Алматы облысы Қарғалы ауылында орналасқан «Сәт» мешітінің имамы Сейтқали Ыбытаевқа «Алматы облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ардагер имамға бұл марапат Ата Заңымызды ұлықтау мерекесі қарсаңында Алматы облысының рухани даму саласында сіңірген ерекше еңбегі үшін облыс әкімінің ұсынысы бойынша облыстық мәслихаттың шешімімен табысталды.
Сейтқали Есімбекұлы – 1954 жылы 21 наурызда Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Облыс көлемінде ел бірлігі мен тыныштығы үшін қызмет атқарған. 8 бала тәрбиелеп өсірген үлгілі әке. 1993-1996 жылдары Шамалған ауылының имамы қызметін атқарды. 1996 жылдан бері «Сәт» мешітінің бас имамы. «Жамбыл ауданының құрметті азаматы», «Алтын қыран» медалінің иегері, каратэ-до шотаканнан қара белбеу иегері, «Адам құқығы мен бостандығын қорғаудағы еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Ардагер имам – 1980 жылдан бері Шамалған ауылының тұрғыны. Ауыл экономикасының өсуіне ерекше еңбек сіңірген, мәдениет пен рухани даму жолында жетістіктерге жетіп, абыройға ие халық адамы. 2021 жылы Қарасай аудандық мәслихат шешімі бойынша, ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нығаюына, сондай-ақ қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қарасай ауданының құрметті азаматы» атанған.