Қазіргі таңда мұсылман ер-азаматтары имидж, мода қуамын деп әртүрлі шаш үлгісін жасауға не оны өсіруге бейім болып бара жатқандығын көреміз. KAZISLAM порталының тілшісі Ислам діні бұған қаншалықты рұқсат бергендігін білу мақсатында мамандар пікірін ортаға салды.
Жастар қауымы сән қууды жақсы көреді
«Алла елшісі (саллаллаху аләйһи уә сәлләм) шаштың бір бөлігін түгелдей сыпырып, бір бөлігін алмай (кекіл немесе тұлым күйінде) қалдыруға тыйым салды», – дейді исламтанушы Асқар Әкімханов.
Исламтанушының айтуынша, дінімізде әйел адамның ер адамға, ер адамның әйел адамға ұқсауы құп көрілмейді.
– Дініміз мейлі ер, мейлі әйел болсын, тіпті, жас баланың өзіне Алла жаратқан табиғи тұр-тұрпатынан ауытқуды кұп көрмейді. Бүгінгі таңда негізінен мұсылман емес елдерде, әсіресе, жастар қауымының сән қуу яки басқа да адам ұқпайтын себептермен өздерінің табиғи келбетінен жеріп бара жатқанына куә болудамыз. Мәселе мұнымен бітсе бір сәрі ғой. «Біреудің қаңсығы бізге таңсық болып» жастарымыздың арасында мода, имидж деген желеумен соларға еліктеп, көз алдымызда неше түрлі адам айтқысыз кейіпке еніп бара жатқандар да жоқ емес! Міне, сондықтан да жастарымызды төл мәденитіміз негізінде тәрбиелеп, өзге мәденитеттердің жақсысын ғана үйреніп, жаманынан жиренуге үйретуіміз керек, – дейді исламтанушы.
Хадистерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шаштарының құлағының жұмсақтарына, кейде құлағының жартысына дейін немесе иықтарына дейін келгендігіне қатысты мәліметтер келген. Имам Нәуәуи Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шашының ұзындығына қатысы келген хадистердегі мәліметтердің әртүрлі болуын, түрлі кезеңдерде түрлі пішімде қойғандығын көрсететіндігін айтады.
Теолог Алау Әділбаевтың пікірінше, Алла елшісінің (с.а.с.) шашының ұзындығының әртүрлі сипатталуы, белгілі бір қатып қалған шаш үлгісінің жоқ екенін көрсетеді.
– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) киім-кешек, жүріс-тұрыс, шаш пен сақал секілді мәселелерде мына екі нәрсеге мән бергендігі аңғарылады:
1. Тазалық
Шаш қандай ұзындықта болса да, таза әрі жинақы болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шаштарын жиі майлап тұратын. Шаштарды күтіп ұстауды бұйыратын (Тирмизи. Шәмәил 23, Нәсәи, Зиинәһ, 60, Әбу Дәуәд, Таражжул,3).
Бірде шашы алба-жұлба болып кеткен бір кісіні көрген кезінде: «Мына кісі шаштарына жағатын ешнәрсе таба алмаған ба?» – деп шаштың күтімсіз болғанын жақтырмаған-ды (Әбу Дәуд, Либас №4062).
2. Мұсылман еместерге ұқсамауға тырысу
Ибн Аббас былай дейді: «Кітап иелері шаштарын маңдайларына түсіретін, мүшіріктер екіге айыратын. Пайғамбарымыз уахи келмеген мәселелерде кітап иелерінің істегендеріне сай жасауды жақсы көретін. Сондықтан ол шаштарын маңдайына түсіріп қойды. Кейін екіге жарып, (оң және сол жағына қарай) тарады» (Бухари, Либас 70, Муслим, Фәдәил 90, Әбу Дәуд, Тәрәжжул 10).
Ғалымдарың айтуы бойынша, пайғамбарымыз уахи келмеген мәселелерде кітап иелері секілді жасауға тырысатын. Өйткені, олардың жасағандарының уахиға сүйену ықтималы жоғары еді.
Сондықтан алғаш кездері шаштарын кітап иелері секілді қоюға тырысатын. Уақыт өте келе олардың күпірліктерінен мүлдем бас тартпауларына орай, әр мәселеде олардың істегендеріне қарама-қайшы түрде әрекет ету ұстанымын негізге алған.
Әрі мүшіріктердің көбісі мұсылман болғандықтан шаштарын арабтар секілді ортасынан екіге айыруға көшкен. Нәуәуи «екіге айыруға да, маңдайға түсіруге де рұқсат» деген. Бұл жерде Пайғамбарымыздың ерекше жауапкершілік танытуы Хақ тағаланың қаламаған істерінен бойды аулақ салуға қатысты еді, – дейді теолог маман.
Өз жаратылысына сай болу
Cондай-ақ Алау Әділбаевтың айтуынша, Пайғамбарымыз әйелдердің еркектерге, еркектердің әйелдерге ұқсамай, өз жаратылыстарына сай болу керектігіне мән бергендігін айтады.
– Әйелдер үшін шашты өсіру сән болса, ер кісілер үшін шашты қысқа етіп ұстау жақсы. Әрине ,әйелдерге шаштарын қысқартуға рұқсат берілген. Алайда, ер кісілер секілді шашты тым қысқартпау қажет. Ал ер кісілерге шаштарын иықтарына дейін өсіруге рұқсат берген. Пайғамбарымыздың тән саулығы мен көркемдігі, тазалығына мән бергенін, шашты әртүрлі пішінде қою мәселесінде мұсылман баласының табиғатына сай тұрмыс кешуін, дінсіздерге ұқсамауды әмір етуінің астарында жаман әдеттер мен жағымсыз көріністерден бойды мейлінше аулақ салу мақсатын көздегенін көреміз. Сондықтан шаш қою мен күтімінде белгілі бір пішінге емес, осы мәселелерге басты назар аудару керек, – деп сөзін тәмамдады теолог.
Үндістанның Хайдерабад қаласында мұсылман еркектерге дүниежүзіне танымал сәнді шаш үлгісін жасатуға тыйым салатын үкім шығарылды. Бұл сәнді шаш үлгісі «британка» деп аталады, самай шаштары төбе шаштарына қарағанда анағұрлым азайтылып алынып жасалатын шаш қою үлгісі болып табылады.
Аталмыш үкімнің авторы – елдің танымал мұсылман дін маманы, шейх Мұхаммед Хисамуддин. Шейхтың айтуынша, мұндай сәнді шаш қою үлгілері батыстан келіп жеткен әрі «мұсылман жастарына жаман әсер етеді».
Бір айта кетерлігі, аталмыш үкім Үндістандағы көптеген мұсылман діни қайраткерлері тарапынан қолдау тапқан екен.
Қазақта «Біреу басқа, біреу шашқа құрмет көрсетеді» демекші, әрдайым төл мәдениетіміздің негізінде киім киіп, шаш қоюға бейім болуымыз қажет.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ