Елордада Республика күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының лауреаттары марапатталды, деп хабарлайды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Ұлттық конкурстың жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау шарасы «Қазақстан» орталық концерт залында өтті.
Жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды конкурсқа 2014 жылдан бері 20 мыңнан астам отбасы қатысты.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева салтанатты шараның ашылуы барысында байқау жеңімпаздарына Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді.
«Жыл сайын өткізілетін байқау шаңырағы шаттыққа бөленіп, берекелі бірлік пен татулыққа ұйыған өнегелі отбасыларды күллі елге танытты. Мұндай үлгілі әулеттер елімізде өте көп.
Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрлерін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету –біздің қанымызға сіңген қасиет.
Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыпатсуына отбасындағы ахуал айрықша ықпал етеді. Әке-шешесінің ата-әженің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағлым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады» – делінген Президент құттықтауында.
Биыл байқауға 2542 отбасы қатысты. Олардың жартысынан астамы (63,4%) – ауыл тұрғындары. Сондай-ақ 1166-сы көпбалалы, 501-і жас отбасы (ерлі-зайыптының екеуі де 29 жасқа толмаған) қатысты.
Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінің, спорт және шығармашылық жанұя өкілдерінен құралған 20 отбасы – өңір жеңімпаздары атанды.
Барлық отбасының әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестерінің, көрші-қолаңның құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбеккерлері.
Лауреат отбасылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.