Он сегіз мың әлемнің тілін білген Хазіреті Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар қанаты қырылған бір құсты көріп,
– Саған жәбір көрсеткен кім? – депті. Сонда құс;
– Ақсақалды бір кісі, – депті. Хазіреті Сүлеймен (ғ.с.),
– Онда ол ақсақалдың саған жәбір қылған саусақтарын кесеміз, деп үкім айтыпты. Әлгі құс,
– Жо-жоқ, ол кісінің саусақтарын емес сақалын кесу керек, деп жалбарыныпты. Сүлеймен пайғамбарда себебін сұрағанда, әлгі құс,
– Мен оның аппақ сақалына сеніп қалған едім, бұдан былай басқа құстар да сақалына алданып қалмасын, деген екен.
Демек, шариғатымыз өмірде адам баласы түгілі хайуанаттарды да алдауға болмайтынын ескертеді. Алдау да өтіріктің бір түрі. Ал өтірік айту ауыр күні. Имам Ахмад ибн Ханбал Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген хадисте: «Кімде кім сәби балаға «мынаны ал деп» шақырып алып, оған ештеме бермесе, ол адам өтірікші болады» дейді.
Имам Әбу Дауд риуаят еткен хадис шәріпте Әбдулла ибн Әмір (р.а.) былай дейді: «Мен кішкентай бала болатынмын. Анам: «Әй, Әбдулла бері кел бір нәрсе беремін» деп шақырды. Пайғамбарымыз анама: «не берейін деген едің?» деп сұрады. Анам: «құрма берем» деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер шақырып алып ешнәрсе бермесең, саған бір күнә жазылатын еді» деді.
Дайындаған Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ