Бүкіл әлемнің раббысы болған Аллаға мадақ болсын! Екі дүниенің сардары Мұхаммед пайғамбарымызға Алланың игілігі мен сәлемі болсын! Адамзаттың ардақтысы, күллі мұсылманның хабибі болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туылған Мәуліт айы құтты болсын!
Мәуліт айы – сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген құрметімізді арттырып, өнегелі өмірін жақын тануға тағы бір мүмкіншілік берері сөзсіз. Адамзатың сәруары Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін қарасақ, адамзатқа тән бүкіл қасиеттерге ие екенін көреміз.
Қандай ғажап?! Мешіттерде күн сайын шақырылатын азан даусында «Мұхаммед» есімінің айтылуы бекер емес. Яғни Алла Тағала өзінің есімімен бірге сүйікті пайғамбарының (с.ғ.с.) есімін қатар атауында таңғажайып сыр жатыр. Тәулік бойы «Мұхаммед» есімінің ұлықталып тұруы – оған деген құрметтің жоғары болатындығын еске салып тұрғандай.
Мұсылманның куәлік сөзі болған «Кәлима таухид» және «Кәлима-и шәһадат» сөздерінде де «Мұхаммед» есімі ерекше ардақталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сондай қарапайым болған. Қасында отырып ең соңынан сөйлеген кісілердің өзін бірінші кісіні тыңдағандай мұқиятпен тыңдайтын. Адамзат атаулының ең мәртебелісі болса да сахабаларына: «Мені Алланың құлы әрі елшісі деп атаңыздар», – дейтін болған. Сахабалар да ешқашан есімін атамай «Иә Расулуллаһ», «Иә Нәбиуллаһ», «Иә, Алланың елшісі», «Иә, Алланың пайғамбары» деп құрметтеумен өткен.
Мақтауға ие болғанын қаладым
Адамзаттың асылы (с.ғ.с.) 571 жылы, Рәбиул-әууәл айының он екінші түні, дүйсенбі күні Меккеде дүниеге келген. Ол уақыттарда «Мұхаммед» есімі ел арасында кең таралмаған болатын. Елдің қадірлі ақсақалдары атасы Абдулмутталибтен немересіне қандай ат қойғанын сұрайды. Сонда Абдулмутталиб: «Немеремнің атын «Мұхаммед» деп қойдым дейді.
Ру ақсақалдары мұның себебін сұрағанда атасы: «Алланың да, халықтың да мақтауына ие болғанын қаладым», – деп түсіндірген екен. Атасы айтқандай-ақ, Алла бұл есімді өз есіміне қатар қойып ардақтады. Атасы ерекшелеп қойған бұл есім күні бүгінгі дейін адамзат арасында ардақтаулы. Қияметке дейін дәл осылай пайғамбар есімі ауыздан-ауызға таралып, ардақтала бермек.
Пайғамбарды жақсы көру – Алланы жақсы көру
Құрандағы «Әл-Имран» сүресінің 31-аятында Алла былай баян етеді: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Алла өте кешірімді, (әсіресе мүмін құлдарына) ерекше мейірімді».
Бұл аяттан байқағанымыз, егер Алланы танып, оны жақсы көрген болсақ, яғни сүйікті құлы болудың көрінісі – ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ізіне еру, көрсеткен тура жолынан тайқымау. Кім осылай жасаса, Алла ол құлын жақсы көріп, күнәларын ғафу етпек.
Расында Алла кешірімді, мейірімді. Құранның және бір аятында былай делінген: «Күдіксіз Алла және ақырет күнінен үміттілер – сендерге Алла елшісінің бойында жақсы өнеге бар». («Ахзаб» сүресі, 21-аят)
Ең жақын досы хазіреті Әбу Бәкір (р.ғ.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі! Сізді осыншалық көркем әдепке кім баулыды?» – деп сұрайды. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Мені Раббымның өзі әдепті етті және жақсылап тәрбиеледі», – деп жауап береді.
Айша анамыз (р.ғ.) өзінен: «Алла Елшісінің мінез-құлқы қандай еді?» – деп сұраған кісілерге: «Сіздер Құран оқымайсыздар ма? Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мінез-құлқы – Құран еді», – деп жауап береді.
Расында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әдептің ең биік шыңынан көрінген дара әрі мақтауға лайықты тұлға екені сөзсіз. Пайғамбар жолын таңдаған, өміріне еліктеп, жолына ерген адам кемелдікке қол жеткізбей қоймайды.
Сахабалардың пайғамбарға сүйіспеншілігі
Алла тағала былай дейді: «Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық». («Ахзаб» сүресі, 6-аят)
Пайғамбарды жақсы көрудің көрінісін Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай жеткізеді: «Сендердің ешқайсысың мені бала-шағасынан, ата-анасынан және барша адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл мұсылман бола алмайсыңдар».
Асыл Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) сахабалардай жақын танып, жақсы көрген жандар жоқ. Сахабалар ол кісімен замандас болу бақытын иеленді. Қиыншылығын бірге көтерісіп, дін жолындағы жетістіктеріне шексіз қуана алды. Олардың Пайғамбарға деген махабаттары ананың баласына деген мейірінен кем түспейтін.
Мәселен, хазіреті Әли (р.ғ.) сахабадан: «Сіз Алла Елшісін (с.ғ.с.) қаншалықты жақсы көруші едіңіз?» деп сұрағанда: «Алланың Елшісін (с.ғ.с.) біз дүние-мүлкімізден, бала-шағамыздан, ата-анамыздан да артық жақсы көруші едік. Тіпті шөл далада қалған кісі бір жұтым салқын суды қалай жақсы көрсе, біз де Пайғамбарды (с.ғ.с.) одан бетер жақсы көреміз!» – деген екен.
Әділетті халифа хазіреті Омар (р.ғ.) Алла Елшісін жанындай жақсы көрген жан. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мені қаншалықты жақсы көресің?» – деп сұрағанда, Омар (р.ғ.): «Иә, Алланың Елшісі, сені жанымнан басқаның бәрінен артық жақсы көремін», – деп жауап береді. Асыл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мені жаныңнан да артық жақсы көрмейінше толық иман еткен болып саналмайсың», – дейді.
Осы сөзі пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін айқындап берді. Сөз мәнісін түсінген хазіреті Омар (р.ғ.): «Иә, Расулаллаһ! Сізді енді жанымнан да артық жақсы көремін», – деді. Сонда барып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Міне, енді толық (иман) көрінісі болды», – дейді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызметінде болған сахаба Әнас бин Мәлик (р.ғ.) былай дейді: «Бір бәдәуи кісі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Алланың Елшісі! Қиямет қашан болады?» – деп сұрағанда, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен ол күнге не әзірледің?» – дейді.
Әлгі бәдәуи: «Менің берген көп садақам жоқ, көп жақсылығым да жоқ, алайда мен Алланы және Оның Елшісін (с.ғ.с.) жақсы көремін», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам кімді бәрінен артық жақсы көрсе, қиямет күні сонымен бірге болады», – дейді.
Осы жәйттің куәсі болған Әнас бин Мәлик (р.ғ.): «Бұл сүйінші мен үшін жәннәтпен сүйіншілегеннен де артық болды. Себебі мен Алланы және Оның Елшісін (с.ғ.с.) қатты жақсы көруші едім», – деген екен.
Сахабалардың мұндай сүйіспеншілігін жіпке тізіп айта беруге болады. Олардың сүйіспеншіліктері тек таңдай қақтырады. Қалайша сахабалар Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өз жанынан артық жақсы көрмесін?! Өйткені Алланың өзі пайғамбарлар мөрін «Хабибуллаһ», яғни «Алланың сүйіктісі» деп атаған ғой.
Мақтаулы есімді әлем ойшылдары да ардақтаған
Даналығымен өз елін ғана емес, айдай әлемді бағындырған біршама батыс ойшылдары да бұл ардақты есімді естен кетпес естелік етіп қалдырған. Соның бірі – ағылшын жазушысы Джордж Бернард Шоу.
Бірде оған кезекті шығарма жазуға ұсыныс түседі. Бұл ұсыныс анау-мынау жайында емес, ислам пайғамбарының бейнесін бұрмалау жөнінде болады. Адамгершіліктен аттамаған жазушы Бернард өз қарсылығын білдіріп: «Ислам пайғамбарының өмірбаянын егжей-тегжейлі оқып шықтым. Ол туралы қайта-қайта оқыдым. Менің түйгенім, оның өмірі асқақ мінез-құлықтан құралған. Мұнан кейін Мұхаммедті (с.ғ.с.) биік деңгейге қоятын болдым. Тіпті, адамзат үлгі тұтуы керек болған әлемдік тұлғалардан биік қоятын болдым», – деген ол: «Алдағы жүз жылдықта Англияны, жо-жоқ, бүкіл әлемді жайлайтын бір дін болса, ол – Ислам болуы мүмкін. Кісі таңғаларлық шапшаңдығы үшін мен Мұхаммедтің дінін өте жоғары бағалаймын. Бұл дін тұрмыстың барлық жағдайларына бейімделе алатын, қай ғасырға да сай дін ретінде көзге түсуде. Ол ғажап кісіні мен зерттедім. Оны адамзаттың құтқарушысы деп білген жөн. Дәл сондай бір адам қазір әлемді басқарса, бейбітшілік пен татулықты орнықтыра отырып, барлық мәселелерді шешер еді. Мен былай топшылаймын: Мұхаммедтің сенімін ертеңгі Еуропа қабылдайды, оны тіпті бүгінгі Еуропаның өзі қабылдай бастағаны белгілі», – деп сөзін түйген екен.
Қалайша ақылды адам демессіз?! Әлемге аты әйгілі осындай тұлғалар асыл пайғамбардың есімін ардақтап, өшпестей ойлы сөз қалдырды.
Герман мемлекетінің қайраткері Отто фон Бисмарктың сөзі хақты суреттейді. Ол былай дейді: «Мен мынаны мойындаймын; Мұхаммед – ғажап бір күш. Жаратушы мұндай кісіні екінші рет жарата қоймас. Ей, Мұхаммед, сенің замандасың бола алмағаныма қатты өкінемін. Өзің таратқан мына кітап сенікі емес. Ол Құдайдікі. Бұл кітаптың Алладан екенін мойындамау – ғылымды түгелдей жоққа шығарғанмен бірдей күлкілі нәрсе. Адамзат баласы сен секілді ғажап адамды бір-ақ рет көрді, ендігәрі көре алмас. Мен сенің алдыңда құрметпен бас ием».
Бисмарктің осы сөзі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға деген бар құрметін көрсетіп тұр.
Салауат – сүйіспеншіліктің белгісі
Күллі көркем әдепті тал бойына топтап, үмметіне үлгі болған сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уә сәлләм – адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы. Алла Тағала өзінің хабибіне: «Шын мәнінде, Сен ұлы көркем мінез құлыққа иесің», – («Қалам» сүресі, 4-аят) деп ерекше атаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметіне: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім», – деген еді.
Алла Тағала былай бұйырады: «Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынсұнушылықпен салауат, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят)
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.ғ.): «Адамдардың ішіндегі ең сараңы кім деп ойлайсың?» – дейді. Фатима (р.ғ.) анамыз: «Алла берген дәулеттен садақа бермейтін адам», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар, міне солар сараңдар!» – дейді.
Сондықтан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімі аталған уақытта «саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» деп салауат айту – әрбір мұсылманның міндеті. Салауат айту – сауап іс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған бір күнде жүз салауат айтатын болса, Алла оның жүз қажетін орындайды. Оның жетпіс қажетін ақырет күні, ал отызын осы дүниеде орындайды», – деген.
Орта ғасырдың ойшылы, ақын Ахмед Иүгінеки бабамыз: «Оны мадақтағанда тілімнің дәмі кіреді, Оны еске алғанда шекер мен бал жегендей боламын», – депті.
Соңғы демінде «үмметім, үмметім» деп дүниеден өткен сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, өнегесін өмірімізге үлгі ету әдетімізге айналса екен. Мәуліт айы мүбәрак болсын!
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің бас имамы