– Көп адам «бізге мешіттен бұрын зауыт-фабрика, білім-ғылым керек» дейді. Сол дұрыс па?
– Өкінішке қарай, біздің көп қазақ білім мен ғылымның керек екенін мешіт ашылғанда ғана есіне алатын болып жүр.
– Сондай адамдардың қарасы неге қалың?
– Мен біразының парақшаларын шолып өттім. «Бізге технология керек» деп шыққан адамның бәрі соңғы уақытта білім мен ғылымды жоқтап бірде-бір пост салмапты. Мешіт ашылғанда ғана қалай естеріне түскенін қайдам…
– Кейбір ағаларымыз «дін бізді артта қалдырады, екінші Ауғанстан боламыз» деп жүр. Неге?
– Дін мен ғылымды бір-біріне қарама-қарсы қою, ғылымның дамымағанын діннен көру – жұмсартып айтқанда ағаттық, қаттырақ айтсақ ақымақтық. Жетпіс жыл дінсіз, мешітсіз елде өмір сүргенде дамысақ қайда қалдық?
– Бірақ, дін жүрген жердің бәрінде соғыс, бүлік те, ал басқа елдер дінсіз-ақ дамып кетіп жатыр ғой?
– Сіз әлемде ең шіркеуі көп ел қай мемлекет екенін білесіз бе?
– Жоқ.
– Ол – Америка. Бір АҚШ-тың өзінде 400 мыңдай шіркеу бар. Егер сол «дін – қараңғылық» дейтіндердің логикасына салсақ, АҚШ әлемдегі ең артта қалған ел болуы тиіс еді. Бірақ, ол бәрінен озып кетті!
– Америкада мешіт емес, шіркеу ғой?
– Сонда сіз шіркеуді мешіттен артық көріп тұрсыз ба?
– Жоқ.
– Ал мешіт саны жағынан 1-орында қай ел екенін білесіз бе?
– Жоқ.
– Түркия! Бұл елде 78 мың мешіт бар. Ал экономикасы, нақтырақ айтқанда ІЖӨ бойынша Түркия әлемде 13-ші, ислам елдері арасында 1-орын алады!
– Бірақ Қазақстан секілді халқы аз елге көп мешіт неге керек?
– Біздің елде 2500-дей мешіт бар. «Мешіт көп» деп күңіренетіндерге айтайын, сол 2500 мешіттің әрі кетсе 50-60-ы ғана «Әзірет Сұлтан», «әл-Фараби» секілді үлкен мешіттер. Қалған 99 пайызы жер үйдің көлеміндей жұпыны ғибадатханалар. Көбі тіпті одан да кіші. Сенбесеңіз, ауылдық жерді аралап көріңіз.
– Сонда мұның бәрі ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайы мешіт санына ешқандай қатысы жоқ дегенді білдіре ме?
– Әрине, біз Астанада 10 мешіт ашылғанын көп көріп жатырмыз. Егер сол 10 мешітті қайтадан жапсақ, білім-ғылымымыз өркендеп кете ме? Немесе халықтың әлеуметтік жағдайы түзеліп кетер ме еді?
– Жоқ, одан ештеңе де өзгермейді…
– Ендеше мешітке тіреліп тұрған ештеңе жоқ.
– Сонда бұл мешіттердің елге қандай пайдасы бар?
– Мешіт те кітапхана, стадион, концерт залы, кинотеатр секілді қоғамдық орындардың бірі. Адамның бір қажетін қамтамасыз етіп тұр.
Сіз футболды ұнатпасаңыз, ол «Астана-арена» салынбауы керек деген сөз емес. Сіз хоккей ойнамасаңыз, «Барыс-арена» болмауы керек дегенді білдірмесе керек. Күрестен мақұрым болсаңыз, «Жекпе-жек сарайы» салынбасын деген ой тумауы тиіс. Сіз кино көрмейді екен деп кинотеатрлар жабылмайды. Сіз кітаптың бетін ашпайды екен деп кітапханаларды жаба алмаймыз. Сіз бармасаңыз, басқалар барып, спортпен шұғылданып, кино көріп, бос уақытын тиімді өткізіп жүр.
Дәл сол секілді біреу мешітті жек көреді екен деп Алланың үйінен бас тарта алмаймыз. Қазақта ықылым заманнан мешіттер болған және бола береді. Ол бармаса, басқалар барып, құлшылығын қылып жатыр.
Енді өзіңізге сұрақ: біз неге мешіт ашылса, шулаймыз да, түнгі клуб ашылса шуламаймыз?
– Түнгі клубтар мемлекетке салық төлеп жатыр, адамдарды жұмысқа алып, жалақы беріп жатыр ғой.
– Сонда мешітті масыл қылып көрсеткіңіз келе ме? Ыстамбұлдағы Айя-Софияға жылына қанша турист келетінін білесіз бе?
– Жоқ.
– Жылына 3 миллион турист арнайы соны көруге келеді! Әр турист 500 доллардан қалдырды дегеннің өзінде барлығы Түркия экономикасына 1,5 миллиард доллар қаражат құйып кетіп жатыр!
– Ендеше «мешіт неге керек?» деп шулағандардікі бос сөз болғаны ма?
– Әлбетте! Ертең солардың өзі парақшаларына жаңа мешітте жымиып түскен суреттерін жариялайды. Қара да тұр…
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ