Сұрақ: Мұқтаж отбасындағы баланың оқуына демеуші болу сауапты іс пе?
Жауап: Ислам басқаларға жақсылық жасауға шақыратыны мәлім. Тіпті жақсылыққа жігерлендіріп, сол үшін сауап жазылатыны, жасаған жақсылықтың зая кетпей өзіне қайтып келетіні турасында айтылған аят пен хадистер де жиі кездеседі. Мысалы, имам Бұхариде Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала: (Басқаға) қайырымдылық қыл, өзіңе қайырымдылық жасалады – деп айтқан», – деді» деген риуаят жеткен.
Қоғамда ұл-құздары өсіп мемлекеттік грантқа түсе алмай оқуды ақылы оқиын десе жағдайы жоқ әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар жетерлік. Осындай мұқтаж отбасына жәрдем беріп, ұл-қыздың оқуына қаржылай демеушілік қылса – сауапты іс. Бұл келешек мұсылман үмбетінің білімді болуына өз үлесін қосқан саналмақ.
Бүгінде ниетін Құдай разылығы үшін етіп, баланың білім алуына жәрдем беріп жатқан азаматтар да жоқ емес. Алайда, бала да ата-анасының және демеушінің сенімін ақтап оқуына немқұрайлы қарамауы шарт. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, ақыретте ол ақшаның қалай жұмсалғаны да сұралады. Сол үшін бала оңай келіп жатқан ақша деген оймен сабағын оқымай, дәріске қатыспай жүрсе жарамайды.
Жалғас САНДЫБАЕВ