Ағылшын журналисі Стэйси Дюлей (Stacey Dooley) BBC үшін дайындаған «Моданың лас құпиясы» (Fashion’s Dirty Secrets) атты деректі фильмінде «Арал теңізінің тартылуы және қоршаған ортаның ластануы – қарқынды дамып жатқан моданың кесірінен» дейді.
Арал теңізінің жағдайымен танысу үшін арнайы Қазақстанға келген Стэйси Дюлей мақта өндірісінің Арал теңізін қандай аянышты халге түсіргеніне куә болып, деректі фильм түсіріп қайтқан.
Оның есептеуінше, құны бар-жоғы 50-ақ фунт стерлинг тұратын бір ғана джинс үшін 15 мың 500 литр су жұмсалады екен. Бояу, жуу, тағы да басқа осы секілді істерге қолданылған сулардың қалдықтары да кері ағызылып, өзенді және жерасты суларын ластайды. «Мода индустриясының қоршаған ортаға тигізген зарары тым шектен шықты»,-дейді репортер.
Ол Арал теңізінің 1960-шы жылдары мақта өндірісі басталғанынан бері тартыла бастағанын тілге тиек етіп, міне, осы кезден бастап Арал теңізіне құятын сулар мақта фермаларына тартыла бастағанын айтады.
«Теңіз әбден тартылып бітуге таяды. 40 жылдың ішін өте қарқынды тартыла бастаған әлемдегі 4-ші үлкен көлдің шөлден айырмашылығы қалмады. Ал теңіздің түбінде қалған химиялық қалдықтар миллиондаған адамдардың денсаулығына зиянын тигізіп отыр. Қаншама адам осы химиялық заттардың себебінен уланып жатыр. Үстіміздегі киіміміздің қоршаған ортамызға осыншалықты зардап тигізіп жатқанын ойлаудың өзі қорқынышты. Бұдан былай бұл индустрияның жер шарымызға қандай қатер туғызып отырғанына көзім жетті»,-дейді Стэйси Дюлей.