Сұрақ: Өмір бойы үйленбей өтуге дініміз рұқсат бере ме?
Жауап: Алла Тағала Құранда ер адам мен әйелдің неке қиып, шаңырақ көтеруі турасында былай деген:
«Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан) әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззәті етіп, сүйіспеншілік, мейірім бергені де ұлылықтың белгісі» (Рұм: 21).
Келесі аятында: «Ей, адам баласы! Күмәнсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық…», – деп ер мен әйелдің бір бүтін жұп екенін айтады (Хужурат: 13).
Жоғарыдағы аяттардан көргендей дін Ислам адамды үйленуге, отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешуге шақырады. Сондықтан да исламды «бейбітшілік және мейірім» діні деп те атайды. Негізінде бұл сұраққа нақты жауапты пайғамбардың (с.ғ.с.) төмендегі хадисінен де көреміз. Ол кісі үйленудің және отбасын құрып, дұрыс өмір сүрудің үлгісін айтады:
«Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйіне үш сопы келеді. Олар пайғамбардың (с.ғ.с.) қалай құлшылық қылатыны жайында сұрайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасайтын құлшылығын естіген уақытта олар үшін бұл (қарапайым, әрі) аз болып көрінеді. Сондықтан олар:
– Ол, пайғамбар (с.ғ.с.). Біз ондай бола алмаймыз. Алла оның өткен және келешек күнәларын кешірген, – деп кері қайтады.
Кейін біреуі тұрып:
– Мен түні бойы уақытымды намазбен өткіземін, – деді.
Екіншісі:
– Мен ғұмыр бойы ораза ұстаймын, ауызымды ашпаймын, – деп айтты.
Үшіншісі:
– Ал мен ғұмыр бойы әйелге жақындамаймын, үйленбей өтемін, – дейді.
Мұнан соң бұл хабарды естіген Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұларға келіп:
– Пәленше және түгенше деп айтқан сендерсіңдер ме? Аллаға ант етемін! Расында мен Алладан сендерден артық қорқамын және сендерден артық тақуалық етемін бірақ, мен ораза ұстаймын және ауызымды ашамын. Намаз оқимын және демаламын, үйленемін. Ал енді кім менің жолымнан бас тартса, менен емес, – деді», – деген риуаятты Анас (р.а.) келтіріледі (Бұхари, Мүслим).
Демек, үйлену – сүннет. Бұл үрдіс сонау Адам атадан келе жатқан жол. Ұлы сахабалардың бірі Ибн Аббас (р.а.) үйленіп, шаңырақ көтеру турасында білім іздеп, өмірдегі өз орнын табуға ұмтылған жастарға: «Құдайшыл адамның тақуалығы үйленуімен кемелденеді», – деп өсиет қалдырған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қазақ: «Жалғыздық Аллаға жарасады» – деп жақсы айтқан.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Пайдалы ақпарат үшін көп рахмеет. Ойлап жүрген сұрағыма жауап таптым.