Неміс жартылай қорғаушысы Месут Өзил журналистерге берген сұхбатында өзінің спорттық мансабының басынан бастап Құрансыз алаңға шықпайтынын айтты. “Мен мұсылманмын. Құран аяттарын оқимын. Сондай-ақ, мен өз дұғамда Алла тағаладан біздің командамыздың сәтті өнер көрсетуін, ешкімнің мертігіп қалмауын тілеймін”, – деді ол.
Өзил бүгінде “Фенербахче” клубының сапында ойнайды. Баспасөз мәслихатында хавбек өзін әрдайым “Фенербахченің” бір бөлігі деп санайтынын және бала кезінен осы клубта ойнауды армандағанын айтты. Футболшы түрік клубында 67 нөмірімен өнер көрсетеді.
Өзил бұдан былай Германия құрамасында өнер көрсетпейтінін мәлімдеді. Оның шешіміне залдағылар қол шапалақтап қолдау білдірді.
“Ұлттық құрамаға оралуға дайынмын ба? Мен тек алға жүремін және бұрынғы уақытқа қайтуды дұрыс деп есептемеймін. Сондықтан жоқ неміс құрамасына оралмаймын. Мен ұлттық командаға жақсылық тілеймін, бірақ мен ол жерде ешқашан ойнамаймын”, – деді Өзил.
Айта кетейік, ұлты түрік Месут Өзил Германия құрамасы сапында 2014 жылғы әлем чемпионы және 2010 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, сондай-ақ 2012 және 2016 жылдары Еуропа чемпионаттарының қола жүлдегері болды.
Жартылай қорғаушының Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен бірге түскен фотосуретінен кейін неміс жұртшылығы оны сынға алған болатын. Футболшы мұны “нәсілшілдік және әділетсіз көзқарас” деп санап, “Бундестимнен” кетті.