Таяу Шығыстағы араб елдерінің бірінде шетел компаниясында еңбек етіп жүрген мұнайшы отандасымызбен сұхбат құрдық. Өкінішке қарай, оларға компания тарапынан БАҚ-қа сұхбат беруге, жұмысына қатысты кейбір мәселелер төңірегіндегі ақпараттарды айтуға рұқсат жоқ. Дегенмен бізге еліміздегі және өзі жұмыс істейтін елдегі мұнай саласындағы жағдай, әрбір елдегі Ұлттық қор жайында айтып, ойларымен бөлісуге келісімін берді.
Кейіпкеріміздің жұмыстағы келісімшартына сәйкес, аты-жөнін көрсете алмаймыз. Өтініші бойынша, өзі жұмыс істеп жатқан мемлекетті де атай алмайтын болдық.
Бұл елдің де мұнайы өзгенің қолында
– Сізге уәде бергеніміздей аты-жөніңізді және жеке суретіңізді жарияламаймыз. Біздің оқырмандарымызға мұнай-газ саласы бойынша көпшілікке белгісіз ақпараттармен бөліссеңіз жақсы болатын еді.
– Иә, аты-жөнімді айтпай-ақ қояйын. Мен жұмыс істейтін елде Қазақстаннан азғантай қыз-жігіттер де бар. Сұхбатымызды тиісті орындар оқыса, біздің жұмыс істейтін елдегі жауапты басшыларымызға скриндап жіберулері мүмкін. Айналдырған осындағы бес-алтауымыз күдікке ілініп қаламыз. Бұл елде Қазақстаннан келгендер көп емес. Тапқылары келсе, қазір оңай-ақ тауып алады. Алматының әуежайынан түскенде, кейбір құзырлы мекеме қызметкерлері жіті тексеріп жатады. «Бізді қайдан білесіңдер?» деп сұрасақ, арнайы тізімдер бар дейді.
– Жарайды. Бұған да келістік. Біздің де мақсатымыз: сізге кесірімізді тигізбеу. Енді сізбен жақынырақ танысайық?
– Өзім мұнайлы өлке – Атырау қаласынан боламын. Жасым 40-қа таяп қалды. Үйленгенмін. Екі балам бар. 2004 жылдан бері мұнай-газ саласында жұмыс істеймін.
Одан бұрын екі үлкен зауытта еңбек еттім. Бізді қоғам тек қана «мұнайшы» деп таниды. Бірақ осы мамандық өз ішінде көптеген салаларға бөлінеді. Өзім ең төменгі қарапайым жұмысынан бастадым. Жұмыс істеп жүріп ағылшын тілін терең үйренуге тырыстым. Кез келген адам дұрыс бағытта қозғалса, алдына қойған мақсат-мұраттарына жетеді. Сол сияқты бір бағыттан тайған жоқпын. Қиындықтары болса да мұнай-газ саласын игердім. Екі компаниядан кейін қазіргі жұмысым сұхбаттасуға шақырды. Он шақты адамның ішінен іріктеліп, 2019 жылы осы жұмысқа қабылдандым.
– Сіз жұмыс істеп жатқан осы араб елінің мұнай қоры қандай? Қазақстанмен салыстырып көрсек?
– Салыстыру үшін әлемдік статистиканы келтірейін. Өзіміз мұнайды айтқанда Қазақстанның аяғын жерге тигізбей мақтаймыз. Бірақ та еліміз мұнай өндіруде әлем бойынша 15-17 орындарда тұр. Мен істеп жатқан ел әлдеқайда жоғарғы орында. Қара алтынды бізден үш-төрт есе көп өндіреді. Бір ауданда өндіретін мұнайы біздің бүкіл республиканың мұнайымен пара-пар. Мұнай-газ саласы бойынша нағыз мамандардың істейтін жұмыс орындары да осы жақта.
Бұл жақта да ұлттық компаниялары бар. Бірақ тура біздегідей үлестері аз. Өзім шетелдің компаниясындамын. Біздің компаниямыздың осы елдегі үлесі 80% үстінде. Жергілікті компанияның үлесі тек 5-6% шамасында. Қазақстанда да жағдай осы шамалас қой. Басқа елдердегі үкіметтік компаниялардың үлестері басым болуы мүмкін.
«Бұл жақтың болашағы бар» деп айтқан адамды көрмедім
– Сіз тұрып жатқан мемлекет те араб көктемін басынан өткерген. Жергілікті халық бастарынан өткен түрлі соғыстар туралы не дейді?
– Жергілікті жұмысшылармен жақсы сөйлесемін. Бір ортада жұмыс істейміз. Жалпы бұл жақтың адамдары өте бауырмал. Біздің жақпен айырмашылықтары көп. Олардың адамға деген бауырмалдығы хал-жағдайымызды сұрасқанда қатты білінеді. Біз танымайтын адаммен сөйлескенде тек амандықпен шектелсек, бұлар ары қарай да сұрастыра береді.
Дегенмен, біздің елмен тұрмыстық деңгейін салыстыратын болсақ, біз Америка, олар Қазақстан сияқты. Тұрмыс-тіршілігіміз жер мен көктей. Біздің елде көшеге шықсақ айналамыз таза. Бұл жақ ондай емес. Қоқыстарды жинайтын орталықтар ретке қойылмаған. Жарықтың өзін шектеп береді. Бұл жақта бірыңғай зейнетақы қоры да жоқ. Көбісі зейнетке шыға алмайды. Жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсету сапасы да мәз емес. Мемлекеттік ауруханаларды мүлдем айтпай-ақ қойсақ болады.
Біз үйде отырып Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметін онлайн пайдалана аламыз. Ондай нәрсе мына жақта атымен жоқ. Біз жеке банк картасын түрлі мақсатта пайдалансақ, бұлар картамен тек айлығын ғана шешіп алады. Басқа қызмет түрлері қарастырылмаған.
Қаншама адаммен сөйлестім, біреуінің «Бұл жақтың болашағы бар» деп айтқанын естімеппін.
– Бұлар да біз секілді «Мұнайдың үстінде отырып, неге БАӘ сияқты шалқып өмір сүрмейміз?» – деп үкіметке реніштерін білдіріп жата ма?
– Үкіметке қазақтар сияқты ренжімейді. Өздеріндегі 24 сағат жарықтың болмауын айтып налиды. Жарықты тәулігіне тек үш-төрт сағатқа ғана береді. Ел астанасында жағдайды басқаша дейді. Таза ауыз су мәселесі де шешілмеген проблема. Біз неге Дубай сияқты өмір сүрмейміз десек, бұлар бірінші кезектегі тұрмыстық қажеттіліктерді басты назарға қойған. Біз сияқты шетел азаматтарының қауіпсіздігіне де қатты көңіл бөледі. Әуежайдан күтіп алып, арнайы брондалған көліктермен жұмыс орнымызға апарады. Сол жерден қайтқанша шықпаймыз.
Отбасым Қазақстанда. Жылына бір-екі рет қана елге барамын. Жұмысымыз сегіз сағат. Сенбі мен жексенбі күндері демалмаймыз. Кейбір вахталық жұмыстар 12 сағат. Жұмысымыздың да шарттары жақсы.
Айлық жағын сіздерге нақты айта алмаймын. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, сырттан келіп жұмыс істейтін маманның жалақысы жергілікті қызметкерден жоғары болады. Қазақстанда «шетелдік жұмысшылар неге бізден көп алады?» деп ренжіп жатады ғой. Оған өз басым келіспеймін. Қазақстанның азаматы да шетелге барып, маман ретінде жұмыс істейтін болса, жоғары жалақы алады.
Қазақстан мен Дубайды салыстыру қате
– Әрбір мемлекет өз қазба байлықтарын дұрыс пайдалану үшін не істегені дұрыс?
– Жалпы мұнайы бар елдер үшін ең жақсы нәрсе – Ұлттық қор. Біз мұнайдың ақшасын қорымызға аударып жатырмыз. Оны тек бізде ойлап тапқан жоқ. Сонау Норвегиядан келген үлгі. Ресейдің де Ұлттық қоры бар.
Бұның маңызы неде? Көп адамдардың айтатыны бар: «Біз Дубай сияқты өмір сүруіміз керек» деп. Бұл қате. Қазба байлық болашақта бітеді. Мұнайды қырып өндірген Америка немесе Норвегия, араб елдері де оның уақытша екенін біледі. Олар да ұлттық қорларын құруда. Болашақта мұнай бітсе, біздің экономикамызды ұлттық қордағы ақшамыз көтереді.
Қазіргі мұнайдың қызығын біз емес, негізі балаларымыз көруі керек. Оларға мұра ретінде ұлттық қорды қалдыруымыз қажет. Ұлттық қорға 1 млрд долларды салсақ, ол да босқа жатып қалмай көбейсін. Шетелдің құнды қағаздарынан салған жөн.
Норвегия қалай байып кетті? Олар ұлттық қорларындағы жиналған ақшаны, әлемдік үлкен компаниялардың құнды қағаздарымен толтырды. Компаниялар өскен сайын Норвегияның да қоры өседі. Өзінің халқы да аз мемлекет. Содан кейін қорларындағы ақша тіптен көбейді.
Сіз 1 млрд долларды салатын болсаңыз, ол он жылдан кейін 10 млрд доллар болады. Мәселе ұлттық қордағы ақшаны басқаруда жатыр. Өзімнің жеке пікірім, мемлекетіміздің ұлттық қорындағы ақшаға тиіспеу керек. Кейбіреулер халыққа бөліп берсін дейді. Жарайды. Бәріміз қордан қазір бөліп алып, ұрпағымызды дымсыз қалдырайық. Ұрпағын ойламаса, қазір әркім 10 мың доллардан бөліп алуға болатын шығар. Сонымен елдің шаруасы да бітеді.
Біздегі басты проблема бюджеттің жетіспеушілігінде жатыр. Үкіметтің орындайтын жылдағы тапсырмалары бар. Оның бәрін ішкі салықпен орындауы керек. Бірақ ішкі салықты барлығына жеткізе алмайды. Үкімет сосын ұлттық қорға қол салады. Алынып жатқан әрбір теңге – болашақ ұрпақтың еншісі. Оны ешкім түсініп жатқан жоқ. Біздің қазіргі тауып жатқан мұнайымыз болашақ үшін қажет. Өзіміз үшін қазір мұнайды ұмытайықшы!
– БАӘ-нің билік жүйесі біздікінен әлдеқайда монархиялық қой. Бізде де ұзақ жылғы биліктің жүйесі әлі де жалғасын табуда. Енді олар мұнайын қалай тиімді пайдаланды? Бұл жағынан не дейсіз? Нені үйренуіміз керек?
– Біз эмоцияға берілмейік. Әлеуметтік желіде көп әңгімелеріміз эмоцияға толы. Біздің қоғам фактчекинг деген нәрсені жасамайды. Ақпараттың дұрыс немесе бұрыстығын тексеріп қарау керек.
Нақты БАӘ-ні алайын. Дубайдың өз халқы үш миллион. Жалпы қалада он миллиондай адам тұрады. Жеті миллионы – сырттан келген келімсек адамдар. Олар жұмыс жасап жүргендер. Өндіретін мұнайы бізден әлдеқайда көп. Бұл бірінші фактор.
Екіншіден территоряны салыстырайық. Біздің бір ғана облысымызға сыйып кететін мемлекет. Елімізде төрт мезгілге сай климаттық өзгеріс бар. Олар тек жаз мезгілін ғана сезінеді. Ақшаның көбі де логистикадан түседі. Дубайдың тұрған жері – әлемнің көптеген үлкен кемелері тоғысатын орын. Әлемдік заттар Дубайға келіп, ары қарай басқа әлем елдеріне жол тартады. Бізде географиялық жағынан сәтті орналасқан ондай қала жоқ. Елімізде үлкен теңізге шығатын жол да жоқ. Каспийді теңіз деп қарамайық. Мұхиттарға шығатын жол керек қой.
Осындай көптеген факторларды қарасақ, ойлана алатын адамдар түсінеді. Қазақстан мен Дубайды мүлдем салыстыруға келмейді. Бізде сосын жемқорлық мәселелері де бар. Ислам шариғатымен өмір сүріп жатқан елдерде жемқорлықтың факторлары бізден әлдеқайда аз. Тіптен жоқ болуы мүмкін. Оларда парақорлар қатты жазаланады. Біз енді шариғатпен өмір сүрмейміз.
Тіл білген адамға бұл жақта мүмкіндік мол
– Мұнай-газ саласына қызығатын, сол жерде жұмыс істегісі келетін азаматтарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Мұнай-газ саласы дегенде, көбі май-май болып жүрген адамды көз алдына елестетуі мүмкін. Олай ойламау керек. Ол жерде технологиялық және гуманитарлық маман иелері де жұмыс істей алады. Баланы мектеп жасынан икеміне қарай тәрбиелеген дұрыс. Ол кішкентайынан гуманитарлық немесе технологиялық мамандықтарға икемделеді. Соны әрі қарай бағыттай білуіміз керек. Кейін де күштемеген дұрыс.
Өзім инженермін. Бірақ ешқашан инженер болып жұмыс істемедім. Өзімнің болмысыма да келмейді. Бала мектепті бітірген соң, техникалық қауіпсіздік мамандығына түссе, мұнай саласында да қызмет етуге болады. Инженерлік мамандықтар да жарап қалады. Экономист саласын бітіріп, мұнайда жұмыс жасауға мүмкіндіктер бар. Гуманитралық мамандықтарды оқып, мұнай-газ саласында қызмет ететіндер көп.
Жастардың қателігі көп ақшаны табамын деуінде жатыр. Жалпы кез келген адамның мұнай саласына жұмыс істеуіне мүмкіншілік бар. Жастар ақша үшін мұнайға қызықпау керек. Ең бірінші кезекте тәжірибе жинау үшін жұмысқа тұрған дұрыс. Қандай да бір жұмыстың тәжірибесі ертең үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Мұнайдың айналасында айлығы көп деп ойлайды. Шыны керек, мүлдем олай емес. Осы салада істеп, мұғалімнен аз табатын жандар да бар. Мұнай саласы тұрақты жұмыс емес. Жұмыстарының көбі уақытша.
– Жұмыстарыңыз денсаулыққа зиянды ма?
– Зауыттан алыс отыратындарға зияны тиеді деп ойламаймын. Мен сияқтылар кеңседе отырамыз. Бізге зарбады тимейді. Кейбіреулер зауыттың ішінде жүреді. Онда жиналып қалған күкірттің зиянды қалдықтары бар. Олардың денсаулығына зардабы тиеді.
Бір зиянды тұсын да айта кетейін. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардар арасында спирттік ішімдіктерді пайдаланатындар болады. Күнделікті 12 сағаттық жұмыс. Ұйқы қанық болуы керек. Алтыға дейінгі жұмысқа бестен бастап тұру қажет. Ерте тұру үшін кешкі тоғыз шамасында ұйықтаған жөн.
Мысалы жұмыста жүріп, жүрегі тоқтап қалыпты дегендерді естіп жатамыз. Бірақ әркімнің жағдайы әртүрлі. Көбі вахталық жұмыстың режимін сақтамағандықтан ғой. Кешкісін жиналып арақ-шарапты ермек етеді. Әңгімелесіп тағы түнімен отырады. Азанда амалының жоқтығынан жұмысқа тұрады. Бір күн тойласа мақұл. Келесі күні тағы қайталайды. Жұмыста уақытылы ұйықтамаған соң, адамның ағзасына кері әсері көп.
Өзімнің жеке пікірім, кез келген сала болса да өзіне керектіні үйрену керек. Ерінбеген адамдар жақсы мүмкіндіктерге жетеді. Мәселе адамдардың жақсы жұмыс жасағылары келетіндігі. Бірақ соған қажеттіні бәріміз жасамаймыз ғой.
Мұнай-газ бойынша менің қарамағымда істегендер де болды. Он шақты жігіт болған. Өздері ағылшынша білмейді. Мен жігіттерге «босқа жүрмеңдер, әрі қарай дамып, ағылшын тілін үйренуге талпыну керек» деймін. Он адамның ішінен тек біреуі ғана оқиды. Қалғандары мүлдем ескермейді.
Еліміз дамуы үшін өзімізді дамытуымыз керек
– Араб еліндегі мұнай саласындағы жұмыстарда қандай да бір ерекшелік бар ма?
– Араб елдерінде мұнай саласында жұмыс өте көп. Араб тілін білетіндерге тіптен жақсы. Қазақстанда мұнай-газ саласында қызмет етіп, білікті тәжірибелі маман болып, ағылшын тіліне араб тілін қоса білсеңіз, мына жақта керемет маман иесі боласыз.
Менің де араб тілін білмейтінім кемшілік болуда. Біздің елде араб тілі десе, адамдар дінмен ғана байланыстырады ғой. Олай жасамау керек! Араб тілін жұмыспен байланыстырған дұрыс.
Араб тілінен бөлек, қытай тілін де үйрену керек. Бұл жақта Қытай елінің компаниялары көп. Қазақстанда біз ағылшын тілін керемет қылып айтамыз ғой. Менің ортамда олай емес. Жай ғана адамдардың білетін тілі. Бұл жаққа араб пен қытай тілін біліп келсе, бәрі таң қалады. Ағылшын тілін олай қабылдай қоймайды. Сіз екеуміз қазақша сөйлескендей ғана көреді.
Сіз екеуміз әлеуметтік желіні пайдаланамыз. Біздегі желіде көбі қате пікірді қалыптастырып алған. Біздің орнымызды басатын жастардан көп үміт күтемін. Олар басқаша ойласа екен. Сіз Facebook парақшаңызға жазып көріңіз: «Қытай тілін үйренуіміз керек» деп. Сізді бәрі жерден алып, жерге салады. Тура солай араб тілі деп жазсаңыз, бір сәтте арабқұл болып шыға келесіз.
Жалпы қарап тұрсақ, елдің дамуы үшін қоғамның санасы өзгеруі қажет. Қоғамның санасы өзгеру үшін, ең бірінші қалыптасып қалған догмалардан арылайық. Мектепте де қытай-араб тілінің курстарын ұйымдастырған жақсы.
Экономика дегеніміз – әрбір азаматтың ақша табуы. Айына миллион тапқан адам, елге де миллион табысын жұмсайды. Дүкенге барғанда өзіне көп азық-түлік алады. Экономика осылай ғана дамиды. Көп ақша табу үшін, қазіргі кезде кәсіби адам болуымыз керек. Кәсіби дегенімізге тілдерді білуіміз де жатады.
Ал әлеуметтік желіге ұлтшылдықты апарып тыға береді. Екеуміз де қазақша сөйлеп отырмыз. Былай қарасақ, сіз екеуміз де ұлтшылмыз. Бірақ ұлтшылдықты әр жерге қыстыра беруге болмайды ғой. Бәрін өзгертетін – білім. Қытай тілін білетін адамға бір жарым миллиард жанның әлемі ашылады. Біз тілін білмесек, оларды түсіне алмаймыз.
Әлеуметтік желілерде блогерлер бар. Қоғамның көбі солардың соңдарын да отыр. Кейбірінің жазған жазбаларына пікірді де, ұнатуды да баспау керек. Бізге басқа адамдарға баға беруден құтылған дұрыс. Басқа адамға баға беріп, өзімізді ешқашан дамыта алмаймыз. Басты мақсатымыз өзімізді дамытуымызда жатыр. Басқаның не ішіп-жегені кімге керек? Одан келіп кететін пайда да жоқ. Ондай жазбаны оқығанша, өзімнің үйренбей жүрген сөздерімді үйренейін.
Ағылшын тілі де ең оңай тілдердің бірі. Бастапқы негізгісін біліп, әрі қарай өз бетімізше үйренуге болады. Қазір ғаламторды ашсақ, ағылшынша үйрететін курстар көп. Бағалары да тиімді. Жалпы үйренемін деген жандарға мүмкіндіктер көп қой.
Бізде үкімет бермейді деп жатады. Жер бетінде мемлекеті жоқ ұлттар бар. Біздің қайта мемлекетіміз бар. Бұрынғы аталарымыз осы жер үшін соғысып, физикалық тұрғыда жандарын берді. Енді бізге соғысудың керегі жоқ. Бірақ жанымызды бермесек те, әрбір азаматымыз мемлекетке не береміз деп ойланса екен. Осындай қағиданы әрқайсымыз қалыптастырсақ, болашағымыз жақсаратын еді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Қадірәлі САРЫПБЕК