Ата-бабамыз 8 ғасырда исламды қабылдағалы бері діні мен дәстүрін берік ұстанып, мұсылмандық мәдениетін дамытып, күллі дүниеге орасан зор еңбегі сіңген дана ғұламаларын өсіріп шығарды. Ислам діні халқымыздың дүниетанымына айналып, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, мәдениеті мен өнеріне негіз болды. Дінін діңгегіне балаған қазақ даласында мұнарасы менмұндалаған көк күмбезді мешіттер де көбейді. Тіпті дінге қырғидай тиген кеңес заманының өзінде Қазақстанда 68 мешіт жұмыс істегенін біреу білсе, біреу білмейді.
Ал тәуелсіздік алған соң еліміз атеизмнің түндігін түріп, зайырлы қоғамға өтті де, дін ұстануға еркіндік берілген соң, тек мұсылмандық емес, өзге де сенімдердің құлшылық үйлерінің саны күрт арта бастады. Бұлар түрлі дін мен ұлт өкілдерінің басын біріктіретін, ынтымаққа шақыратын әрі өзара сыйластыққа баулитын имандылық ордаларына айналды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі күні елімізде 3617 діни ғимарат жұмыс істеп тұр. Оның 2700-ден астамы мешіттер болса, қалғаны – өзге діни бірлестіктердің ғибадатханалары.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, елімізде қазіргі уақытта 2725 мешіт бар. Оның 1-і республикалық, 20-сы облыстық, 394-і қалалық, 178-і аудандық, ал 2132-сі ауылдық мешіттер. ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаевтың айтуынша, бұлардың бәрі Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес қызмет атқарады.
Бұл сандардың бәрін жазып отырған себебіміз, еліміз еркіндік алғанының арқасында мұсылмандық құлшылық үйлерінің саны қаншалықты көбейгенін көрсету. Құдайға шүкір, мешіттен кенде емеспіз. Тіпті шалғай ауылдар мен кішігірім елді мекендердің өзінде құлшылық үйлері салынып жатыр. Мұның бәрі, біріншіден, қуанышты жағдай болса, екіншіден, еліміздегі зайырлылық саясатының арқасында орнаған дін ұстану еркіндігінің нақты көрінісі.
Дегенмен, біз бұл мақаламызда «мешіттерді бейберекетсіз салу бәсекелістікке айналып кеткен жоқ па?» деген өзекті мәселені көтергіміз келеді. Әрине, ислам дінінде адамдарды мешіт салуға ынталандырған, оның сауабы туралы көп айтылған хадистер бар. Бірақ бүгінде кейбір адамдар Аллаға жағудың жолын тек мешіт салудан іздейтіндей көрінеді. Елімізде басқа да жетіспей тұрған, қаражат құюды қажет ететін проблемалар бар. Мәселен, мектеп, балабақша, көпір, спорт нысандары, мүгедектерге арналған оңалту орталықтарын салу, т.б. қайырымдылық істері өте көп.
Әрине, бұлардың бәрі мемлекеттің мойнындағы шаруа екені рас. Алайда, сол жұмыстар толыққанды орындалмай жатқанын, оған халық мұқтаж болып отырғанын көріп тұрғандықтан қалтаңдағы артық қаражатыңды салып, қол ұшын созып, қоғамға пайдалы іс атқарып жатсаң, оның да сауабы мешіт салғаннан кем болмас деп ойлаймыз.
Жоғарыда айтылғандай, бүгінде көп ауылдарда мешіттер бой көтерді. Бұл өте қажет әрі дұрыс іс. Дегенмен, біздің ойымызша, кішігірім ауылдарға бір мешіт те жетеді. Кей жағдайда ауылдан шыққан иманды кәсіпкер бауырларымыз өз ауылында мешіт бола тұра екіншісін салып жатады. Мешіт көптік етпейді дегенімізбен, азғантай адам тұратын ауылға екінші мешітті салғанша неге сол жерге әлеуметтік нысандар тұрғызбасқа деген заңды сұрақ туындайды.
Ауылдарымызда қаншама талантты, дарынды балалар өсіп келе жатыр. Егер сол балалардың бойындағы Құдай берген қабілеттерін одан әрі дамытатын спорт нысандары, әртүрлі бағыттағы үйірмелер ашылып, ел ертеңі үшін қызмет етіп жатса, құба-құп болар еді деп ойлаймыз. Әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін, халқы жан-жаққа босып жатқан ауылдарымыз қаншама. Ауылын алтын бесігіне балайтын иманды қалталы азаматтар ең алдымен сол ауылды гүлдендіретін істерді атқаруға атсалысса, мұның өзі Құдайға жағатын қайырымды амал болар еді.
– Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 35 мешіт жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, тағы 6 мешіттің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Мұнайлы ауданының Дәулет, Батыр, Бесшоқы ауылдарында, Жаңаөзен қаласының Теңге ауылында 4 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар қаражаттың тапшылығынан бітпей тұр.
Біз мешіт салуға ынталы азаматтарға бір ауылға екі мешіт салғанша ақшаны осындай бітпей жатқан мешіттерге құюды ұсынамыз. Одан да басқа мешіті жоқ ауылдарға салсын. Немесе «үкімет жасайды» деп қарап отырмай, қоғамға пайдалы әлеуметтік нысандар салуға кеңес береміз. Үйсіз-күйсіз қанша отандастарымыз бар. Әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған отбасылардың баспаналы болуына көмектесіп, жағдайларына қарасып жатсақ керемет емес пе? Бұлардың бәрі де үлкен сауап әкелетін істер, – дейді Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы Діни бірлестіктермен байланыс және терроризмге қарсы насихатты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әсет Нұров.
Бүгінгі таңда қай елдің болмасын алға дамуы – жастарының ғылымы мен біліміне байланысты. Сол себепті де елімізде балаларымыздың шетелдегі үздік оқу орындарында білім алулары үшін «Болашақ» бағдарламасы ұйымдастырылып, жүздеген қазақ жастары оқып қайтты. «Болашақпен» білім алған отандастарымыздың біразы жауапты қызметтерге көтеріліп, ел игілігі үшін еңбек етіп жатыр. Дегенмен, орын саны шектеулі болғандықтан қабілетті жастың бәрі ол бағдарламаға іліге алмайды. Өз бетімен шетелде оқуға қолдары қысқа.
Міне, еліміздің қалталы азаматтары оқимын, білемін деген талапты жастарға қолдау білдіріп, олардың тіпті шетелде білім алуларына көмектесіп жатса, бұл да сауабы шексіз амал болмақ. Егер сіз сапалы білім алуына жағдай жасаған дарынды жас ертең ғылыми жаңалықтар ашып, Қазақстанның көркеюіне, технологиясы мен экономикасының дамуына ықпал етсе, сізден бақытты адам болмасы анық.
Қорыта айтқанда, әрине, мемлекет ешкімді мешіт салудан қайтармайды. Ол әркімнің өз қалауындағы ісі және оған толық құқылы. Дегенмен, біздің айтарымыз, ел ішінде сауапты істің қатары сансыз. Атымтай жомарт азаматтарымыз қайырымдылығын қоғамның жетіспей жатқан тұстарынан бастаса екен. Егер мешіті жоқ елді мекен болса, ол жерге Алланың үйін тұрғызып, оның сауабынан бөлек жергілікті тұрғындардың алғысын арқалаған қандай жақсы. Ал мешіті бар жерге екіншісін салғаннан гөрі басқа мұқтаж жақтарына көңіл аударып, халықтың кішкене болса да проблемасын шешуге атсалысып жатса, ол да Аллаға жағатын амал екені сөзсіз.
Дәуіт ЖАЙШЫЛЫҚОВ,
Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы
дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы
Оңалту бөлімінің маманы