Әбден қартайған, күш қайраты қалмаған бір қария мешітке намаз оқу үшін келе жатып, жол бойы екі рет құлап қалады. Сонда да қайтпай, Алланың разылығын алу үшін мешітке қарай жүріп келеді. Бір кезде, қайдан сап ете қалғаны белгісіз бір бала кеп, қолтығынан демеп:
– Мен сізге көмектесейін, – деп жетектей жөнеледі.
Қарияның жүрісі өніп, жетектеп келе жатқан балаға,
– Рахмет, шырағым! Өркенің өссін, Алла сауаптан жазсын! Өзің кімнің баласысың?! – деп мейірлене әңгімеге тартады. Сонда жетектеп келе жатқан,
– Мен шайтанмын, – дейді.
Қария шошып кетіп, таң қалып:
– Онда, неге маған көмектесіп келе жатырсың, – дейді.
– Сенің Аллаға жан жүрегіңмен беріліп, осынша ауыр хәлде болсаң да мешітке барсам деген ниетің үшін Алла саған жәннат сыйламақ. Сен жолда екі рет оңбай құладың. Енді сүрінсең – өліп кетуің мүмкін еді. Өлсең – жәннатқа кетесің. Сондықтан мен сенің бұл күйіңде өлуіңе қарсымын. Жер басып, жүре тұрғаның жақсы. Әйтеуір бір қате қадам жасап, күнәлермен былғансаң – тозаққа лайық болып қаласың. Сол үшін мен соңғы демің шыққанша азғыру жолында бұрынғыдан да қатты жұмыс жасауым керек. Абайла! Құлап қалма! – деп шайтандық айласымен кете барыпты.
Расымен, шайтанның айласы қашан да дайын. Онан үлкен де, жас та абай болғаны жөн.
Әңгіменің астарына терең үңілген жан көп нәрсенің сырын түсінеді. Түсініп қана қоймай одан сабақ алары сөзсіз. Шын мәнінде шайтанның адамзатқа қарсы қолданатын айласы әлсіз. Алла Тағала былай дейді: «Шындығында шайтанның айласы әлсіз» (Ниса, 76).
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ