Сұрақ: Моральдің қоғам өмірінде маңызы бар ма?
Жауап: Аристотельдің грек тіліндегі этика ұғымын латын тіліне аударған уақытта Цицерон «moralis» (моральді) терминін шығарады. Латынның «mos» сөзінен шыққан «moralis» гректің «этос» мағынасымен барабар. Цицерон моральдық философия туралы сөз тартқанда Аристотельдің этика деп түсіндірген білім саласын меңзеп отырды. Сөйтіп бұл екі сөз де (этика және мораль) екі түрлі аталғанымен бір ұғымды білдіріп, жаңа еуропалық тілдерге енеді.
Мораль – адамгершілікпен ықпал етудің педагогикалық түрі, оның көмегімен балалар әлеуметтік қатынастардың күрделі әлемін игеріп, рухани шыңдалады. Сонымен қатар мораль, қоғамдық өмірдің барлық саласында және күнделікті тұрмыс-тіршілікте адамның жүріс-тұрысын қадағалайды. Өйткені мораль дегеніміз – этика.
Ал этика, яғни әдептілік бізді отбасында, жұмыста, қызметте, қоғамдық өмірде, жеке қарым-қатынаста, достық пен ағайын-туыс арасында сияқты т.б. дүниелерді қамтиды. Себебі әдеп адамдар қатынасы арасындағы мінезді анықтап отыратын ұстанымдар мен нормалар жүйесі.
Мысалы, ас ішу әдептілігі, ұйықтау әдептілігі, қонаққа бару әдептілігі, киім кию, мәнерлеп сөйлеу, қызмет көрсету сияқты т.б. әдептілік нормалары толып жатыр. Осылайша мораль біздің жүріс-тұрысымызды, сөйлеу мәнерімізді, басқалармен қарым-қатынастың, қылықтар мен амалдарымыздың дұрыс орындалауын қадағалап отырады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ