл адамды азат ету – адамның алдағы өміріне, тұтас тағдырына әсер ететін дүние; оның бүкіл болмысын қозғайтын, жан-дүниесін ширықтыратын нәрселер! Яғни адам жүрегімен, сезімімен ойнауға болмайтынын; оның аса қауіпті іс екенін, салдары сұмдық болатынын түсіндіру үшін, жауапкершілікті сезіндіру үшін шариғатымыз осындай үкім шығарған!..
Жалпы, адам еркіндігі жағдаят пен шарттарға біршама тәуелді. Кейде, белгілі бір жағдайларға байланысты, адам өз еркін өзі шектеп, өз еркімен қиындыққа бас тігеді. Өйткені, кез келген нығмет – жауапкершілікпен серіктес! Мысалы, кәмелетке толған жас; отбасын құрған жан; жұмысқа тұрған, қызметке тағайындалған немесе билікке жеткен адам; ғалым, ақсақал, отағасы, мұғалім – қысқасы белгілі бір аманат арқалаған адам саналы түрде, өз еркін шектейді, яғни жауапкершілік арқалайды. Адам осы арқалаған аманатының, жауапкершілігінің арқасында жетіледі, кемелденеді, тұлғаланады. Тура сол сияқты мұсылмандықты қабылдау – дін аманатын арқалау, өз еркіңді (нәпсінің еркіндігін) шектеу деген сөз… (Негізі: нәпсі қалауын шектеу – рух азаттығын арттыру, әр шектеудің артында азаттық бар…)
Дін қабылдау немесе белгілі бір сенімді қабылдау – шын мәнінде өз өміріңді, тағдырыңды өзгерту (бір бағытқа салу) деген сөз! Өйткені, сол сенім – сенің дүниетанымыңа негіз, тұрмыс-салтыңа өзек, мінезіңе тірек, іс-әрекетіңе басшы болады! Сол сенім сенің тұлғаңды қалыптастырады, «меніңді» белгілейді. Дінді қабылдау – сол діннің қағидалары мен шарттарын, парыздары мен міндеттерін мойыныңа алуды ғана білдірмейді, екі дүниеңдегі ахуалыңды, Ақыреттегі жағдайыңды шешеді!
Дін қабылдау дегеніміз – жауапкершілік арқалау; Құдай алдында, діндес жандардың алдында, жалпы адам баласының алдында, тіпті тұтас тіршілік, бүкіл Ғалам алдында ант беріп, жауапкершілік арқалау! Сол себепті Исламды қабылдау – үлкен ізденісті, ғаламат жауапкершілікті, саналы харекетті білдіреді…
Негізі, ойланып-толғанып, шынайы сеніммен Исламды қабылдағын мұсылман ешқашан діннен шықпайды. Ал өзінің дінін терең зерделемеген білімсіздігі себепті; немесе бас пайдасын көздеген тоғышарлығымен, яғни дүниеге, атақ-даңққа, билікке, әртүрлі нәпсі құмарықтарына (ішімдік, құмар ойындар, зина, т.б.) беріліп, нәпсінің шырмауы мен шайтанның азғыруына түсіп қалғандықтан немесе арам оймен Исламды қабылдаған кісілер діннен бас тартып жатады.
Хақ дін Ислам – жеке адамның рухани мектебі болуымен қатар, қоғамдық қатынастарды реттеуші институт. Бір адамның діннен шыққанын жариялауы – оның етжақындарын ғана емес, тұтас қоғамды дүрліктіретін дүние. Өйткені ол өз қауымынан, тарихынан, тамырынан ғана бас тартып жатқан жоқ, Ақыретінен, мәңгілігінен бас тартып жатыр! Ал Құдайды жоққа шығарған адам –Жаратушысынан ғана емес, өз-өзінен бас тартқан адам!..
Біреудің мұсылмандықтан бас тартуын жария етуі – білім дәрежесі төмен көпшіліктің көңіліне күмән салып, олардың жан тыныштығын бұзуы мүмкін. Сол әрекетімен қоғамда іріткі тудырып, қауымның бірлігі мен берекесіне сызат түсіруі кәдік. Мұндай адам жазасыз қалса, оған еліктеп ессіз бас тартқандар көбейіп, ақыры елдің екіге жарылуы, тіпті өзара жаулық пен соғысқа ұласуы, ең соңында елдіктен айырылып, өзге елге бодан болу, ұлт ретінде жойылып кету қаупі де төнуі бек мүмкін. Осы секілді сандаған қауіп-қатердің алдын алу үшін муртад болғандар қатаң жазаланып, жаман дүниенің алды алынылады.
Муртад әуелі, басқа емес, өзіне-өзі зиян келтіріп, өз жанына қиянат жасайды. Онымен шектеліп қоймай, көбіне ондай кісі өзінің опасыздығын ақтау үшін Исламнан мін іздеп, оны айыптап, дінді жеккөрінішті етіп көрсетуді мақсат етіп, қарсылық әрекеттерін бастайды. Білімсіздік өшпенділікке ауысып, күнә үстіне күнә жамап, жүрегін қарайтып, өз жанын өзі жаралай бастайды.
Ақырет тұрғысынан алғанда оның муртад ретінде жазасын алуы – сол адам үшін қайырлы болмақ (екіншіден қоғам үшін дұрыс). Өйткені, неғұрлым күнәсі аз адамның ақыреттік азабы да аз болады. Яғни, муртад болғаны үшін өлтірілген адам сол өлімі арқылы Алла алдындағы өзінің күнәсін өтеп, Ақырет күні сол күнәсінен сұралмауы мүмкін (Күнәсінің жазасын бұл дүниеде алған адамның қайта жазаланбайтыны туралы хадистерде айтылған).
Сондықтан «адамның муртад болғаны үшін шариғи жазасын алуы – Алланың рақымы» десе де болады! Иә, мұсылман адам үшін адамның бақытты, не бақытсыз болуы – оның ақыреттік халімен анықталады…
Білген адамға діннен асқан қасиетті дүние жоқ! Өйткені, дінің – жүретін Жолың, жаныңның Жарығы, өміріңнің Мәні! Діндар үшін Құдай – ең биік, ең қастерлі, ең қасиетті ұғым! Сондықтан ислами таным бойынша, Жаратушысынан бас тартып, қарсы шыққан адамда шынайы қасиет қалмайды.
Өйткені, ол Жаратушысы «үрлеген» асыл рухымен байланысын үзіп, өзін төменгі деңгейге құлдыратады. Тұрпайы сана мен хайуандық инстинктке ұрынады, тіпті одан да төмен азғындыққа (мысалы: біржынысты неке) ұшырайды. Міне, осы себепті Ұлы Жаратушы пендесінің қате әрекеті оның рухына, Ақыретіне кесірін тигізбеуі үшін, ондай адамның жанын алып, оның өзін-өзі құрту процесін тоқтатады. Басқаша айтсақ: өлім арқылы адам жаны тазарып, Жаратушысымен байланысы белгілі бір дәрежеде қалпына келтіріледі. Муртад мәселесінің рухани сыры осында болса керек. Әрине, анығын Алла біледі!..
Атауы айтып тұрғанындай, Исламның мұраты – бейбітшілік пен сүйіспеншілік! Осы құндылықтарға қауіп төндірген кез келген іске тосқауыл қойылады.
Түйіндей айтсақ: дін қабылдау ісінде – мәжбүрлік жоқ; «әркімнің сенімі – өзіне» («Кәфирун сүресі). Алайда, дінді қабылдаған адам – аманат арқалайды, шарттарға бағынады (Үйленген адамның неке талаптарын орындайтыны сияқты). Яғни, муртад жазасы – мәжбүрлеу емес, жауапкершіліктің салдары, сақтану шарасы…
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ