Мұхтасип деп – «хисбә» қызметін атқарушы тұлғаны айтамыз. Араб тілінде «хисбә» – «есептеу», «санау», «жеткілікті болу» мағыналарын білдіреді. Ал, фиқһтық анықтамасына келер болсақ, жақсылыққа шақыру, жаманшылықтан тыю қағидасының негізінде сауда-саттық пен экономика саласындағы іс-әрекеттердің діни этика мен шариғатқа сәйкестігін мемлекет тарапынан бақылау – хисбә қызметі деп аталады.
Яғни, шариғат тұрғысынан қоғамдық қатынас барысындағы жеке тұлғалар мен қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттің құқықтары мен міндеттерінің орындалуын қадағалауды «хисбә» қызметі жүзеге асырады.
Фиқһ ілімінде мұсылман ғұламалары қоғамдық тәртіптің сақталуы үшін діни мемлекетте «хисбә» қызметінің болуын парыз кифая деп қарастырған. Ал, «хисбә» қызметін мемлекет билеушілері тағайындаған «мұхтасиптер» атқарады. Ислам тарихында кейбір елдерде мұхтасип қызметін атқарушылар «уәли-л хисбә», «мутәуәлли-л хисбә», «нәзиру-л хисб», «мұхтасип-қорбашы» деп те аталады.
«Хисбә» қызметін медреседе оқып арнайы діни білім алған хұр* мұсылман, сондай-ақ, кей жағдайда қоғамдағы жөнсіздіктің алдын алу үшін күш қолдану әрекетін жүзеге асыратындықтан он екі мүшесі сау, физикалық күш-қуаты жеткілікті адам атқара алады. Базбір ғұламалар қоғамдық қатынас барысында түрлі жағдайлардың орын алатынын ескеріп, мұхтасип – ижтиһад** жасау қабілетіне ие болу керек деген шартты да қосқан. Дегенмен, ғұламалардың көпшілігі (жумхур) мужтаһтид болмаса да, шариғат үкімдерін жетік білетін кез келген арнайы діни білімі бар адам мұхтасип бола алады деп біледі.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) мен әзіреті Омар (р.а.) дәуірінде әйел сахабалар да мұхтасип қызметін атқарған***. Себебі, шариғат бойынша қоғамдық қатынастағы кейбір мәселелерде әйелдердің істерін әйел адам ғана тексере алады. Жалпы, пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде діни біліммен қатар сауда-саттықтағы безбен мен көлемді өлшеуді білетін һәм ақша айналымы мен экономикадан хабары бар адам мұхтасип бола алатын.
Сонымен бірге, мұхтасип көркем мінезді, аманатқа қиянат жасамайтын сенімді және әділетті болуы шарт еді (Имам Ғазали. Ихия. ІІ, 333-335 беттер). Ал, діни һәм дүниеуи білімі жоқ, мінез-құлқы тұрпайы (жаһил), әділетсіз адамның мұхтасип болуы харам деп есептелінді.
Мұхтасип фиқһ саласындағы әдет-ғұрыпқа қатысты мәселелерге және адамдардың материалдық ақысына қатысты даулы істерге үкім шығара алады. Алайда, ірі қылмыстық істер мен һад**** жазалары берілуі тиіс мәселелер мұхтасиптің құзіретіне кірмейді. Ол таразы тарту мен көлем өлшеудегі қулық-сұмдықтар, сауда-саттықтағы әртүрлі айла-шарғылар, мерзімінде қайтарылмаған қарыздар, сатылымға шыққан тауардың адал немесе адал еместігін, жұмыс беруші мен алушы арасындағы келіспеушіліктерді, қоңсы ақысы т.б. да қоғамдық қатынас барысындағы әртүрлі келеңсіздіктердің алдын алуға, бақылауға, реттеуге, шешуге, үкім шығаруға құқылы (Ф. Атар, 173-174 бб).
Даулы істерді қарау барысында мұхтасип тараптардан дәлел мен ант сұрауға құқығы жоқ. Бірақ, мойындалған қылмыстық істерді қарап, қарыздардың қайтарылуын қамтамасыз ете алады. Мұхтасип қазидан қарағанда ұсақ даулы істерді қарағанмен, ол қоғамдық қатынас барысындағы жөнсіздіктің алдын алуға жедел түрде шара қолдануға құқылы. Тіпті, мұхтасиптің жедел іс-шаралары күш қолдану арқылы жүзеге асырылуы да мүмкін. Хисбә саласын бақылағандықтан, ол қажет жағдайда құпия іс кесу мен зерттеу жұмыстарын да атқара алады.
Мұхтасиптерге жалақы өзге мемлекеттік қызметкерлер секілді байтулмалдан (мемлекет қазынасы) бөлінетін. Жалақыны осылай тағайындау Алла Елшісі (с.ғ.с.) дәуірінен дәстүр болып қалыптасқан еді. Жалақының көлемін халиф немесе сұлтандар белгілейтін. Кейбір жағдайда мемлекеттік атқарушы (диван қызметі) билігі қызметкерлердің жалақы көлемін анықтап беріп отырған. Мұхтасиптерге саудагерлер мен бұқара халықтан сыйлық (пара) алуға қатаң тиым салынды.
Бір қарағанда мұхтасип пен шуртаның***** қызметі бір-біріне ұқсағанымен, негізінде олардың функциялары бөлек-бөлек болатын. Бірақ, олар қоғам мүддесі үшін жалпы өзара ынтымақтастық пен әріптестікте жұмыс жасайды. Шурта (полиция) қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, мұхтасип – хисбә (сауда-саттық пен экономика) саласын қадағалап, аталған салаға тән мәселелерді реттеуге һәм санкциялық шешімді жүзеге асыра алуымен ерекшеленеді.
Түйін: Төл тарихымызға назар салатын болсақ, Ислам дінін мемлекеттік деңгейде қабылдаған Қарақан, Хорезм шах, Алтын Орда мемлекеті, Қазақ хандығы, Қоқан хандығы дәуірлерінде мұхтасип (басқа әртүрлі атаулармен) қызметінің жұмыс істегеніне куә бола аламыз.
Тіпті, Ресей патшалығының құрамында болған кезімізде де Орынбор мүфтилігіне қарасты Қазақ даласында жүздеген мұхтасиптердің жұмыс істегенінен хабардармыз. Алайда, Кеңес үкіметінің тарих сахнасына шығуымен мұхтасиптердің қызметіне тоқтау салынды. Ал, бүгінгі зайырлы Қазақстан мемлекетінде хисбә қызметін ішкі істер, қаржы полициясы, прокуратура, әкімшілік сот органдары жүзеге асырады.
Мұхан ИСАХАН
* құл емес, тәуелсіз адам.
** Құран мен сүннеттің негізінде діни үкім шығару.
*** Мысалы, Самра бинт Нуһайк
**** Құрандағы Алла Тағала тағайындаған жазалар
***** полиция