Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Маған зекет бер» – деген адамға былай жауап береді: «Ұлы Алла зекеттің берілетін орындары жайында пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін» [1].
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) атаған бұл сегіз тобы Құрандағы Тәубе сүресінің 60-аятында зікір етілген. Ислам ғалымдарының басым көпшілігі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеден қайтқан соң, кескін дәлелмен бекітілген шариғат үкімдерінің насх болмайтынын (үкімі жойылмайтынын) айтса, енді бір ғалымдардың бір тобы Құрандағы «Муәлләфәтул қулубқа» (мұсылман еместерді исламға тарту немесе дінге дұшпан болмаулары үшін көңілдерін аулау көзделген жандарға) зекеттің берілмеуі ижмәғ негізінде насх етілді, яғни, Омардың (р.ғ.) «Бүгін ислам діні күшейді, оларға (мұсылман еместерге) зекет беруге мұқтаждық қалмады» деген ижтиһады негізінде зекет берілетін сегіз топтың біріне зекет беру тоқтатылды дейді. Омардың (р.ғ.) бұл көзқарасы күні бүгінге дейін ислам ғұламалары тарапынан қолдау тауып келгендігі де айтылады.
Имам Матуриди, «Тәуилатул Құран» атты еңбегінде Омардың (р.ғ.) көзқарасына сүйене отырып, Құранда бір үкімнің «ижтиһад жолымен насх етілуі» деген атау береді. Ол, Құрандағы: «Зекет-садақалар тек қолы қысқа пақырларға, мұқтаждарға, зекет жинаушы қызметкерлерге, Исламға тарту немесе жоқ дегенде дінге дұшпан болмауы үшін көңілдерін аулау көзделген жандарға…» (Тәубе сүресі, 60-аят) деген аяттың түсіндірмесінде: «Бұл аят алдыңғы: «(Уа, Мұхаммед!) Араларыңнан бәзбіреулер садақадан түскен дүние-мүлікті үлестіру мәселесінде сенен бір нәрсе сұрайды. Егер оларға мал-пұлдан бір нәрсе берілсе, мәз болады. Ал оларға еш нәрсе берілмесе, бірден ашуланып шыға келеді» (Тәубе сүресі, 58-аят) деген мүнәфықтар жайлы аяттың жауабы тәрізді.
Сондай-ақ, зекеттен үлес алуға мұсылман пақырлар, мұқтаж-мискіндер, зекет жинаушы қызметкерлер, құлдықтан азат етілетіндер мен қарызға батқан жандар және муәллафәтул құлубтар жатады. Аятта аталған топтардың қайсы бір түріне зекет берілсе де дұрыс. Хұзайфа (р.ғ.): «Бұлардың (аятта айтылғандар) барлығы зекет алуға лайықты болғандар. Қайсы түріне берсеңіз, зекетіңізді өтеген боласыз», – дейді. Ғұламалар да зекетті аталмыш топтардың кез-келген бір түріне берумен мойындағы парыздың түсетінін айтады.
Алла елшісі (с.ғ.с.) өзге елдің (мүнәфықтың) басшыларына көңілдері жұмсарып исламды қабыл етер, ең болмағанда Исламға қарсы дұшпан болмай, жақсы көзқараста болар деген ниетпен оларға зекеттен бергендігі туралы риуаяттар бар. Бір риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.): «Пәленшеге жүз түйе, пәленшеге мынандай берді» делінсе, тағы бір риуаятта: «Яманнан келген топырағынан әлі тазартылмаған (Адим мақрузадағы) алтынды Әлиге (р.ғ.) жібереді. Ол алтынды Әлидің (р.ғ.) Ақрағ ибн Хабис және пәленше, пәленшеге бөліп беруін тапсырды (бұл мүшрік байлар болған С.О.)…» делінген.
Алайда, зекет алуға лайықты болған «Муәлләфәтул қулуб» тобына әуелгі уақытта хазреті Әбу Бәкір де беріп, кейін Омардің (р.ғ.) ұсынысын қабыл етіп, оларды зекеттен тыйып тастағаны жайлы риуаяттар келеді [2].
Омардың (р.ғ.) Құранда үкімі анық болған әрі оны Алла елшісі (с.ғ.с.) атқарған істі орындамауына келер болсақ, бұл аяттың үкімі белгілі бір қажеттілікке қатысты екенін көрсетеді. Оған Омардың (р.ғ.) мына оқиғасы дәлел. Бірде Ақра ибн Харис және Уяйна ибн Фулан Әбу Бәкірге (р.ғ.) келіп: «Уа, Алла елшісінің халифасы! Расында Сабиха жері егін егілмей, пайдаланусыз жатқан жер. Қаласаңыз бізге бер», – дейді. Әбу Бәкір (р.ғ.) ол екеуіне бір қағаз жазып беріп: «Омарға (р.ғ.) апарып көрсетіңдер», – дейді. Олар Омарға (р.ғ.) келіп жағдайды айтқан кезде Омар (р.ғ.) олардың қолындағы қағазды алып оқыған соң, жазуларды өшіріп тастайды. Олар Омарға (р.ғ.) жаман сөздер айта бастайды. Сол кезде Омар (р.ғ.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) сіздерді исламға келулеріңді және де дінге дұшпан болмауларыңды қалады. Ол кезде мұсылмандардың саны аз, ислам әлі аяққа тұра қоймаған болатын. Алла Тағала исламды ұлық етті. Барыңдар жұмыс істеп, тіршілік етіңдер» [3] деп қайтарып жібереді. Әрине, олар шалқыған мүшрік байлардың қатарындағы адамдар болатын.
Омардың (р.ғ.) бұл ісін де, сөзін де Әбу Бәкір (р.ғ.) теріс көрмеді. Бәлки, Оны құптады, қолдау көрсетті. Бізге дәлел ретінде бұл екі халифаның сөздері жеткілікті.
Хадисте зікір етілгендей, мұсылмандар аз болғандықтан Алла елшісі (с.ғ.с.) мүшрік қауым басшыларына зекеттен беріп көңілдерін аулауды керек деп ұқты. Ислам діні кең таралып, көркеюімен оларға зекеттен берудің бір қажеті қалмады. Аяттағы «Муәлләфәтул қулуб» сөзінде мұрат етілген мағынаның ортадан көтерілуі үкімнің «ижтиһад арқылы насхтың» дұрыс екендігіне дәлел болады» [4] – деген.
Имам әс-Сарахси: «Кейбір ғалымдарымыз, ижмәғ нас (Құран, сүннет) сияқты кескін дәлел саналғандықтан, онымен (Құранның бір үкімі) насх етілуін дұрыс деген. Ижмәғ мәшһур хабардан әлде қуатты. Сол себепті, ижмәғ негізінде насх етілудің болғанымен, көпшілік ғалымдарымыз ижмәғ негізінде бір үкімнің насх етілуін дұрыс санамайды. Сондай-ақ, ижмәғ – бір істе ауыз бірлікке келуді білдіреді. Әйткенмен, Алланың құзырындағы бір нәрсенің жақсы яки жаман екенін ақыл толық біле алмайды. Әрі Алла елшісі (с.ғ.с.) тірі болған уақыт, насхтың соңғы кезеңі екеніне де ижмәғ бар» [5], – дейді.
Омаяттардың халифасы болған Омар ибн Абдулазиздің (М. 717-720) «Муәлләфәтул қулубқа» зекеттен үлестерін бергендігі туралы риуаяттар бар. Алайда, фақиһ ғалымдардың көбі Омар (р.ғ.) шығарған үкіміне қарай пәтуа беруді жөн көреді. Тіпті, Ханафи мәзһабының фақиһы әл-Маусули бұл мәселе туралы сахабалардың ижмәсы барын айтады [6].
Талип Өздеш, имам Матуридидің аталмыш аят туралы көзқарасын түсіндіру барысында, аяттағы насх үкімі белгілі бір мәселеге тән болғандықтан жағдайға байланысты өзгереді. Ол үкім бүкілдей жойылып кетті дегенді білдірмейді.
Егер ислам діні үшін қайтадан бір қажеттілік туындар болса, аяттағы «Муәлләфәтул қулубқа» зекеттің берілу үкімі қайтадан іске аса береді десе, Юксел Мажид де, егер ижтиһад жолымен Құрандағы үкімдер жойыла беретін болса, онда Құрандағы үкімдер бірте-бірте өзгеріске ұшырап кетпей ме? деген сұрақ көптеген мұсылмандардың қабырғасын қайыстырады. Бұдан Құранның бүкіл үкімдері ижтиһад жолымен насх бола береді деген мағына шықпайды. Ғибадаттар сияқты сыры беймәлім болған үкімдер өзгермейді. Белгілі бір қажеттілікпен қатысты болған үкім, сол қажеттілік шешілуі себепті ижтиһад негізінде үкімі насх етіліп, мәтіні (аяттың сөзі) қала береді. Мұқтаждық болған жағдайда сол үкім қайтадан іске аса береді» [7] дейді.
Қорыта айтар болсақ, бұл мәселені зерттеген кейбір ғалымдар, аяттағы «Муәлләфәтул қулубқа» қатысты үкімнің насх етілуі белгілі бір себеппен қатысты болғанын, алғашқы халифалар кезеңіндегі Омардың (р.ғ.) атқарған үкімімен Умауйлердің халифасы болған Омар ибн Абдулазиздің «Муәлләфәтул қулубқа» зекеттен үлестеріп бергендігі туралы риуаяттарды да салыстыра отырып, Ислам үшін бір қажеттілік болған жағдайда «Муәлләфәтул қулубқа» зекеттен беру үкімнің қайтадан іске аса беретінін айтады.
[1] Әбу Дәәуд, Зекет, 24.
[2] Махмуд ибн Ахмад әл-Ғайни, Ғұмдәтүл қари шархү сахихел Бұхари, 18-том. 9-бет.
[3] Әбу Бәкір Ахмад ибн әл-Хусайын, Сунанул Кубра лил Байһақи, 7-том, 20-бет.
[4] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 6-том, 383-392 бет.
[5] Мұхаммед ибн Ахмад әс-Сарахси, Ұсулус Сарахси, 2-том, 66-бет.
[6] Махмуд бин Маудуд Әл-Маусули, әл-Ихтияр ли тәғлилил-Мұхтар, 1-том, 118-бет.
[7] Проф. Д. Талип Өздеш, Бүйік Түрік білгіні имам Матуриди ве Матуридилік, конференция, 22-24 май2012 Ыстанбул,. Матуридинин дін ве шериат анлайышы, 123-137 бб.