Әмәуи халифаларының бірі Сүлеймен бин Әбдімәлік Меккеге бара жатқанда Мәдинаға соғып, сонда бірнеше күн қоныстанған болатын. Қасындағылардан:
– Мәдинада Алла Елшісінің сахабаларын көріп, олардан дәріс алған адам бар ма? – деп сұрады. Оған:
– Әбу Хазим деген кісі бар, – десті. Дереу оған адам жіберіп, құзырына шақырды. Сонан соң одан:
– Мен бұл жерге халифа ретінде келіп тұрғанымда, сен неге мені қарсы алмайсың, менен неге алыстайсың?! – деп сұрады.
Әбу Хазим:
– Ей, Мүминдердің әміршісі! Менің сізге қандай қатысым бар? – деді.
Халифа Сүлеймен:
– Мәдиналықтардың алдыңғы қатардағылары қасыма келіп тұрғанда, сен неге келмедің?! – деп тағы да сұрады.
Әбу Хазим:
– Ей, Мүминдердің әміршісі! Бүгінгі күнге дейін не сіз мені танымайсыз, не мен сізді көрмегенмін. Қалай менен мұндай құрметті күтесіз?! – деді.
Халифа Сүлеймен жанындағы Мұхаммед бин Шиһаб әз-Зүһриге қарап:
– Бұл қарт кісі дұрыс айтты, мен қателесіппін, – дген екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ