Сұрақ: Мешіт ауласында сауда жасауға шариғат қалай қарайды?
Жауап: Алла Тағала Құран-кәрімде: «Әй адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (Араф, 31) деп бұйырады. Бұл жерде Жаббар Хақ «зейнет» деп әдептілікті меңзеп отыр. Шынтуайтында, мешіт – Алла Тағалаға құлшылық ететін орын. Оның ең негізгі мақсаты – осы десек асыра айтқандық емес. Сонымен қатар, мешітті Құран оқитын, жаттайтын, уағыз-насихат тыңдайтын жер деп те айтуымызға болады.
Әсілі, мешітте дүниелік мәселелерді сөз қылу харам емес. Бірақ, сауда-саттық жасауға рұқсат жоқ. Өйткені, Алла Елшісі мешіт ішінде сауда-саттық жасауға тыйым салған (Тирмизи, Бүйу: 77). Жалпы, Тирмизи жеткізген аталмыш хадистің әлсіз (дағиф) болуына байланысты ғұламалар арасында мешітте сауда-саттық жасап-жасамауға қатысты әртүрлі көзқарастар бар. Әйткенмен, бұл хадистің дәрежесі әлсіз болғанымен, хадистанушылар хадисті «хасан» (бірнеше риуаят бар) деп бағалаған. Сол себепті де, тәжірибеге қарайтын болсақ, жалпы мұсылман әлемінде мешіт ішінде сауда-саттық жасалмайды. Десе де, базбір ғұламалар тарапынан мешіт ішінде тігіншілік пен етікшілік жасау харам емес, мәкруһ деген көзқарастар айтылған. Сондай-ақ, мешіт ішінде ақылы түрде Құран оқытуды да мәкруһ немесе мәкруһ емес деп қарастырған пәтуалар бар.
Ал, мешіттің ауласы дәл мешіттің өзі саналмағандықтан, шариғатта онда сауда-саттық жасауға рұқсат етілген. Әйтсе де, мұсылмандар кейде жаз мезгілінде (мешіт іші қапырық болуына қарай) немесе жұма күндері мешітке сыймағандықтан, мешіт ауласында да намаз оқиды. Сол себепті, сауда-саттықтың мешіт ауласындағы белгіленген орындарда (дүкен) болғаны дұрыс. Мешіт ауласында негізінен діни қажеттіліктерді өтейтін бұйымдардың сатылғанын құба-құп көреміз.
Мұхан ИСАХАН
Мешіттердегі діни дүкендердің болуы және барлық мешітте сондай дүкеннің болғаны дұрыс деп ойлаймын.
Соларды кім бақылайды екен? Бақылауда ұстаған жөн деп санаймын, мешіт ауласындағы дүкендерді, саудагерлерді.