Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанына қарамастан, оның қоғамда өз мәртебесіне сай қолданылу мәселесі әлі күнге өзекті болып тұр. Оның үстіне бүгінде бұрын тек қазақ тілінде уағыз-насихат айтып келген мешіттерде екі тілде уағыз айтылсын деген бастама көтеріліп жүр. Біреулер оны қолдаса, қоғамның көп бөлігі қарсы. Бұған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы не дейді?
Бірнеше жыл бұрын Дін істері және азаматтық қоғам министрі болған Нұрлан Ермекбаев «Қазақстандағы мешіттерде ресми уағыздардан кейін қосымша оның орыс тілінде түсініктемесі айтылуы қажет» деген ұсыныс айтқан болатын. Бірақ ұсыныс қоғам тарапынан сынға ұшырады.
Соңынан осы министрлікке қарайтын дін істері комитеті бұл мәселе бойынша түсінік беріп, тиісті шешімді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдайтынын білдірді.
Министрлік «исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар дін ұстанушы азаматтар мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтінін айтып, орыс тіліне аударма жасау керектігі туралы өтініш жасады» деп хабарлаған.
ҚМДБ екітілді уағыз жүйесінің толық іске қосылмағанын, бұл саясат негізінен орыстілді қалаларда енгізілетінін ескертеді. Кейбір қазақтілді тыңдаушыларға бұл таңсық көрінді.
Алматы тұрғыны Жасұлан Қуанышбеков қаладағы мешіттердің бірінде аптасына бір рет болатын орыс тіліндегі уағызға барып жүр. Оның айтуынша, мешітте орысша уағыздар бұрыннан айтыла бастаған.
– Сәрсенбі күні бір сағат орысша уағыз айтылады. Кейде адам аз келеді, кейде көп келеді, әрқалай. Мен үшін орысша айтқаны түсініктірек. Өз басым бұл бастаманы қолдаймын. Себебі өзге дін өкілдері уағыздарын орысша да, қазақша да жүргізе береді емес пе? Ал біз неге солай істемейміз? – дейді ол.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы орысша уағыз айтатын екі топтың жасақталғанын мәлімдеп, олардың аймақтарда уағыз айтуға кірісетінін хабарлаған еді.
ҚМДБ өкілдері мұндай қадамға баруына «өзге жат ағымдарға орыстілді қазақ жастарының көптеп тартылуы» және орыс тіліндегі уағыздарға «сұраныстың көбеюі» себеп болғанын мәлімдеген. ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде орыстілді уағызшылар тобы аймақтарды аралап, насихат жұмыстар жүргізуде.
Ал дінтанушы Досай Кенжетайдың айтуынша, «Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері уағыз қазақша оқылып келді. Енді оған орыс тілін қосатын болса, оны саяси қателік деп білемін», – дейді.
Дінтанушы Орталық Азия халықтары тұтынатын ханафи мәзһабында намазға ниет пен соңындағы мінәжат, салауат дұғасын ана тілінде айту қуатталғанын айтады.
Қазақтың тілін сақтау – Алла Тағаланың әміріне итағат қылу деген сөз. Алла Тағала қасиетті Құранда: «…Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді үлттар, рулар қылдық. Шынында Алла алдында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – дейді («Хұжрат» сүресі, 13-аят).
Иә, Алла Тағаланың өзі адамзатты рулар мен ұлттарға бөліп жаратыпты. Ал, сол ұлтты қалыптастыратын басты фактор тіл екенін білеміз. Олай болса, сол тілді сақтауға тырыспаудың өзі – Алла Тағаланың жаратылысын жоққа шығару емес пе?!
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ