Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ұлытау облысына барған сапарында Жезқазған қаласында мешіт салу бойынша меморандумға қол қойды. Қол қою рәсіміне «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев қатысты.
«Өздеріңіз білесіздер, қазір Жезқазған қаласында бір мешіт бар. Ол қала шетінде орналасқан. Қала ортасынан зәулім мешіт салу жергілікті жамағаттың көптен бері айтып келе жатқан өтініші болатын. Алла қаласа, енді халыққа қолайлы жерден зәулім мешіт салу ісіне «Қазақмыс корпорациясы» қамқорлық танытып отыр. Осы ретте корпорация басшылығына, мешіт салуға атсалысып отырған барша азаматқа айрықша алғыс білдіремін. Құлшылық үйін жоспарланған мерзімде аяқтап, ел игілігіне беруді нәсіп етсін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Екіжақты кездесуде Бас мүфти жаңа мешітті қазақы нақышта салуға айрықша назар аударды.
Айта кетсек, жаңа мешітте бір мезетте 2000 адам құлшылығын өтей алады. Құлшылық ордасында кітапхана, білім орталығы да болады.