Сұрақ: Мешітте намаз бен батаны жамағатпен орындау дұрыс па?
Жауап: Имам – араб сөздігінде көшбасшы, көсем, жетекші деген мағыналарды білдіреді. Имамдардың қызметтерінің бірі – халықты жақсылыққа шақыру. Халқымыз имамдарды құрмет тұтып, сыйластықпен қарайды. Жамағат пен имамның арасында сенім, құрмет болған жерде діннің өркендейтіні белгілі.
Дәстүрлі Ислам – жамағат діні. Ер кісілердің бес уақыт парыз намаздарды жамағатпен оқулары үлкен сауапты іс. Жамағатпен намаз оқу арқылы мұсылмандар бір-бірімен жылы қарым-қатынаста болады.
Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде: «Жамағатпен оқыған намаздың сауабы, жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық» деп жамағатпен берге орындалған амалдың сауабын еселеп көрсеткен. Көпшілікпен бірге болу бауырластықты нығайтып, қоғамның рухани дамуына оң әсерін тигізеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде: «Көпшілік адам адасушылықта бой алдырмайды. Жамағатпен бірге болыңдар. Алланың жамағатқа қамқорлығы болады», «Ақиқатында үмметім адасушылыққа бірікпейді. Егер де адасушылықты көрсеңдер, қалың-көпшілікпен бірге болыңдар» деген.
Кейбір азаматтардың имамдардың бойынан мін іздеп, оларға ұюға болмайды деген уәжі негізсіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Имамдар (намазда имамдық етеді) сендермен намаз оқиды. Егер олар дұрыс жасаса, онда сендерге де, оларға да сауап бар. Ал егер олар қате жасаса, онда сендерге сауап, ал оларға күнә болмақ» деген. Мұсылмандар бірлігін сақтау үшін насихатын тыңдап, намазда имамға ұю міндет. Адасқан топтар сияқты мешітте парыздан кейін намаздың уәжібі мен сүннетін үйде оқимыз деп бөлініп, көпшілікпен бата жасауға болмайды, «бидғат» деп адасып, Алланың мол сауабынан құр қалмайық.
Икрам АЙТАЕВ