Күндердің күнінде арыздануды жақсы көретін бір кісі дана адамға келіп:
– Неге осы өмірдің барлық тұсы қиындықтан тұрады… деп басынан өткен күнделікті жаман оқиғаларды жайып сала берді. Мұны байсалдылықпен тыңдап болған дана кісі байсалдықпен:
– Айналаңа қарап, мына бөлмедегі қоңыр түсті барлық затты есіңде сақтап ал да көзіңді жұм, депті. Айтқанын бұлжытпай орындағаннан кейін көзін жұмады. Дана:
– Енді маған бөлмедегі барлық сары түсті атап бер,-дейді. Мұндай сұраққа тосылған әлгі адам:
– Сіз маған тек қоңыр түсті заттарды есте сақта, деп едіңіз. Мен сары түсті заттарға мән бермедім,-дейді. Сонда дана сөз алып:
– Көрдің бе, бұл өмір әртүрлі түстен (жағдайдан) тұрады. Егер тек бір ғана жаман жағын көңіліңе алып, басқа жақсылықтың барлығын ұмытар болсаң онда сүрген өміріңде шағымданудан басқа ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Сондықтан, адам бақытты өмір сүремін десе, өмірдегі барлық түсті ұштастыра білуі керек. Себебі, өмірді қалай көрсең солай ғұмыр кешесің,-деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы