Сұрақ: Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа пайғамбарлардан қандай ерекшелігі бар?
Жауап: Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарды басқа нәбилеріне қарағанда бірқатар ерекшеліктермен даралаған. Бұлардың кейбірін атар болсақ, онда Мұхаммед (с.ғ.с.) – пайғамбарлардың ақырғысы. Одан кейін пайғамбар келмейді.
Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) насихат қылған діні ертедегі пайғамбарлар сияқты белгілі бір қауымға ғана емес керісінше, бүкіл адамзатқа арналған. Заты мұсылманның барлығы соның үмбеті саналады. Олар пайғамбардың жасаған сүннетін орындап, оны қайтарған жаман нәрселерден сақтанады. Оның діні – адамның шыққан тегіне, нәсілі мен жынысына, ұлты мен этносына қарап бөлмейді. Оның діні адамның қоғамдағы мансабы мен қызметіне және әлеуметтік жағдайы мен дәулетіне қарап бөлмейді, барлығыны тең.
Мұхаммеддің (с.ғ.с.) алып келген діні өзінен бұрынғы көктен түскен діндерді насихаттаған барлық пайғамбарлардың дінімен ортақ. Ерекшелігі сол, оның діні көктен түскен басқа діндерге қарағанда анағұрлым кемел, анағұрлым жеңіл. Сонымен қатар Алла Тағала Мұхаммед пайғамбардың дінін қиямет күніне дейін сақтаймын деп кепілдік берген дін.
Дін исламда Мұхаммед пайғамбардың Алла Тарапынан келген елші екенін мойындауымен қатар есімдері Құранда аталған және аталмай қалған көктен түскен барлық пайғамбарларға иман келтіреді. Мұхаммед нәби (с.ғ.с.) – кемел яғни, оның өмірбаяны толық адам.
Ол кісінің дүнеге шыр етіп келген сәтінен бастап, ақтыққа оралған мезгіліне дейін толық әрі тегіс жазбаларда сақталған. Басқа пайғамбарларда мұндай қасиет жоқ, яғни тарихи жазбаларда олардың өмірбаяны қысқа үзінділер ретінде беріледі. Осы сияқты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ерекшеліктерін ұзақ реттілікпен жалғасырып кете беруге болады. Мұнымен кеңірек танысу үшін пайғамбардың өмірбаянына және жалпы ислам тарихына арналған еңбектермен танысқан жөн.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Ізденіспен жазылған жазба екені көрініп тұр. Өзіме біраз қызық ақпарат алдым.