Мораль (латынша: «әдет-ғұрып») – адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін қағида; адамның мінез-құлқын реттеу қызметін атқаратын әлеуметтік құбылыс. Қысқасы, «мораль» деп адамгершілік, ізгілік қағидаларын айтамыз.
Моральдық ережелер мен талаптар қоғамның ғасырлар бойы қалыптасқан құндылық негіздерін құрайды және көпке ортақ, жалпылама сипатта болады. Рас, қоғамның рухани даму сатысына қарай мораль нормалары өзгеріп отырады. Алайда адамзат болмысына сай, киелі Кітаптарда баяндалған өзгермес құндылықтар мен моральдық ережелер де бар…
Заман желі мен ықпалды идеялардың әсерінен кейде қоғамда (мемлекетте) бір моральдық түсініктер басты орынға көтеріліп, соған сай құндылықтардың қалыптасуына жол ашады. Батыс әлеміндегі мысығына іш киім, итіне етек кигізген пуритандық пен қазіргі заманғы жыныстық «еркіндік» немесе байлықты «жау» көрген советтік (кеңестік) ұстаным мен қазіргі «дүние – дос» (дұрысы – дүниеқоңыздық) бәсекелестігі; кешегі өлімнен ұятты күшті көрген қазақ түсінігі мен бүгінгі «ұятмен» құбылысы – моральдық нормалардың құбылу траекториясына көрнекі мысал…
Моральды сақтау – қоғамдасып өмір сүрудің шарты. Бірақ әр ереженің өзіндің шегі мен өзгеріске түсетін кезі (у каждой закономерности бывают свои исключения) болатыны белгілі. Бұл өмірде абсолютты ереже жоққа тән, жағдайға қарай көбі құбылады. Қазақ ол жайлы «Ораза, намаз – тоқтықта» деген…
Кейде қоғамдық мораль мен жеке адамның (рухани дәрежесіне байланысты) немесе белгілі бір топтың (жамағаттың) моральдық ұстанымдарының арасында қайшылық туындап жатады. Бұл жерде құндылықтар қақтығысы жүзеге асады…
Қоғамдық моральдың ерекше әсер ететін тетігі – «ұят болады» түсінігі . Бірақ пышақтың екі жүзі болатындығы секілді, «ұят» ұғымының да екі қыры бар: кейде ол Арға, адамдық болмысқа сай алға жетелесе, кейде қоғамдық қысым (бұл «ұят» – Фрейдтің «суперэгосына» сай келеді) ретінде көрініс тауып, қыңыр тартады. Тойды арақсыз жасаудың, ескі телефон ұстаудың, келінмен «жарысып» босанудың, тойды үйде жасаудың, екінші әйел болып күйеуге шығудың, т.с.с. – «ұят болатындығы» – жалған ұяттың жарқын көріністері. Жалған ұяттың баламасы – «ел не дейді?» деген сөз. Атам қазақ мұндайда «Ел не демейді, есек не жемейді!» деген. Өйткені көбіне бұл «елдің сөзі» – талғамсыз тобырдың үні болып келеді. «Жақсының сөккені – жаманның сүйгені» деген сөзді де айтыпты аталарымыз…
Мораль мәселесінде шектен шыққандарды «моралист» деп, ылғи ақыл айтушыларды – «мораль оқушылар» дейміз. Бұл жердегі басты өлшем – шектен шығу. Асыл дініміз бұны еш құптамайды…
Моральшыл пенде – Нәпсісінің жетегіндегі адам. Яғни, өз нәпсісін (менмендік-өзімшілдігін) – Әлемнің орталығы деп сезінетін-ойлайтын, нәпсілік қырымен қарым-қатынас жасайтын адам: өзін өр, өзгені жер көреді; өзінікін жөн, өзгенікін көң көреді; өзінің басындағы отты емес, өзгенің басындағы шоқты көреді; сынауға емес, мінеуге дайын тұрады; өзін қолдағанды дос, қарсы келгенді жау көріп тұрады…
Моральшыл – діншілге ұқсас: сан түсті өмірге «ақ-қара» деген тұстан, бір қырынан ғана қарайды; ішкі мазмұн мен хикметке үңілудің орнына, сыртқы қалыптың («әріптің») қалтқысыз орындалуын – жақсылық (құлшылық) деп түсінеді; назары өзгеде: өз мінімен емес, өзгенің кірімен әуре… Діншіл сананы (діндарлықты айтып жатқан жоқпыз) емдеу жолы – дінді айыптаумен немесе жоққа шығарумен жүзеге аспайтыны сияқты, моральшыл сананы емдеудің жолы да –моральды жаман көрсету немесе жоққа шығару арқылы іске аспайды…
Мәселенің түп мәнін, құбылыстың құндылығын ашып көрсету, оқиғаны немесе затты Ақиқатқа сай түсіндіру (түп негізін-онтологиясын тарқату) – кез-келген құрғақ ақылдан артық. Түбін түсіну түсінікті кеңейтеді. Шынайы мораль (адамшылық) да осы жағдайда ортаға шықпақ. Өйткені әмбебап құндылықтардың қайнары болған нағыз мораль (адамшылық) – адами болмыспен һәм Ақиқатпен үндес. Тоқ етерін айтқанда: өзгермес мораль нормалары – Ұлы Жаратушы тарапынан түсіріледі, қасиетті Құранда түйінделген әрі рухымыздың ымбылы (ар үні) ретінде үн қатады…
Мораль нормаларының нақты жүзеге асуы – нақты жағдайға байланысты. Оқиға мен жағдайдың қиысуынан норма-талап туындайды. Жағдайға: адам (адамның күйі), мекен, заман, қоғам, табиғат секілді барлық дүние жатады, яғни осының барлығы ескеріледі. Ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Айша анамызға айтқан «Қағбаны, Ибрахим пайғамбар салғандай, қайта салдырар едім; «бірақ адамдар түсінбей қалады-ау» деп тартынамын» деген сөздері – ортамен санасу, қоғам моралін ескерудің жарқын мысалы! Сол сияқты әділдіктің өнегесі болған саңлақ сахаба, халифа Омардың (Ол кісіге Алла разы болсын!) қуаңшылық болып, экономикалық құлдырау орын алған, сол себепті ұрылар көбейген кезде, шариғаттың «қол кесу» үкімін уақытша тоқтатқанын еске алсақ – заңнан Адамның артық екенін, қатып қалған қағида жоқ екенін көреміз…
Қасиетті Құранды байыптап оқысаңыз, тіпті Алла Тағаланың Өзі кей үкімдері (араққа қатысты, құлдарға қатысты, т.б.) арқылы қоғам ахуалы мен адамдардың жәй-күйімен, яғни әлеуметтік моральмен санасуды үйретті емес пе?! Түзеудің жолы – бірте-бірте (эволюциялық жол) екенін ескертті емес пе? «Мұсылман болу – әсте-әсте, кәпір болу – бір пәсте» деген аталарымыз қандай данышпан!..
Зер салсаңыз, хақ дін Ислам моральдық ұғымдардың (кей құндылықтардың) салыстырмалы екенін ұқтырады. Мәселен: «өтірік айтпа» деген талап – «мына үш жағдайда: ерлі-зайыптылар арасын жарастыру, адамдарды татуластыру және соғыс жағдайында өтірік айтуға болады» деген «рұқсаттар» (исключение) арқылы жұмсарады, иіледі; «қатып қалмауды», кең ойлауды, жағдайға қарай шешім қабылдауды үйретеді. Қараңызшы: осы мысалда құндылықтар «қақтығысы» немесе құндылықтардың басымдық жүйесі көрініп тұр…
Қазақта (шығыста) «мораль» сөзінің орнына «адамшылық» ұғымы қолданылған. Яғни қоғамдағы ықпалдастық жалпыға ортақ адамшылық ұстындармен реттелген және өмірдегі ар-иман мен мейір-махаббаттың жан сүйсінтерлік үлгілері әрдайым насихатталып отырылған. Жағдайға қарай моральдық талаптардың түрленуге түсетінін жақсы түсінген бабаларымыз, көптің хақысына қатысты болмаса, жеке адамдардың пенделігіне көз жұма қараған – түсінуге тырысқан, үкімін Тәңіріне тапсырған. Алайда, кей-кейде ұяттан аттаса да, Ардан аттамаған!..
Қазақтың ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде некесіз туылған балаларды – «соғыс перзенттері» деп атағаны, «олардың әкесі – соғыс» дегені; Оралхан Бөкейдің елдің масайраған, тіпті есірген кездегі қылығын «бейбіт күнге еркелеу» деп кешірім-кеңдікпен бейнелеуі – моралистік мінеуден-қасаң қағидатшылдықтан жоғары көтеріле білген, адамшылықтың-шынайы моральдың шыңына шыққан халық екенімізді айғақтайды, меніңше!..
Ғалымдар: «Құдайға деген махаббатсыз, құдайы заңдармен жүру – шайтан тұзағы», – дейді. Бұл тұжырым құндылықтар жүйесінің реттілігі мен мораль қағидаттарын орындаудың жүлгесін нұсқайды. Яғни Заңнан (Моральдан) жоғары Махаббат бар! Осы арада мына тәмсілге назар салайық: «Бірде Иса пайғамбар (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) бір әйелді жұлқылай сүйреп келе жатқан ашулы топпен жолығып қалып, жөн сұрайды. Араларынан біреу бұл әйелдің зина үстінде ұсталғанын, шариғи заң талабы бойынша тасборан жасау үшін әкеле жатқандарын айтады. Сол кезде сәл үнсіз қалған Иса пайғамбар: «Дұрыс екен. Бірақ менің бір ұсынысым бар: кім – кінәсіз, сол бірінші тас лақтырсын», – депті. Жиналғандардың ішінен алғашқы болып тас атуға ешкімнің дәті бармаған екен…»
Шынайы мораль, нағыз адамшылық – қателіктен бұрын адамды байқайды (назарға алады); мәселеге сан қырынан қарап барып, бір-ақ үкім шығарады. Хақ дін Исламдағы «күнә мен күнәһарды бөліп қарау», «Қуанып тұрғанда уәде берме, ашуланып (шаршап) тұрғанда үкім шығарма» деген қағидалар осы ақиқаттан келіп шыққан…
Ортаға шыққан мораль талабы – береке мен бірлікке, кешірім мен табысуға, тәубе мен кеңдікке, түсінік пен туралыққа, ар мен адалдыққа бастаса, онда оның шынайы болғаны. Себебі: нағыз мораль: махаббат пен мейірімді басты орынға шығарады, жаңылған жанға түсіністікпен қарауға ұмтылады; кешірімге жол ашып, тәубеге мүмкіндік қалдырады; сүрінгенді демеп, еңкейгенді қайта тұрғызуға күш салады; күйіп жылайды, сүйіп сынайды…
Иә, иманның жемісі – көркем мінез мораль (адамшылық нормалары) арқылы қалыптасады, толығады. Дұрыс таным, терең түсінік шектен шығудан, моралист болудан сақтайды. Айыптау емес, ақтау; кінәлауға емес, түсінуге тырысу; жазғыру емес, жаны ашу; істің түп мәніне үңілу; кеңдік пен мейірім – дұрыс ақыл айтудың, нәзік насихаттың белгісі. Дұрыс мораль – жалпыға ортақ рухани құндылықтармен үндес, мәнмен мағыналас…
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ