Бұрын мешіт десе, жамағат жиналып намаз оқитын орын, ал имам-молда десе, аста, жаназада жүретін дін адамы ойға келсе, қазір мешіт қызметі мен қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі, функциясы жаңа қырынан танылып келеді. Мешіт те, молда да өзгерген жоқ, тек олардың қызметін санаулы діни ритуалдармен шектеп тастаған сыртқы көзқарас өзгерді.
Бүгінгі таңда мешіттердің «өмірдің ішінде» екені ескеріліп, тек намаз оқитын жамағат қана емес, барлық қоғам өкілі, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін есігінен еніп, босағасын еркін аттайтын берекелі орын екеніне көптің көзі жетті. Бұған бір жағы бас қаламыз Астанадағы Республикалық бас мешіттің ашылуы едәуір әсер етті деуге болады. Осы мешіт ашылғанда қуанған да, таңданғандар да көп болды. Тіпті әлі күнге зәулім құлшылық ордасына күннің қай бөлігінде барсаңыз да топырлаған балаларды көресіз.
Бас мешіт ашылып, дүйім жұрттың назары ауған сәтте «мешіт салғанша мектеп салмай ма, аурухана салмай ма» деген пікірдегі адамдардың да аз емес екені байқалды. Сондағы уәждері – мешіт іші бес мезгіл намаз бен жұма намаз уақытынан басқа кезде бос тұрады-мыс. Сонда үздіксіз атқарылып жатқан қайырымдылық шаралары, неке қию, балаға ат қою, марқұмдарды еске алып, рухына Құран бағыштау, тіпті мәйітті жуып, жаназасын оқу, діни сауат ашу курсы және басқа да ілім-білімге қатысты игі істер, бұлардың бәрі қай уақытта орындалады деп ойлайды екен?
Адам дүниеге келген сәттен бастап, ол дүниеден өткенше бірге болатын әлемде екі орын бар болса, соның бірі осы – мешіт. Тіпті «байып кетсең не істер едің?» деген сұрақтың өзіне «Ата-анамды қажылыққа жіберер едім», «Мешіт салар едім» деген жауапты жиі естиміз. Яғни кез келген адам Құдайға жағатын игі істердің қатарында мешіт салуды жоғары санайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, елімізде қазіргі уақытта 2752 мешіт жұмыс істеп тұр. Оның 1-уі республикалық болса, 20-сы облыстық, аймақтық орталық мешіт, 418-і қалалық, 173-і аудандық, ал 2141-сі ауылдық мешіттер. ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаевтың айтуынша, барлық мешіт Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» Заңына сәйкес қызмет атқарады.
– Олардың барлығы да діни басқарманың филиалы саналады және төралқа мәжілісінің шешімі негізінде ашылып, жергілікті Әділет департаментінде тіркеуден өткен. Тек санаулы мешіт қана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына мүлік ретінде өтпеген. Қазіргі таңда сол мешіттерді Діни басқарма меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Марат Абдуллаұлы.
Сондай-ақ мешіттің салынуына мемлекеттен бюджет бөлінбейтінін, керісінше ел ішінен шыққан кәсіпкер, дәулетті кісілердің немесе жамағаттың жұмыла отырып қолдау жасауымен салынатынын баса айта кету керек. Ал сауапты іске ниеттенген адам мешіт салуды неден бастайды, Діни басқарма өкілінен сұрап көрдік.
– Алдымен мешіт салуға ниеттенген кісілер жергілікті әкімдік өкілдері мен тұрғындардың басын қосып, облыс немесе аудан имамының қатысуымен жоспар ұсынады. Сол жиынның хаттамасы толтырылып, жергілікті әкімдіктен мешіт құрылысы үшін жер телімі сұралады. Одан кейін белгіленген жерден мешіт бастау үшін облыс бас имамының ұсынысы мен кепілдік хат, сондай ақ, жергілікті әкімдіктің қолдау хаты негізінде Діни басқарманың рұқсатын алады. Содан кейін барып қана мешіт құрылысы жергілікті мемлекеттік мекемелердің келісімімен басталады, – дейді Марат Абдуллаұлы.
Сонымен қатар мешіт салуға қарсы пікірлерге қатысты ойын сұрағанымызда Діни басқарма өкілі:
– Зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқандықтан барлық пікірге құрметпен қараймыз. Әйтсе де мешіттің көптігі ешбір мемлекеттің дамуына кері әсер етпейді әрі қоғамға қауіп әкелмейді. «Азаны бар ел азбайды, бірлігі бар ел тозбайды» демекші, мешіт салудың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Мешіт – тек діни рәсім ғана емес, білім мен рухани тәрбиенің де ордасы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім де кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады» деп сүйінші хабар жеткізген болса, қауқары жетіп тұрған мұсылман баласы бұдан қалайша бас тартпақ? Әрине, мектептер де, ауруханалар мен балабақшалар да бізге артық етпейді. Алайда мешіт те сондай керектердің қатарында екенін ұмыпауға тиіспіз» деп жауап берді.
Расында мешіттердің көп не аз болуы мемлекеттің дамуына кері әсер етіп, қоғамның ілгерілеуіне қауіп төндірмесе керек. Әйтпесе бір қаласының өзінде мыңдаған мешіті бар Түркия дамымай жатыр деп кім айта алады? Бір жағы біздің елдегі мешіт санының күн санап көбейюін бәсекелестікке балау тағы қисынсыз. Өйткені мешіттердің басым көпшілігінің құрылысы жергілікті тұрғындардың жұмыла кірісіп, асар жасауымен жүзеге асып отыр.
Жоғарыдағы ресми мәліметке қарағанда мешіттердің 70 пайызы ауылдық жерлерде тұрғызылған. Әлі күнге мешітсіз ауылдар да жоқ емес, сондай-ақ аудан, қалалық жерлерде халық саны өскендіктен тағы да мешіт салуға деген сұраныс туып отыр. Дегенмен соңғы жылдары әлемдік пандемия мешіт салу ісіне де салқынын тигізген. Мәселен жыл сайын кемінде 80 мешіт пайдалануға берілсе, биыл күзге дейін елімізде 63 мешіт жамағатқа есік ашты.
Пайғамбарлар шұғылданған жақсы амал – мешіт салу мұсылмандар ғана емес жалпыхалықтық игі іске айналды десек артық айтпаспыз. Соңғы уақытта кәріс, орыс, неміс ұлтының өкілдері мешіт салып елдің игілігіне жұмыс істеп жатқанын естіп, көріп жүрміз. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде жетпіске жетер-жетпес мешіт болса, қазір олардың саны 2700-ден асты. Бірақ оның бәрі «мешіт емес, мектеп салу керек» деп ұлардай шулайтын ағайынның ойындағы зәулім мешіттер емес. Көбі ауылдық жерлерде орналасқан. Сайып келгенде мешіт – ғибадат үйі ғана емес, ол рухани әрі материалдық ескерткіш, қаланың көркіне көрік қосатын ғимарат. Мәселен ХІХ ғасырда салынған тарихи мешіттер бүгінде мемлекет қорғауында. Қасында күнде көріп жүрген соң білінбеуі мүмкін, алайда «Елу жылда – ел жаңа» демекші, бүгін көз алдымызда бой көтерген мешіт, ертеңгі тарихи нысан. Бүгін бала болып сол мешіттерден сауат ашып жатқан бала, ертең дана қарияға айналып, жамағатқа бата беріп отырары даусыз.
Тұрар ӘБУОВ