Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақпарат бөлімі елордалық журналистерге арнап ауызашар дастарханын жайды.
ҚМДБ жанындағы Республикалық Бас мешітте өткен ауызашарда «Munara» газетінің бас редакторы, ақын Серікбол Хасан дін тақырыбында қалам тербеп жүрген әріптестеріне дастархан жаюдағы мақсат – Рамазанның құрметіне бір жерде бас қосып, қасиетті айдың қадірін сезіну әрі мүфтият пен журналистер қауымы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
– Біз қасиетті айдың соңғы онкүндігінде отырмыз. Сіз бен біз бір терінің пұшпағын илеп жүрген адамдармыз. Бағытымыз, тақырыбымыз, мақсатымыз бір. Сондықтан өздеріңізге дәм татырып, рухани басқосу өткізуді құп көрдік, – деді ол.
Айта кетсек, 12 сәуірде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы елордада зиялы қауым өкілдеріне, түрлі сала қызметкерлеріне, сондай-ақ қарттар және балалар үйіндегі жандарға арнайы ауызашар берді.