Бұл періштенің аты Құранда бір аятта ғана айтылған: «Кім Аллаһқа, періштелеріне, елшілеріне сондай-ақ Жәбірейіл, Микаилға, дұшпан болса, әлбетте Аллаһ кәпірлерге дұшпан».[1]
Бұл періштеге Әһли кітап иелерінің де сенгендігін көруге болады. Бірде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдина қаласына көшкен кезде Фәдак яһудилерінен Абдуллаһ ибн Сурия қасына бірнеше кісі ертіп келіп пайғамбарымыздан «Саған қай періште келеді?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Жәбірейіл» дегенде, «Егер де уаһиды Микаил періште әкелгенде, біз иман етер едік» деген күйі бұрылып кете барған. Олар Жәбірейілді, тек жамандық пен шайқас алып келуші деп, ал Микаилды молшылық пен берекет алып келуші періште деп сенетін еді.[2]
Алайда, Жәбірейіл де, Микаил де – Аллаһтың елшілері. Бұл періштелердің қай-қайсысы да Аллаһтың әмірін мүлтіксіз орындайды. Аллаһ тағала Микаил періштеге жаратылыстағы оқиғалардың, жер бетіндегі тіршілік иелерінің рызықтарын қадағалу міндетін жүктеген. Микаил періштенің көмекшілері де жоқ емес. Олар да Аллаһтың әмірін орындайды. Микаил періште жел мен бұлттарды да қадағалап, оларды қажетті жақтарға бағыттайды. Тіпті әрбір жаңбырдың тамшысы періштелердің қадағалауымен жауады.[3] Бұлардың барлығы Микаил періштенің қарамағындағы періштелер.
Микаил – Құранда аты аталған Аллаһ тағала мен хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең жақын төрт періштенің бірі. Тирмизидің риуаяты бойынша пайғамбарымыз: «Менің жер бетінде екі, көк жүзінде екі уәзірім бар. Жерде хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омар, ал көкте Жәбірейіл мен Микаил періштелер»,[4] – деген.
Табараниде бұл хадис: «Аллаһ мені төрт уәзірмен демеді. Бұлардың екеуі жерде, екеуі көкте»,[5] – деп өтеді.
Қалмахан Ержан,
Теология ғылымдарының докторы
[1] Бақара, 2/98
[2] Елмалылы, Тафсир, Бақара, 2/98; Ибн Кәсир, Тафсир, Бейрут, 1969, І/129; Ислам Энциклопедиясы, «Микаил» бабы.
[3] Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Ниһая, 1/41
[4] Тирмизи, Мәнақиб, 16
[5] Табарани, әл-Мужамул Кәбир, 11/179