Сұрақ: Сәби күнінде тастап кетіп, еш қарамаған, бақпаған анасын бала құрметтеуге, оған жақсылық жасауға міндетті ме?
Жауап: Құранда Алла тағала айтады:
«Біз адам баласына ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік (бұйырдық). Алайда, олар Менен өзгенің шын құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Ақырында бәрің Маған қайтасыңдар. Сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды өздеріңе түгелдей айтып беремін (де артынан жауапқа тартып, жақсы-жаман барлық істеріңнің қарымын қайтарамын)» («Анкәбут» сүресі, 8-аят).
Сондай-ақ «Исра» сүресі, 23-аятта былай делінген:
«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті: «Түу», – деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!».
Яғни ата-ана баласын ислам дінінің бұйрықтарына қарсы (күнәлі істерге) үгіттесе ғана оларды тыңдамауға рұқсат етіледі. Оның тысында ата-анаға әрдайым құрмет көрсетіп, айтқандарын тыңдау керек. Тіпті, баланың өсіп-жетілуіне ата-ананың ешқандай еңбегі сіңбесе де, оларға мейіріммен қарап, жақсы қарым-қатынас жасауы қажет. Бұл бір жағынан Алла тағаланың ризашылығына жетелесе, екіншіден, жақсы қарым-қатынасты, құрметті көрген ата-ана өзінің қателігін түсініп, ол да жақсылыққа қарай бет бұруы мүмкін.
Бұған қатысты Құранда «Фуссилат» сүресі, 34-35-аяттарда былай деген:
«Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды. Сен жамандықтың қарымын (қолыңнан келген ең керемет) жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғанын көресің. Алайда, ондай кемелдікке (қиындықтарға мойымаған, нәпсі мен әзәзіл шайтанның уәсуәсіна қарсы тұру һәм Аллаға қалтқысыз мойынсұну мәселесінде) сабырлылық таныта білгендер ғана қол жеткізе алмақ. Сондай-ақ оған адами қасиеттер мен жақсылықтан нәсібі мол болған жандар ғана қол жеткізбек».
Яғни, ата-анамен қарым-қатынас та – бұл өмірдегі сынақтардың бірі. Сол сынақтан сүрінбей өту үшін әркім өзіне жүктелген жауапкершілікті дұрыс атқара білуі қажет. «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» демекші, жақсылығын көрмеген жандарға да жақсылық жасай білу – адамдықтың, көркем мұсалманшылықтың белгісі.
Алау ӘДІЛБАЕВ