Бұл Сауд Арабиясында 1954 жылы түркістандық мұхажірлер шығарған басылым. Кеңес үкіметі 1930-шы жылдары мұсылман қоғамына ашықтан-ашық террорлық әрекеттер жасады. Коммунистік идеологияны Орталық Азия елдеріне сіңіру үшін оған балама деген кез келген идеологияны қуғын-сүргінге ұшыратты.
Ал Орталық Азияда ежелден Ислам діні құндылықтары салтанат құрып келе жатқан болатын. Кеңес үкіметі алғашқыда 1920-шы жылдары дінге еркіндік берді. Алайда, комунистік идеологияны Орталық Азия елдеріне мемлекеттік аппарат қанша насихаттаса да, Ислам діні рухани алаңды босатпады.
Коммунистік идеологияны жетістікке жеткізу үшін амал жоқ Кеңес үкіметі оған бәсекелес Ислам дініне күш қолдануға барды. Осылайша жүздеген мың мұсылман қайраткерінің басына қара бұлт үйірілді. Олардың бірсыпырасы шетелдеге қашып, жан сауғалауға мәжбүр болды.
Шетелге кеткен мұсылман қайраткерлері Отан үшін күресін сыртта жүрсе де тоқтатқан жоқ. Мұстафа Шоқай, Вели Каюмов, Зәки Уәлиди Тоған, Баймырза Хайт, Мүбәшширхан әт-Тарази т.б. қайраткерлер Түркістан мұсылмандарының мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға ұмтылды. Мұсылман қоғамында мұндай күресті «мұхажірлік күрес» деп атайды.
Сауд Арабиясына қоныс аударған Орта Азиядан шыққан мұсылман қайраткерлері Кеңес үкіметіне қарсы идеологиялық күрес майданын ашты. Олар сол елден 1954 жылы «Азат Түркістан газетін» шығарды.
Басылымның алғашқы нөмірінде «Түркістан тарихы», «Ислам діні бойынша тәуелсіздіктің мәні», «Құтадұғу біліктің» авторы – Жүсіп Баласағұн», «Ұлттық өлең-жыр – Аталар сөзі», «Мысырдағы Түркістан көшесі» т.б. мақалалар жарияланды.
Алайда, басылымның қанша саны шыққаны белгісіз. Ғылыми айналымда алғашқы нөмірі ғана сақталған (суретте). Газеттің басқа нөмірлерін тауып, оны ғылыми зерделеу алдағы күннің еншісінде тұр.