610 жыл ислам тарихында ерекше маңызды жыл саналады. Исламның қасиетті мәтіндеріне сай Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) дәл осы жылдан бастап уахидің келгені белгілі. Сондықтан 610 жыл ислам дағуатының бастау кезі ретінде қабылданады.
Қатаң бәсекелестікке негізделген тайпалық қатынастар мен пұтқа табынушылық нық орныққан кеңістікте әлемдік діннің шығатынын ол заманда болжап білу мүмкін емес еді. Алайда, отырықшы-саудагер қоғам мен көшпенді ру-тайпалар қоғамында исламның идеялары біртіндеп қалыптаса бастады. Алғашқы кезеңде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дағуаты көптеген қиыншылықтарға тап болды. Жергілікті арабтардың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі жолы мен ру-тайпалық әлеуметтік құрылымы ислам дінін шеттетіп, жаңа дінді қабылдауға кедергі жасаған болатын. Сонымен қатар, араб түбегіндегі пайғамбарлық діндердің барлығы басқа ұлттарға тән деп қабылданатын еді. Яғни, ол уақыттағы монотеистік діндердің пайғамбарлары араб ұлтынан келмеген болатын. Осылайша Мекке қаласында Ислам діні «дін» ретінде өзінің толық потенциалын аша алмады.
Алайда, пайғамбардың (с.ғ.с.) 622 жылы Мединеге көші (хижрет) бұл жағдайды түбегейлі өзгерткен болатын. Меккелік кезеңде пісіп жетілген ислам дінінің жаңа әлеуметтік, экономикалық үлгісі және жаңа танымдық идеялары Мединеге келіп толық орнығып, өз орнын тапты дей аламыз. Мединеге көштен 8 жыл өткен соң, 630 жылы Меккенің алынуымен Ислам діні Араб түбегіне толықтай дерлік таралды. Осылайша Араб түбегіндегі орнаған жаңа жүйелі өзгерістер, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірден озуына (632 жыға) дейін бірқалыпты күйін сақтады. Пайғамбар тек діни қызметтермен шектелмей, жаңа құрылған мемлекет басшысы яғни, «саяси лидер», жаңа құндылықтардың қайнар көзі болған «рухани лидер», сонымен қатар ғазауаттарда қолбасшысылығымен «әскери лидер» қызметтерін де атқарған болатын.
632 жылы пайғамбар (с.ғ.с.) өмірден озған соң уахи тоқтап, тұлғалық кризис әсерінен қоғамда жаңа мәселелер туындады. Шахристани «Миләл уә Нихәл»( الملل والنحل) еңбегінде мұсылман қоғамының басына келген фитналарды ашып, бұл тартыстарды тізбектеп шығады. Бұл тартыстар мен даулардың негізгі себептері рухани лидердің жетіспеушілігімен бірге қоғамдық өзгерістерді қамтитын әлеуметтік, мәдени, саяси және ұлттық себептер де жатты. Бұл бағыттарда пайда болған мәселелердің барлығына дін призмасы арқылы жауап табуға тырысқан әртүрлі көзқарас өкілдері жеке бір ислам ағымы немесе мазһаб болып қалыптаса бастады. Бұл мақаламызда осындай тартыстар мен мәселелерге шешім іздеген Муғтазила ағымының тарихи кезеңіне тоқталатын боламыз.
Мұғтазила ағымының өкілдері мен мектебі қазіргі таңға дейін жалғасын таппаса да, ислам діні мен тарихында өзіндік орны бар. Ең алғаш дін және ақыл қатынасын жүйелі түрде байланыстыра отыра уахиды ақли көзқараспен талдауды қолға алу арқылы «Кәләм» ілімінің негізін салған мектеп ретінде танылды. Аббаси кезеңінде мемлекеттік мазһаб статусына ие болып «Даналық үйі»-н салуға айтарлықтай әсер етті. Себебі мұғтазиланың екінші буын өкілдері тұсында грек тілінен философиялық кітаптарды, сонымен қатар басқа діндердің, үнді, иран, яһуди мәдениетінің кітаптарын араб тіліне аудару жаппай белең алды. Осылайша бұл ағым ислам дінінің рационалистері болып тарих бетінде қалды. Сондықтан, ислам тарихы мен мазһабтарына қызығушы әркім үшін мұғтазиланың қалыптасу кезеңіне тоқталу маңызды.
Әрбір тарихи құбылыстың қалыптасу тарихы, алғышарттары, кезеңдері, дамуы мен құлдырауы болады. Кез келген мазһаб немесе діни ағымның тарихы болуы шарт. Мұғтазила ағымы ең алғаш Мақалат еңбектерінде (ислам ағымдарының тарихы алаңы) орын алды. Әһли сунна өкілдері Әбу Хасан әл-Ашаридің (324/936) «Мақалат әл-Исламиин» (مقالات الإسلاميّين), Әбдулкахир әл-Багдадидың (429/1037) «әл-Фарқ байнал-Фырақ» (الفرق بين الفرق), Мухаммед б. Әбдулкерим б. Ахмед әш-Шехристанидың (548/1153) «Миләл уә Нихәл» ( الملل والنحل) секілді еңбектерінде қолға алынған. Әһли сунна өкілдері тарапынан жазылған бұл еңбектерде барынша объективті болуға тырысса да, өз мектептерін қорғау, қарсылық және терістеу мақсаттарын да қамтығанын көре аламыз. Осы себептердің нәтижесінде тарапсыз тарихи баға беру қиынға соғады. Мұғтазили ғалымдардың тарихи деректеріне келетін болсақ мұғтазиланың соңғы буынына жататын Қады Абдулжаббардың (415/1024) «Фадлул-Итизал» (ضل الإعتزال) атты еңбегін айта аламыз. Бұл еңбектерде мұғтазила өкілдері өз жолдарын мақтау мен басқа бағыттағы топтарды терістеулер бар.
Мұғтазила ағымы жайында мұсылман және мұсылман емес ғалымдар арасында еңбектер жеткілікті. ХIX ғасырда батыс ғалымдары тарапынан Мұғтазила ағымы бойынша зерттеулер жарық көре бастады. Британдық ғалым Монтгомери Уотт Мұғтазила ағымының «либералды кәләмшілар» деп баға беруде. [1, б. 312]. Күнімізге дейін жетпей, тарих беттерінде ұмытылған бұл бағыт жайында зерттеулердің жандануының бір себебі, ХIХ ғасырдан бастау алған әлемдік деңгейде либералды және индивидуалды құндылықтардың өзекті болуын айта аламыз. Мұғтазила ағымының кезеңдері жайында ғалымдар арасында әртүрлі тұжырымдар бар. Дегенімен барлығы салыстырмалы түрде үш кезеңге бөлуде, олар: қалыптасу дәуірі VIII ғасыр, алтын (шарықтау) шағы IХ ғасырдың басы, қола шағы мен құлдырау кезеңі IX ғасырдың соңы мен X-ХI ғасырларды айтуға болады [2, б. 128-137]. Осылайша мұғтазила ағымының өмір сүрген уақытын VIII-XI аралығын айта аламыз. Сонымен қатар мұғтазила ағымының даму кезеңінде діннің саяси түсінігі, философиялық және аскеттік түсініктерін де қамтығанын көреміз.
Мұғтазила ағымы жайында ең алғашқы мәліметтер ислам ғалымы Шахристанидің «Миләл уә Нихәл» атты еңбегінде кездеседі. Бұл еңбекте баяндалғаны бойынша әйгілі табиғин Хасан Басриге (ө. 110/728) келген бір адам, үлкен күнә жасаған адамның үкімі жайында сұрақ қояды. Ойға батқан Хасан Басриден бұрын шәкірттерінің бірі Уасыл ибн Ата (ө. 131/748) «Үлкен күнә істеген адам кәпір де емес, мүмин де емес. Ол екі ортада, күпір мен иманның арасында» (المنزلة بين المنزلتين)»-, деп жауап береді [3, б. 62]. Әрине шәкіртінің бұл іс-әрекеті ұстазына көрсеткен құрметсіздігі еді. Осы оқиғадан кейін Усыл ибн Ата ұстазы Хасан Басридің дәріс алқасынан бөлініп (اعْتَزَلْ) өзінің жеке дәріс алқасын құрады.
Уасылдың досы, серігі әрі қайынағасы болып келетін Амр ибн Убәйд те (ө. 144/761) мұғтазила ағымының қалыптасуында маңызды рөлге ие. Ибн Кутейба арқылы жеткен мәліметте, «екі ортадағы жер» түсінігін Уасл ибн Ата емес, Амр ибн Убәйд дамытқанын алға тартады [4, б. 7-23]. Осындай алтернативті мәліметтер негізінде батыстық ғалымдар мұғтазила ағымының құрушысы ретінде негізгі рөлді Амр ибн Убейдке беруде [1, б. 319].
Дереккөздер әртүрлі болғанымен бұл екі тұлғаның мұғтазила ағымының қалыптасуындағы орны ерекше. Амр және Уасыл бұл уақыттағы мұғтазила мектебінің алғышқы принциптерінің қалыптасу жолында алғашқы қадамдарын жасаған еді. Шехристани, Уасыл және Амрдың көзқарастарын төрт сыныпқа бөліп көрсетеді. Олар: Алланың кей сипаттарын қабылдамау, тағдыр түсінігіне байланысты анықтама, иман мен күпір арасындағы жер және «Жәмәл» мен «Сыффин» соғыстарына қатысқандарға байланысты ұстанымдары [5, б. 62]. Бұл ұстанымдар негізінде бұл уақытта мұғтазила ағымы грек философиясымен әлі таныс болмағанын көре аламыз. Уасыл мен Амрдың кезеңі мұғтазила ағымының қайнап әлі мектеп болып қалыптаспаған дәуірі болатын. Бұл уақыттағы мұғтазила мектебі сол уақыттағы имам мәселесі, сыффин және жамал соғысындағы мұсылмандар жағдайы, иман-амал және әлеуметтік мәселелердің шешуіне назар аудара отыра, мектептерінің негізгі қағидаларын қалыптастырумен ғана шектелді. Уақыт өте келе мұғтазила ғалымы Әбул-Хузейл (ө. 235/850) бұл мектептің негізгі бес принципін жүйелеп, жеке ағым ретінде қалыптастырды. Бұл бес принципке тоқталатын болсақ [6]:
Таухид – Алла тағалыны затында, сипаттарында және іс-әрекеттерінде бірлігін алға тартатын мұғтазиланың негізгі принциптерінің бірі. Бұл қағида Алланы тану мен қатар, негізгі қамтыған тақырыптары мынадай: Алланың сипаттарын ақылға сүйене отыра жіктеу, Құранның жаралғаны және құдайға қатысты антропоморфистті түсініктерді терістеу жатады. [1, б. 364]. Сонымен қатар Қады Абдулжаппар «Бес қағида шархы» атты еңбегінде таухид қағидасының негізгі мәнін былай деп түсіндіреді: «Дүниедегі жаратылыстар әртүрлі мақсат пен хикмет негізінде, себептерге байланысты жаратылған. Біз бұл жүйені ашықтап түсінген сайын, Алланы тануымыз оңайырақ болады. Адамға ең бірінші парыз Алланы тану болғандықтан, Алланы тануға көмектесетін дүниені де білуі керек.» [6, б. 31].
Әділет – Мұғтазили көзқарас бойынша әділет немесе әділ қағидасы, Алланың тек жақсы істерді жасайтыны, жамандықтан алыс екендігін қамтиды. Бұл принципте адам баласы жасаған іс-әрекеттерінің өзінің жаратуы, Алланың кәпірді күпірлікке мәжбүрлемеуі, мүшріктердің балалары әке-шешелерінің істеген ісі үшін жазаланбауы, адамға көтере алмайтын нәрсені жүктелмеуі жайындағы тақырыптар қамтылған [6, б. 32].
Екі жердің ортасы (Әл-мәнзилә бил-мәнзиләтәйн) – иман мен күпірлік арасындағы бір жерді сипаттайтын бұл қағида, үлкен күнә істеген адамның статусын айқындау мақсатында өзекті тақырыпқа айналды. Мұғтазиланың алғашқы өкілдері тұсында харижилер үлкен күнә істеген адамның кәпір болғанын алға тартса, мүржи көзқарастағылар үлкен күнә иесін мүмин деп бағалады. Мұғтазила болса пасық деген ат беріп, иман мен күпірдің ортасында деген түсінікті ұстанды.
Жаза мен сыйақы – істеген әрбір әрекеттің жақсы және жаманы, пайдасы мен зияның анықтайтын бұл қағида мұғтазила ағымының негізгі қағидаларының қатарына кіреді. Мұғтазила сенімі бойынша үлкен күнә жасап, тәубе етпеген адам мәңгілік тозақта қалады. Алайда бұл тәубе етпеген адамдардың жағдайы кәпірлерден жеңілдеу болады. Жәннаттағы адамның сауабына байланысты мәртебелер бар болғаны секілді бұл «фасық» статусындағы адамдар да тозақта сауабы мен күнәсына сәйкес жазасын алады деп түсіндіреді [6, б. 34].
Жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю – барлық ислам мазһабтары мен ағымдарында кездесетін бұл қағида мұғтазила ағымының қағидалары қатарынан да орын тапқан. Жақсылыққа шақыру Уәжіп дәрежесі және Нәпіл дәрежесіндегі болып екіге бөлінсе, жамандықтан толық, яғни кез келген уахимен бірге ақли дәлелге сүйенген барлық жамандықтан сақтандыру уәжіп болып есептелінеді. Бұл бес қағиданы қабыл еткен адамдар мұғтазила болып есептелді. Алайда бұл қағидалардың қалыптасуы алғашқы екі принциппен байланысты. Алланың бірлігі және оның әділдігі қалған қағидаларды қалыптастырушы болып есептеледі. Осының негізінде Мұғтазила ағымы өздеріне «Әділет және таухид жамағыты» деп атайды [2, б. 672].
Аббасилар халифы Мәмунның (ө. 218/833) 813 жылы таққа келуімен, мұғтазила ағымының алтын ғасыры басталады. Мемлекеттік мазһаб деңгейіне жетіп, қазылар мен бюрократтық лауазымдар мұғтазилалардың қолына өтеді. Мәмун дәуірінде ішкі және сыртқы саяси жағдайлар ушығып шиелене түсті. Бұл жағдайлар Мұғтазила ағымының қалыптасуы мен даму кезеңдерімен де тығыз байланысты десек қателеспейміз.
Осы кезеңдерге көз жүгіртетін болсақ, ең алғаш қоғамдағы проблемалар Әмәуи дәуірінде пайда болғанын көреміз. Әмәуи билігінің мәуәли (الموالي) – араб болмаған мұсылмандарға жасалған әлеуметтік және экономикалық дискриминациясы арабтар мен басқа ұлттар арасындағы байланысты алшақтатып жіберді. Бұл дискриминацияларға: биік лауазымдарға тек арабтар мен әмәуилердің руластарының сайлануы, соғыс күші ретінде қолданылған мәуәлилердің айлықтары мен соғыстан түскен олжаның аз бөлігін ғана иемденіп, көп бөлігінің арабтарға берілуі секілді мысалдарды келтіре аламыз [8, б. 15-29]. Осындай теңсіздіктерге ұшыраған мәуәлилерге Әмәуи билігі жағымсыз көзқараста еді. Харижилер мен шиалық топтардың билікке қарсы көтерілістері және бұл топтардың көпшілігін құраған басқа ұлт өкілдері, яғни мәуәлилер болғандығы шиеленісті одан әрі ушықтыра түсті. Осындай оқиғалар билік басындағылардың мәуәлилерге қарсы негативті имиджін қалыптастырды.
Омар ибн Абдулазиз бұл саяси және әлеуметтік шиеленістің шешімін табуға тырысқанымен [8, б. 96] мәуәли мен араб арасындағы тартыстың көрінісі Харун Рашидтің (ө.193/809) екі баласының арасында көрініс таба бастады. Харун Рашид өлместен бұрын балалары арасында таққа таласты болдырмауы үшін мұрагерлердің рет-ретімен, яғни бірінші үлкен ұлы Амин (ө. 198/813), одан кейін кіші ұлына Мәмунның (ө. 218/833) халифа болып тағайындалатыны жайында қолжазба тастап кетеді. [9]. Екі бауыр арасындағы тартыстың бір негізі осы мәуәли мен араб арасындағы билікке тартыс болып көрінді. Аминнің анасы араб болғанымен Мәмунның анасы соғды ұлтынан шыққан Харун Рашидтің қызметшісі еді. Батыс ғалымы Ира Лапидус «Ислам Қоғамдарының Тарихы» атты еңбегінде екі бауырдың таққа таласын «ислам діні» мен «мемлекет» арасының ашылуы мен бөлінуі ретінде сипаттайды [8, б. 183].
Шын мәнінде бұл екі бауырдың арасындағы тақ үшін тартысы, Алла елшісі тарапынан іргетасы қаланған билік пен үмметтің сакралды байланысының үзіле бастағанын көрсетті. Мәмун 813 жылы таққа келген соң мәуәлилерден болған мұғтазиле ағымының өкілдерін Қазы қылып сайлай бастайды. Сонымен қатар шиалардың сегізінші имамы болған Али ар-Рызаны таққа мұрагер ретінде жариялады. Шиалардың да көпшілік бөлігі мәуәлилерден қалыптасқан еді. Осылайша Мәмун шиалық және мұғтазила екі топ арқылы өз саяси күшін нық бекіткісі келді. Грек мәтіндерін аудару ісімен айналысумен қалмай, кәләм және философиямен айналысқан мұғтазилаларды саяси, әлеуметтік және діни мәселелерді шешу үшін халифат сарайында құрылған топқа енгізді [10, б. 62,79]. Осылайша Мәмун кезеңінде муғтазиланың даңқы мен маңызы арта түсті.
Мұғтазила ағымының Мәмун тұсында алтын шағына қауышуы тек саяси-әлеуметтік проблемалар негізінде емес, сонымен қатар халифтың білім мен ғылымға қызығушылығын да атап өткен жөн. Деректерде «Даналық үйінің» (бәйтул-хикмә) негізін салушы Мәмун халиф екендігі жазылған [11]. Осы құрылған кітапханада Әбул-Хузейл, Наззам, Жахз және Бишр ибн Мутәмир секілді мұғтазила өкілдері Даналық үйінде грек ағартушылары мен философиямен таңысқандығы жайында да деректер кездеседі [10, б. 65].
Мұғтазила ағымының билікке жақындауының тағы бір себебі қоғамда ( الحشويّة) хашвие деп аталатын жаңа бір бағыттың қалыптасуың да ықпалы бар. Хашвие жалпы мағынада діни мәселелерде ақылды қолдаудан бас тарту, қасиетті мәтіннің тек сыртқы (захири) мағыналарына ғана мән беретін топты айтады [12]. Мәмунның дәуірінде Құранның жаратылуы жайында ойдың ортаға шығуының да осымен байланысы бар. Ислам тарихындағы қиын уақыттын бірі Мәмун кезеңінде болған «михне»[1] деп аталатын кезең. 833 жылы Мәмун қазыларына Құранның жаратылғаны жайындағы ұстанымды қабылдау жайында үкім шығартып, тергеулерді бастатады. Қазылық мақамда жұмыс атқарған мұғтазилелер де бұл көзқарасты дұрыс деп білді. Мәмун бұл заңды қабылдауының себебі ретінде, халықтың ілім жолынан алшақтауы, діни тақырыптарда түсініктерінің төмендігі мен халықтың тек тақлиди яғни еліктеу арқылы иман етуі арқылы түсіндіріп, халықтың қауіпті жағдайда тұрғанын алға тартты [10, б. 61].
Дегенмен, халифа мен биліктегі мұғтазилалардың бұл әрекеті мұсылман үмметінде биліктегілерге қарсы болымсыз көзқарас қалыптасуына алғышарттар жасады. Күштеу мен тергеу арқылы өз көзқарастарын тықпалау алғашқы мұғтазилалардың ұстанымына да қарсы келді. Осылайша саяси репрессия Мәмун, Мутасым және Уасық кезеңдерінде жалғасын тапты. Михне кезеңінде билікте негізгі мазһаб мұғтазила болғанымен, мүржиелер мен ханафилерде болатын. Бұл үш мектеп те әһлул-рай мектебінің өкілдері болғаны үшін михнеден кейін барлық әһлул-рай мектептері биліктен қуылып, халық арасында теріс көзқарастар қалыптаса бастады. Басқа бір жағынан михне кезеңінде мұғтазила түсініктеріне қарсы шығып, Құранның жаратылғаны жайында түсінікті терістеп, халық қаһарманына айналған Ахмед бин Ханбалдың (ө. 241/855) тұлғасы бүкіл үмметте мәшһүр болып, халық арасында симпатия тудыра бастады. Ахмед б. Ханбал бастаған әһлул-хадисшілер ескі билік басындағыларды ауыстырып, хадисшілер мектебі кеңінен жайыла бастайды. IX ғасырда хадисшілердің билікке келуімен ислам діні мен тарихында елеулі бетбұрыс болған әйгілі сахих хадистер жинағы «әл-Кутуб әс-Ситта» (الكتب السته) жазылады.
Мұғтазила ағымының алтын шағында саяси ұстанымдарына қарай Бағдат және Басра мектептері болып бөлінеді. Бағдат мектебінің өкілдері ретінде: Бишр б. Әл-Мутәмир (ө.210/825), Ахмед б. Әбу Дәуд (ө. 240/854),Әбу Мұса әл-Мурдар (ө.225/840), Әбул-Хусейн әл-Хаяаттарды (ө. 300/912) айтуға болады. Басра мектебінің өкілдеріне: Әбу Хузәйл Аллаф (ө. 227/841), Әбу Бәкір әл-Асам (ө. 235/850), Ибрахим б. Сәйяр ән-Наззам (ө. 221/830), Жахз (ө. 255/868), Әбу Әли Жуббай (ө. 303/915), Әбу Хашим әл-Жуббайларды (ө. 321/933) жатқыза аламыз. Бұл екі мектептің негізгі айырмашылығы Имам тақырыбына байланысты еді. Бағдат мектебінің негізін салушы Бишр б. Әл-Мутәмир «абзал имам» ұғымын ортаға қояды. Бұл ұстанымның мәні таққа лайықты абзал басшы бар бола тұра одан абзалдығы төмендеу басшы таққа сайлана беруі. Бағдат мектебі Абзал имамның үлгісі ретінде басшылыққа ең лайықты болған адамды хазреті Әлиді ал. Алайда бұл көзқарастары төрт әділ халифты қабылдауға кедергі жасамады. Тек халиф болуға ең лайықты адамның Әли екендігін ұстанды. Басра мектебінің түсінігіне келер болсақ, бұл мектеп өкілдері әһли-суннанын ұстанымына сәйкес Пайғамбардан кейінге ең абзал адам Әбу Бәкір одан кейін Омар, Осман және Әли деген ретті ұстанды [13, б. 52]. Басра мен Бағдат мектебінің негізгі айырмашылығы осы болғанымен өз араларында жеке қайшылықтары болды. Маңыздысы бұл тұлғалардың барлығы бес қағиданың қабылдауында.
Бұл кезеңдегі мұғтазила бағыты «Даналық үйі» кітапханасында аудару жұмыстарымен айналысу барысында түрлі мәдениеттің қол жазбаларымен танысып, грек философиясымен жақыннан танысады. Грек философиясымен танысу барысында алған білімдерін дін қабатына аудару арқылы Әбу Хузейл атомшылардың идеясын алды. Барлық атомның соңы болатындығын және шектеулі екенін алға тартқан Әбі Хузейлге қарсы Наззам, атомның соңы болмайды деген тұжырымды алға қоюымен қарсы шықты [10, б. 72].
Михне кезеңінің ислам үмметі үшін қаралы уақыттардың бірі екенін айтқан болатынбыз. Аббаси халифасы Мутәуәккилдің (ө. 247/861) таққа келуімен бұл саяси репрессия аяқталды. Халифат саясаты түбегейлі өзгеріп, бұл жолы саяси репрессияға ұшыраған тарап мұғтазила ағымы болды. Қоғамдағы жағымсыз естеліктер бұл ағымның өмір сүруін қиындатты. Осылайша Қадыр Биллах кезеңіне дейінгі уақытты М. Уотт «күміс кезең» деп сипаттайды. Халықтың бұрынғыдай мұғтазила ағымына қызығушылығының болмауы және саяси қудалаулар мұғтазила ағымының әлсіреуіне алып келді. Топ өз өмірін жалғастыруы үшін басқа ағымдарға сіңісіп интеграцияға ұшырайды. Мысалы Жахзтың Аббаси халифатының мұғтазила өкілдерін қудалау кезеңіңде, пайғамбардан кейінгі ең абзал адамның хазреті Аббас болғаны жайында еңбек жазуы [10, б. 86]; Қады Әбдулжаббардың шиалық Зейдие ағымының көзқарастарын қолдауы; Әбу Әли Жуббайдың шәкірті, болашақ әһли-сунна ақида мектебінің бірін қалаушы имам Әшаридің мұғтазилалардан бөлінуін айта аламыз [1, б. 449]. Буилер әулетінің кезеңінде өмір сүрген мұғтазила ағымының ең соңғы өкілдерінің бірі Қады Әбдулжаббар мұғтазила ағымына реформа жасауға тырысқанымен еш нәтиже бермейді. Мұғтазиланың ең соңғы өкілдері Ұлы Селжүк империясының тұсында тарих бетінен түбегейлі жойылып кетті.
Қорытындалай келе муғтазила ағымының қалыптасуы мен дамуының үш кезеңі назарға алынды:
– алғашқы кезең муғтазила ағымының қалыптасу дәуірі – VIII ғасырдан бастап, ағымның өзге исламдық көзқарастардан ерекшелене бастаған тұсы. Бұл кезеңде Усыл ибн Ата мен Амр ибн Убәйд секілді діни тұлғалар мутазиланың алғашқы төрт бағыттағы ұстанымын қалыптастырды. Олар, Алланың кей сипаттарын қабылдамау, тағдыр түсінігіне байланысты анықтама, иман мен күпір арасындағы жер және «Жәмәл» мен «Сыффин» соғыстарына қатысқандарға байланысты ұстанымдары. Бұл кезеңде муғтазила өкілдері әлі грек философиясымен таныс болмаған кез. Сондай-ақ алғашқы кезеңде муғтазила нақты ағым ретінде толық орныққан жоқ еді;
– екінші кезеңі муғтазиланың алтын ғасырлары – IХ ғасырдың алғашқы жалдарынан бастап муғтазила өкілдері билік тарапынан қолдауға ие болған тұс. Аббасилар халифы Мәмунның (ө. 218/833) 813 жылы таққа келуімен, муғтазилалар халифаттағы беделді қызметтерге орналасып, күшейе түсті. Сарайда «Даналық үйі» құрылып муғтазиланың өкілдері грек мәтіндерін аудару, кәләм, философиямен айналысып саяси, әлеуметтік және діни мәселелерді шешуде маңызды рөлге ие болды. Бұл кездің ғалымы Әбул-Хузейл (ө. 235/850) мектептің негізгі бес принципін жүйелеп, жеке ағым ретінде қалыптастырды. Бұл бес принцип таухид, әділет, екі жердің ортасы (Әл-мәнзилә бил-мәнзиләтәйн), жаза мен сыйақы, Жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыюға қатысты болды.
– құлдырау кезеңі – IX ғасырдың соңы мен X-ХI ғасырларды қамтитын дәуірді айтуға болады. IX ғасырда хадисшілердің күшеюімен ислам діні мен тарихында елеулі бетбұрыс болды. Аббаси халифасы Мутәуәккилдің (ө. 247/861) халифалыққа келуімен өзге ағымдарға жасалған саяси репрессия аяқталды. Халифат саясаты түбегейлі өзгеріп, бұл жолы саяси қысымға түскен тарап мұғтазила өкілдерінің өзі болды. Қоғамдағы муғтазилалардың биліктегі тұында алған жағымсыз естеліктері ағымның ары қарай өмір сүруін қиындатты. Халықтың бұрынғыдай мұғтазила ағымына қызығушылығының болмауы және саяси қудалаулар мұғтазила ағымының әлсіреуіне алып келді. Топ өз өмірін жалғастыруы үшін басқа ағымдарға сіңісіп интеграцияға ұшырады
Тарихтан сабақ
Осы талдаудан аңғаруға болатын жайт діни топтар қаншалықты рационалды болса да егер өзге көзқарасқа төзімділік танытпаса салдары ауыр болу ықтималдылығы бар. Муғтазила алғашында ақылға орын беріп, әділдікті ту еткенімен, кейін саяси жүймен бірігуі және өзге көзқарастардағы исламдық бағыттарға қысым көрсетуі өз ғұмырын қысқарта түскен. Нәтижеде, ағымның соншалықты күшке ие бола тұра, бір жақты ұстанымда болуы ХІ ғасырда-ақ өмір сүруін тоқтатуына себеп болды.
Медет СӘДІБЕКОВ,
Рахымжан РАШИМБЕТОВ
Әдебиеттер
- Montgomery Watt, İslam Düşüncesinin Teşekkül Dönemi, KETEBE Yayınları. İstanbul. 2021.
- Hasan Onat, S. Kutlu, İslam Mezhepleri Tarihi.
- Şehristani, Milel ve Nihal.
- Muharrem AKOGLU, 2010 ж. , MU’TEZİLİ DÜŞÜNCEDE TARİHİ KlRlLMA EVRELERİ, Erciyes Ü. ilahiyat F. Мақала, bilimname XIX,
- Şehristani, Milel ve Nihal.
- Kādî Abdülcebbâr b. Ahmed. Şerhu’l-Usûli’l-Hamse.
- Şuheda GÜNÇE, EMEVİLER DÖNEMİNDEKİ MEVALİ POLİTİKASININ RİVAYETLERE ETKİSİ, İslam Tarihi Araştırmaları Dergisi, Sayı: 5 Bahar – 2019, б. 15-29.
- Ira M. Lapidus, Islam Toplumları Tarihi. 1-ші том, 7-ші басылым. 2020, Стамбул.
- NAHİDE BOZKURT, “ME’MÛN”, TDV İslâm Ansiklopedisi, https://islamansiklopedisi.org.tr/memun
- Osman Aydınlı. Mutezile Ekolü Tarihi ve Öğretisi, Endulus yayınları, İstanbul, 2018.
- MAHMUT KAYA, “BEYTÜLHİKME”, TDV İslâm Ansiklopedisi, https://islamansiklopedisi.org.tr/beytulhikme
- METİN YURDAGÜR, “HAŞVİYYE”, TDV İslâm Ansiklopedisi, https://islamansiklopedisi.org.tr/hasviyye
- Osman Aydınlı. Akılcı Din Söylemi Farklı Yönleriyle Mu’tezile Ekolü.
[1] Михна – қудалау, тергеу, сұраққа алу кезеңі