Кеше республика бойынша өткізілген «Үздік педагог-2023» байқауының қорытындысы белгілі болды.
Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 64 мұғалімі өз мамандығы бойынша үздік атанды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттады.
Министр атап өткендей, Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында мұғалім мәртебесі 2019 жылы заңнамалық деңгейде бекітілді. Заң аясында мұғалімдерге лайықты жалақы, үстемеақылар, заманауи жұмыс жағдайлары және кәсіби даму мүмкіндіктері қарастырылды.
Мұғалім – тек мамандық емес, жүректің таңдауы, жанның қалауы. Қай заманда болсын ағартушылар қоғамды ең құнды дүние – білімге жетелейтін көрнекті тұлғалар саналды. Меніңше, педагогтердің жанкешті еңбегінің мәні осы. Жыл сайын мұғалімдеріміз халықаралық аренада жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Кеше ғана жарияланған PISA-2022 жаһандық рейтингінің нәтижелері де тікелей ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Бүгін біз сіздердің ағартушылық қызметтеріңіздің маңыздылығын тағы бір рет атап өту үшін жиналдық. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен өз істеріңізге адалдықтарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деді Ғани Бейсембаев.
Республикалық байқау жеңімпаздары «Үздік педагог» куәлігін, «Үздік педагог» төсбелгісін және 3 450 000 теңге (1 000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы алды.
«Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап өткізіліп келе жатқанын еске сала кетейік. Осы күнге дейін 624 педагог үздік деп танылып, олардың әрқайсысына мемлекеттік қолдау ретінде 1 000 АЕК мөлшерінде сыйақы берілді. Биыл конкурсқа қатысу үшін барлығы 961 өтінім берілді. Конкурсты өткізу рәсімінің өзі автоматтандырылған және ашық түрде өтті. Республикалық конкурстық комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының өкілдері және т. б. кірді.