Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша адам баласына Хақ Пайғамбары әрі соңғы Елшісі етіп жіберді. Пайғамбарымыздың пайғамбар болып жіберілуіндегі мақсатын Құран Кәрімнің көптеген аяттарында анық көрсеткен. Мысалы: «Фатх» сүресінің 8-аятында: «(Мұхаммед с.а.у.) Шын мәнінде Біз сені куәгер, сүйіншілеуші әрі ескертуші ретінде жібердік» – деп айтады. Сонымен қатар, Алла Тағала өзінің сүйіспеншілігіне бөленіп, кешіріміне ие болу үшін сүйікті Пайғамбарына мойынсұнуды шарт етіп қосқан. «Әли Имран» сүресі 31-аятта: «(Елшім) Айт: Егер Алланы сүйетін болсаңдар маған ілесіңдер. Сонда Алла да сендерді сүйеді және күнәларыңды кешеді. Алла өте кешірімді әрі тым мейірімді» дейді.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің пәк жаратылысымен, кемшіліктен пәк келбетімен, көркем мінезімен, сенімділігімен, арлылығымен, намыстылығымен, жоғары парасатымен, сөзге шешен ғажайып ділмарлығымен, ғибадатта терең құлдығымен және айрықша қабілетімен жіберілу мақсатына сай өмір сүрді. Алла Тағала Құранда «Ахзаб» сүресінің 21-аятында: «Күмәнсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» деп бұйырған.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінен бұрынғы пайғамбарлар мен өзінің арасындағы байланысты былай баяндайды: «Мен және менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы – мынадай бір үй тұрғызған кісінің мысалы сияқты: Ол үйді көз тартарлықтай көркем етіп салады, бірақ бір бұрышында бір кірпіштің орыны бос қалады. Халық ол үйді айналып көріп, ұнатып: «Әттең, енді мына бір кірпіші қойылса ғой» дейді. Сол кірпіш мен боламын» деген екен. Яғни Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін үйді бұзып, қайта тұрғызушыға емес, толықтырушыға, аяқтаушыға теңеді. Бұл ислам дінінің жақсылық жолды қиратушы емес, керісінше толықтырушы екендігін көрсетеді. Осы қағидатқа сәйкес шынайы мұсылман Құран мен сүннет жолын толық ұстануды көздесе, Құран мен сүннетке қызмет жасаған ғұламалардың мұрагері, Құран мен сүннет арқылы өмірін өрнектеген дана халықтың ұрпағы ретінде солардан қалған сара жол мен даңғыл дәстүрді жаңғырта отырып, өзін кемелдендіруі керек.
Келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мені мен сендердің мысалы құдды мына адамға ұқсайды. Бір адам кешке от жағады. От айналасына жарық береді, сол кезде шыбын-шіркейлер мен жәндіктер отқа үймелеп, өздеріне зиян тигізеді. Әлгі адам жәндіктердің отқа түспеуіне тосқауыл қойса да жәндіктер оған бой берместен отқа түсе береді. Міне, мен де сол адам сияқты сендерді белбеулеріңнен ұстап отқа түспеулерің үшін құтқаруға тырысып жатырмын. Алайда, сендер отқа ұмтылып, ішіне түспексіңдер» деген (Имам Бұхари, Риқақ 26).
Мұсылман баласы иманның жеті шартының бірі ақырет күніне иман келтіреді. Құранда және хадистерде айтылған хабарларға күмәнсіз сеніп, оны талқыламайды. Жоғарыдағы хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне қырағы болуды ескертеді. «Үмбетім абайла!», деп өз көзімен көрген қауіп-қатерден сақтандырады. Адамзат ғылым-біліммен, ақылымен дүниені меңгеріп үкім жүргізуі мүмкін. Бірақ сол ғылым-білімді уахидың елегінен өткізіп пайдаланған жағдайда, Алланың құдіреті мен хикметін сезініп, пайғамбарымыз жасаған ескертулерінен сақтанып, адамзат баласына төнген қауіптен қорғанып, өзін тозақ отынан құтқарған болады.
Алла Тағала Құранда Пайғамбарын былай деп сипаттайды: «Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі 107-аят).
Ақиқатында, Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейірімділігімен үмбетін бауырына басып үгіт-насихатын үзбей жалғастырды. Көңілдерге ұялаған кірді, қайғы-қасіретті кетірді. Әлсізді демеді, шектен шыққандарды сабасына түсірді. Күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндіріп, зұлымдық пен надандықтың қара түнегін сейілтті. Артынан ерген сахабаралын жасампаздыққа, жарқын болашаққа бастады. Алла Тағаланың кәләмі Құран Кәрім мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін сара жол етіп қалдырды. Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) досымен қатар дұшпандары да мойындады. Есімі аталғанда еріксіз құрметпен бас иді. Бетіне басатын ешбір айыбын, кемшілігін таба алмады. Сөзі мен ісінің шынайылығына қарсы ешбір уәж айта алмады.
Алла Тағала Құранның «Ахзаб» сүресінің 6-аятында: «Иман келтірген жандарды пайғамбар олардың бір-бірін жақсы көргендерінен де артық жақсы көреді….», – деп, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзімізден де артық жақсы көру керектігін білдірді. Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иманның ләззаты жөнінде: «Мына үш нәрсе арқылы адам баласы иманның ләззатын татады: Солардың бірі – Алланы және Оның елшісін өзге нәрселердің барлығынан артық жақсы көру…» деген (Имам Бұхари, Иман, 14).
Мұсылман баласына, Алла Елшісіне шынайы бойұсынып, сүннет атты дара жолының соңынан еру міндеттелген. Жан тәнімен барлық махаббатты Пайғамбарымызға арнап, оны өз жанынан, туған-туысынан, мал-мүлкінен, тіпті жан жолдасы жұбайы мен көзінің қуанышындай болған бала-шағаларынан да артық көруге бұйырылған. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғайыпқа қатысты әрбір сөзіне, ізгілікке толы хабарларына нық сенуді, күмәнсіз қабылдауды, «естідік, мойынсұндық» деп күшті имани дәрежеде сенуді талап еткен. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақиқатты сөйлейтін, әрбір сөзі уахидан туындайтын, Алла көкірегіне салған бұйырықты, мұғжизаларды, айна-қатесіз жеткізетін Пайғамбар еді. Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Саясат КӨКЕНАЙ,
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің
наиб имамы