Асыл дінімізде адам баласы – ардақты етіп жаратылған болмыс. Сондықтан, денсаулықты сақтау міндет болып табылады. Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Уа, Алланың құлдары, ауруларыңа ем іздеңдер! Өйткені, Алла тағала жаратқан ауру-сырқаудың барлығына емді де қоса жаратқан. Өлім мен қарттықтан басқа барлық дерттің дауасы бар» деген.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қай ауруларды қалай емдеу қажеттігіне байланысты көптеген кеңестері хадис кітаптарында жинақталып, «Тыб ән-нәбәуи», яғни Пайғамбар медицинасы деген атпен жарық көрген. Күллі ғаламға ұстаз әрі тәрбиеші ретінде жіберілген Алланың елшісі ауруды емдеуді ғана емес, оның алдын алу жолдарын да айтып кеткен. Жоғарыдағы хадис мұсылман ғалымдарын медицинамен айналысуға ұмтылдырып, тарихта аты әлемге танымал Ибн Сина, Зәхрәуи, ар-Рази секілді дәрігерлер шыққан. Қазіргі таңда медицинаның қарыштап дамуы нәтижесінде бұрын емі жоқ деп саналған көптеген аурулардың емделіп жатқандығы Пайғамбарымыздың сөздерінің ақиқаттығын тайға таңба басқандай дәлелдеп беруде.
Ал сұрақта айтылған мешел ауруының (рахит) түрі мен әртүрлі кезеңдерінде қалай емдеу қажеттігін қазіргі медицина бізге баяндауда. Бұдан бөлек, көптеген туа біткен аурулардың алдын алу мен емделу жолдары қазір анықталып, оң нәтижелер алынуда. Сондықтан, ол хадистің ақиқаттығына күмәнданудың ешқандай реті жоқ. Қайта ол бізге Жаратқанның адам баласына медицина ғылымын қай деңгейге дейін дамыту керек екенін көрсететін меже болуы қажет.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы