Сұрақ: Мешіт құбыласы дұрыс болмаса, намазды қалай оқиды?
Жауап: Намазды құбыла тарапына қарап оқу – парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Қай жақтан шықсаң да /намазда/ жүзіңді «әл-Харам» мешітіне қарата бұр. Әрі қай жерде болсаңдар да /намазда тұрғанда/ жүздеріңді сол жаққа қаратыңдар» [1], – деген.
Қағбаны көріп тұрған адамға Қағбаның өзіне қарап намаз оқу міндет. Ал қашық елдерде тұратындар намазды құбыла тарапқа бет түзеп оқиды, құбылаға дәлме-дәл бет бұру шарт емес [2].
Әбу Һұрайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шығыс пен батыс аралығы – құбыла», – деген [3].
Сондықтан құбыла тарапқа бет алып намаз оқитын адам Қағбаның дәл өзінен 45º-қа дейін оң немесе сол жаққа ауытқыса да, намазы дұрыс саналады. Құбыланың қай жақта екенін біле тұра, 45º-тан артық оңға немесе солға бұрылған жағдайда парыз орындалмаған болады, намазын қайта оқиды [4].
Кейбір мешіттердің құбыласы Қағбадан 45º-қа дейін оң немесе сол жаққа ауытқуы намазға зиян етпейді. Бірақ Қағбаның қай тарапта екені анық белгілі болса, мешіт жамағаты арасында туындаған алауыздық пен наразылықты болдырмау үшін, намазды дәл құбылаға қарап оқыған – абзал.
Ең дұрысы Алла Тағалаға ғана мәлім!
Хасан АМАНҚҰЛОВ
[1] «Бақара» сүресі, 150-аят.
[2] «Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/120.
[3] Тирмизи мен Ибн Мажә риуаят еткен.
[4] «Хашияту Ибн Абидин», 1/461.