Қым-қуат тіршілігі бітпейтін күнделікті қоғамда жағымды, жағымсыз түрлі оқиғалар орын алып жатады. Сырттай қарағанда бұл үйреншікті, көз үйреніп кеткен, тіпті солай болуға тиіс секілді көрінетін қарапайым көріністер секілді. Ал ақыл тоқтатып түбіне үңіліп қарасақ кез келген оқиғаның тамырында адам баласының туа бітті мінез-құлқы қылаң беріп жатады. Иә, пенде болған соң жаратылысымыз әртүрлі. Сондықтан кейде сабырсыздыққа, ашуға, менмендікке тіпті өзімбілермендік пен тәкаппарлыққа беріліп кетеміз. Және бұл ісіміздің қаншалықты зиянға соқтыратынын ойланбаймыз да.
Әсілінде әрбір адам баласы тұтас қоғамның бір кірпіші болғандықтан, кейбіріміздің артық мінезіміз қоршаған ортамызға кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы орайдан алғанда кез-келгенімізге мінез-құлық қағидасын қатаң сақтаудың артығы болмайды. Біз атаана, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, әскер, ұжым арасындағы тәрбиенің сан-саласын көрдік. Дегенмен осынау тәрбие сатыларын түгел жинап келгенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсетіп кеткен тура жолға жетпесі анық. Адамзаттың асылы бізге сөзімен де, ісімен де үлгі болды. Бұл сөзімізге дәлел іздеудің де керегі жоқ. Себебі құдіреті күшті Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде Сен ұлы ахлақтың (мінез-құлықтың) иесісің», – деп нақты айтқан емес пе?! Сондықтан исі мұсылман баласы үшін көркем мінез қалыптастыруда ең ұлы ұстаз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болмақ.
САБЫРЫ САРҚЫЛМАҒАН САРДАР
Ислам тарихына үңілген әрбір бауырымыз Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүріп өткен жолының оңай болмағанын, тіпті қауіпқатерге толы болғанын аңғарар еді. Соншалықты қиыншылық пен арпалысқа толы күндерді адамзаттың ардақтысы сабырмен, мейіріммен, жұмсақтығы мен терең тағылымды ақылымен өткізген. Бірде Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарыз берген бір яһуди келіскен мерзімінен ерте келіп, жағасына жабысты. Онысымен қоймай: «Ей, Мұхаммед, қарызымды қайтар!» – деп дөрекі сөздер айттты. Оны көрген Омар (оған Алла разы болсын) ашуға мініп: «Басыңды шабамын» деп, қаһарланды. Сонда Пайғамбар: «Бұл кісіге қарызымды қайтар да, әлгі сөздеріңмен қорқытқаның үшін оған қосымша құрма бер», – дейді. Соншалықты мейірім мен сабырлы көрініске куә болған яһуди Ислам дінін қабылдады.
Тағы бірде Қағбада намаз оқып жатқан Пайғамбарымызға меккелік мүшріктер жауыздың ойына келмес жаманшылық жасады. Олар Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәждеге барған кезде түйенің ішек-қарны, қан-жынын үстіне төгіп, мазақ етті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатима (оған Алла разы болсын) келіп, үстін тазалағанша сәждеден басын көтере алмай жатты.
Тағы бірде Алла елшісін Таифтағы сақиф тайпасы таспен атқылады. Сонда таулар періштесі Пайғамбарымыздан сақиф тайпасының үстіне тауды төңкеріп тастауға рұқсат сұрады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Керісінше, олардың үрім-бұтағынан Алла Тағаланың жалғыз Өзіне, ештеңені серік қоспай ғибадат ететіндерді шығаруын Алладан үміт етемін», – деген. Осыншалықты сабыр мен төзімділік таныту Пайғамбарымыздан басқаның қолынан келмес еді. Ал адамзаттың асылын Жаратушы Иеміз: «Сен өзіңе не уәхи етілсе, соған ер һәм Алла өз үкімін шығарғанша сабырлық таныт. Ол – үкім шығарып, билік айтушылардың ең қайырлысы (ең әділ)», «Бұл (айтылған жайттар) – Біз саған (уа, Пайғамбар) уахи ететін ғайып хабарлардан. Сен де, сенің қауымың да бұдан бұрын олар (хабарлар) жайлы білмейтін едіңдер. Ендеше, сабыр қыл! Асылында (қайырлы) қорытынды (жұмақ) тақуаларға тән» («Ниса» сүресі, 69-аят) деп жолға салып отырды. Сондықтан Меккеде өткізген 13 жылында қандай қатігездікке тап болса да мойымай, асқан шыдамдылықпен халықтың жүрегіне жол тапты. Соққыға жығылды, елден шеттетілді, соның бәріне төзді. Себебі оның парасат-пайымы мол жан еді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде Айша (оған Алла разы болсын) анамызға: «Айша, Алла Тағала пайғамбарға қиындықтар мен сынақтарға төзімді һәм сабырлы болғаны үшін разы болды. Оларға жүктеген міндеттерді маған да жүктейді. Алдыңғы пайғамбарлар қалай сабыр танытқан болса, мен де бар жігерімді салып сабыр сақтаймын», – деген екен. Расында Пайғамбарымыздың терең сабырынан кейін көп адам Исламға келді.
МЕЙІРІММЕН МӘМІЛЕГЕ КЕЛТІРГЕН
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдармен қарым-қатынас жасаудағы әдісі ерекше болды. Оның бір ғана жылы жымиып отырып айтқан бір ауыз сөзі өршіп кеткелі тұрған қаншама даудың бетін қайтарды десеңізші. Ол мәміле жасарда адамдардың қабілеті мен жағдайына қарайтын. Бірде соғыста түскен олжаның біраз бөлігін сахабаларға таратып, енді біразын сыбағасыз қалдырды. Бұған кейбіреулер кейістік танытты. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын жинап алып: «Мен үшін бермеген адамым, бергенімнен жақындау. Себебі кейбіреуге дүние-мүлікті сабырсыздығы мен шыдамсыздығы үшін беремін. Ал Алла Тағаланы дүние-байлықтан да жақын көретіндерге бермеймін. Мәселен Әмір бин Тағлибке сол үшін бермедім», – деді. Соны естіген Әмір бин Тағлиб (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыздың осы сөзі мен үшін көздің жауын алатын қызыл түйелерден әлдеқайда артық», – деген.
КІШІПЕЙІЛ, КЕШІРІМДІ, КҮНӘСІЗ…
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кішіпейілділігі мен мейірімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол өмірінде атақ-абыройға, мал-дүниеге, мансапқа қызықпаған. Ешқашан ерекшеленбеген, төрге ұмтылмаған. «Шын мәнінде мен құл ғанамын. Құл қалай тамақтанса, солай тамақтанамын. Құл қалай отырса, солай отырамын» деген ұстанымнан айнымаған. Сахабаларына кезінде азын-аулақ ақыға меккеліктердің қойын баққанын арланбай-ақ айтып отыратын бейкүнә жан еді. Адам баласына зиян тигізбек түгілі тіпті жан-жануарларға да зәбір көрсетуден қатты сақтанатын. Бірде қатты арықтап кеткен түйені көріп оған дұрыс қарауды бұйырғанын Суһәйл ибн Ханзалия жеткізген. Бір сапарда сахабалар қызғыш құстың екі балапанын ұстап алды. Қызғыш құс төбелерінен айналып ұшып, кетпей қояды. Сонда Пайғамбарымыз сахабаларына дереу әмір етіп балапандарын қайтарып бергізді. Тағы бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құмырсқаның илеуін өртегендерге: «Оттың Раббысынан басқаға (әлденені) отпен азаптауға болмайды» деп айтты», – деп қатаң ескерту жасады. Тіпті сойылатын малды азаптамай бауыздауға да ерекше мән берген. Осыншалықты мейірім тұнған жүректің күллі әлемге ұстаз болуы айқын заңдылық еді.
КӨЛЕҢКЕСІ БОЛУ ДА КЕРЕМЕТ ҚОЙ…
Бірде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сәубан есімді қызметшісі: «Ақыретте маған жәннат бұйырса да, сізден әлдеқайда төмен тұрамын. Ал жәннат нәсіп болмаса, сізді мәңгі көре алмаймын ғой», – деп мұңайған екен. Сәубанның шексіз сүйіспеншілігі құрметіне: «Кімде-кім Аллаға және Пайғамбарына лайықты түрде мойынсұнса, солар жәннатта Алланың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандардың жанында болады. Бұлар қандай керемет жолдастар десеңші!» – деген уахи түскен. Бұл дегеніңіз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір ісінен сабақ алудың сауапқа кенелтумен бірге нағыз бақытқа жеткізеріне дәлел.
Ақылға салсақ Алла Тағаланың бізге пайғамбар жібергенінің өзінде ғибрат жатқанын аңғарар едік. Бес күндік мына жалған өмірде біздің ұстазымыз Мұхамммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екені анық. Ол үмметіне мәңгілік бақытқа барар жолды көрсетіп, оның ережесін үйретіп кетті. Осынау ғажап қағидаттан айнымаған әрбір мұсылманның бұл өмірде адалдығы мен иманынан айрылмасы анық. Ал ұлы ұстаздың сабағын жан дүниесімен сезініп, терең меңгерген пенденің ақыретте алар сыйын ұғындыруға тіл жетпейді.
ДІНІ БӨЛЕК БОЛҒАННЫҢ ДА ТІЛЕГІ БІР…
Әлбетте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезінен бірер мәселені ғана сөз етіп отырмыз. Оның жеке қасиетінен бастап, отбасындағы, қоғамдағы орнын, үлгісін, сабағын тауысып жеткізу мүмкін емес. Бір анығы Пайғамбарымыздың әрбір ізі ғасырлар бойы тура жолға жетелеп келді. Оның соншалықты асыл бейнесі мен баға жетпес мінезі мұсылмандардан өзгелерге де үлгі бола білді. Британ тарихшы Томас Карлайл: «Мұхаммедтің табиғаты риядан және жасандылықтан таза болғаны үшін жақсы көремін», – деп жазса, Отто фон Бисмарк: «Адамзат баласы сен секілді ғажап адамды бір-ақ рет көрді, ендігәрі көре алмас. Мен сенің алдыңда құрметпен бас иемін», – деген. Тарихи тұлғаларды бас идірген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың қалауымен ақыретке дейін үлгі бола берері ақиқат.
Ералы ЕСЕНГЕЛДИЕВ,
РАНТ мүшесі
«Иман» журналы, №9, 2024 жыл